Балаларға бүгінгі жарқын өмір талабына сай, болшағына үміт арта жарасты да лайықты есім қою – мүдделі де маңызды мәселе. Ата-ана дүниеге келген перзентіне мағынасы айқын, әдемі де айшықты, сұлу есімді беруді қалайды. Жарасымды есім беруге сонымен қатар, туған-туыс, жора-жолдастары да мүдделі.
Ат қойыстың өзінде де бүкіл бір халықтың психологиясы, таным-түсінігі, ой-арманы айқын көрініп тұрады. Кім баласын жаман болсын дейді.
Ата-ана армандап, үміт арта азан шақырып қойған аттардың, фамилиялардың көбі жазуда мағынасын жойып, қиналысқа ұшырап отыр. Белгілі бір ниетпен қойған адам есімдері, аты-жөндері мемлекеттік тілге қолдау көрсетіліп отырғанның өзінде қате, бұрмаланып жазылып жүргені қынжылтады.
Ұзақ жылдар жоғары оқу орындарында қызмет істедім. Талай жорналдар, студенттердің тізімдері қолымнан өтті. Студенттердің неше түрлі аты-жөндерін оқыдым. Бұрмаланып, қате жазылған аттар толғандырып келеді.
Құдайға шүкір, іс қағаздарын қазақша жүргізу көптен қолға алынып жатыр. Бастауыш сыныптардан бастап мектептерде қазақ тілі оқытылып жатыр. Орыс тілдердің барлығы қазақ тілі лексика-грамматикасынан хабардар. Қазақ тіліне тән бар жоғы тоғыз әріпті бәрі білетіндей болды. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына көп жыл болса да әлі аты-жөнімізді дұрыс жазбай, дұрыс айтпай келеміз. Неге біз аты-жөніміздің мән-мағынасына, шығу төркініне көңіл аудармаймыз. Кейде мен «Мұхтар» деген есімді көрсем «Ко мне Мухтар» фильмі ойыма түседі. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов пен тілім деп еңіреп жүрген атақты ақынымыз Мұхтар Шахановтың аты-жөндері неге Мухтар Ауезов немесе Мухтар Шаханов болу керек? Сонымен қатар, теледидардағы кейбір дикторлардың сөздеріне көңіл аударыңыздаршы. Адамдардың аты-жөндерін дұрыс айтпайды, немесе, екпінді дұрыс қоймайды. Мысалы, Олжас Сүлейменов – Алжас Сулейменов, «Отан» партиясы – «Атан» партиясы, «Нұр Отан» партиясы – «Нур Атан» партиясы, Елбасымыздың Нұрсұлтан аты Нурсултан, Қасымжомарт Тоқаев – Касымжомарт Такаев болып, сол сияқты дұрыс жазылмай, дұрыс айтылмай жүрген есімдер толып жатыр. Лауазымды тұлғалар да аты-жөндерінің бұрмаланып айтылып жүргеніне көңіл аудармай-ақ отыра бере ме? Прибалтика елдерінде аты-жөнінен бір әріп қате кетсе, соттасуға дейін барады екен.
Баяғыда, Кеңес өкіметі кезінде, әкесі баласына Тілекқабыл деп ат қойған екен, соны төлқұжатқа өзінің тіліне ыңғайлап «Телекабель» деп жазып беріпті. Рас, Кеңес өкіметі тұсында сорақылана бұрмаланған аттар көп болды, әлі де содан арыла алмай жатырмыз.
Есіме бір анекдот түсіп отыр:
Бір қазақ шал көшеде келе жатып Жамбыл Жабаевтың ескерткішін көріпті. Қасына келіп, астындағы жазуын оқыса «Джамбул Джабаев» деп тұр екен, – Ойпырмай, бұл біздің қазақтың «Жамбыл Жабаев» деген шалы еді, мұның алдына неге «Д» қойып «Джамбул Джабаев» деген деп, таң қалады. Осы кезде бір орыс кісі өтіп бара жатса керек. Содан әлгіні сұрапты. Сонда орыс кісі:
– Ата, түсінесіз бе? Біз орыстар «Ж» әрпінің алдына «Д» қойып жазамыз, – депті.
– Әй, сен не айтып тұрсың?! Сендердің Ивандарыңның алдына «Д» қойып «Диван» десе жақсы көресіңдер ме! – деген екен шал күйіп кетіп.
Қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына сүйеніп, Степан деген атты «Ыстыпан», «Істепан», Олег деген атты «Әлек» деп жазып берсеңіз, ол есім иесі ашуланар еді. Онысы өте орынды. Ал өкінішке орай, біздің көнбіс қазекең аты-жөніміздің қате жазылғанына мән бермей жүре береміз.
Сабақ кезінде студенттерге аты-жөндерінің тура мағынасын айтып, дұрыс жазылуын көрсеткенімде бірі: «Апай, уже куәлігімізде «Абдухаликов» десе, екіншісі – «Умиралиев» болып, тізімге куәліктегі бұрмаланған аты-жөндерін жазғызатын. Қазіргі кездің өзінде исі қазақ дегеннің көбі қате жазылып, бұрмаланған аты-жөнімен жүр.
Тіліміз, аты-жөніміз қашанғы жартыкеш болады? Жартыкеш тілді ешкім қадірлемейді. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген М.Әуезов. Ендеше аты-жөнімізді түзейік! Кеңес өкіметі кезінен келе жатқан «қазақша аты», «орысша аты» деген болмау керек. Адамның аты – біреу-ақ. Ол – азан шақырып, армандап қойған атың. Ол атың мән-мағынасы толық күйінде қазақ тілінде жазылуы керек.
Ақжарқын РАХЫМБЕКОВА.
Алматы.
Ажалды тышқан мен «арамза қақпан»
Жортуылдап, жорғалап,
Келе жатты аш тышқан.
Қайдан білсін сормаңдай,
Бар екенін қас дұшпан.
Емін-еркін тойына,
Тамақ жеу болды арманы.
Еш күдік жоқ ойында,
Сапарын әрі жалғады.
Жол-жөнекей байқұстың
Басына бір «бақ қонды».
Қараңғы қалтарыстан,
Молшылыққа тап болды.
Ұжымақ төрі – керемет!
Арпа, бидай, тары бар.
Қу жанына не керек,
Бәрі осыннан табылар.
Еш қауіп жоқ ойында,
Арандай аузын аңқитып,
Өле жеді тойына,
Мешкей қарнын қампитып.
Арпа-бидай қаптағы,
Обырлана асады,
Тарғыл мысық тап болып,
Тышқан тұра қашады.
Қорқып тарғыл мысықтан,
Тышқан сасып, қашқанда,
Құдай атып, оқыстан
Түсіп қалды қақпанға...
* * *
«Қара ешкіге – жан қайғы,
Қасапшыға – мал қайғы».
Кей жемқордың тірлігі –
Тышқандардан аумайды.
Нұртан ТӨЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ.
Алматы.
Пенсия
Қақырынып-түкірініп үйіне кірген Темешбай басқан жерін солқылдатып, ана бөлмеден мына бөлмеге кіріп-шығып жүрген сүйегі ауыр кемпіріне көзін тоқтатты.
– Әй, не болып қалды?
– Аузыма тыным жоқ, өзім де бір қасқамын ғой. Саған ашу үстінде айтқан кешегі сөзім есіме түсіп...
– Қай сөзің?
– «Осы саған-ақ құдайдың өлімі келмейді екен», «осы сен-ақ қата қалмайды екенсің» дегенімді айтам.
– Керек болдым ғой?
– Қата қалсаң, пенсияң тоқтап қалады екен ғой. Қата қалсаң, ай сайын жүгіріп өзі келіп тұрған ақшаны бізге кім береді?
Айырбас
... – Сонымен жаңағы әңгіменің аяғы немен тынды?
– Гәуіпбай Дәуіпбайдың әйелін алды. Дәуіпбай Гәуіпбайдың әйелін алды.
– Айырбас?
– Махаббат адам баласын қайда сүйремейді. Кешелі бері тағы бір әңгіме шығып жүр.
– І-і?
– Гәуіпбайдың өз әйелі өзіне, Дәуіпбайдың өз әйелі өзіне ыржаңдап қайтып барыпты.
Үмбетбай УАЙДИН.
Алматы.
Депутаттың ариясы
(Бәкір Тәжібаевтың “Ақбұлақ” әнінің ізімен)
Күндіз-түні бір тынбай,
Мәселе шешкен нақтылап.
Құмар едім өзіңе,
Келдім, міне, шапқылап.
Сынап тастап билікті,
Кейде ерлеп қаласың.
Ештеңеге килікпей,
Кейде “терлеп” қаласың.
Сенің келіп алдыңа,
Халық талай сын айтқан.
Билік келіп алдыңа
Сені талай мұңайтқан.
Айналайын, Парламент,
Бәз біреуге арман ең.
“Үндемеген жөн-ау”, – деп,
Дау-жанжалға бармап ең.
* * *
Жер сатылып жатқанда,
Жақ ашпаған Парламент.
Тілі үшін қайғырып,
Таласпаған Парламент.
Сен болмасаң маңдайым
Ашылмайды, Парламент.
Саған деген құмарым
Басылмайды, Парламент.
Үміт ЗҰЛХАРОВА.
Алматы.
Құрдасының қарқыны
Өтеген Жаппарханның бір құрдасы жастау көрінгісі келіп, жасын кішірейтіп айтатын көрінеді. Сол кісіге мынандай әзіл арналыпты:
– Танимын құрдасымды шақырымнан,
Қағынған біздің Төкең тақымынан.
Кісінеп, кәрі айғырдай байтал көрсе,
Табанда айырылады ақылынан.
Жыл сайын өзгертеді туған жылын,
Бұл күнде бес жас кіші қатынынан...
Аллауакбар
Журналист Оңалбай Садықов теміржолшылар өмірінен материал дайындайды. Мақаланы редакцияға күні ертең өткізуі керек. Қырсық шалғанда мекеме басшысының аты-жөнін қойын дәптеріне түрте салмапты, өзінің есіне түсер емес. Пойыз Түркістан қаласына кідіргенде, сасқан журналист вокзалда отырған балгер кемпірге бал ашқызады. Құмалағын шашып жіберіп, қайта жинаған ол: – Жоғалтқаның алдыңнан шығады, аллауакбар! – дейді. Сол кезде қуанып кеткен Оңқаң:
– Иә, енді есіме түсті, бастықтың аты Акбар еді, – деп тағы да бір сомын ұсына беріпті.
Аю бағу
Бірде соңғы кезде шаруасы шатқаяқтап жүрген “Маралды” кеңшарының кеңсесінде жиналыс өтіп жатады. Кеңшар директоры жақында марал сатып алатындарын, сөйтіп ендігі үмітті осы саладан күтіп отырғандарын айта келіп, оның тиімді жақтарын әжептәуір әңгіме етіпті. Сөзін аяқтаған соң ол: “Кімде қандай ұсыныс бар?” деген сауал тастайды. Сонда Уәли орнынан тұрып:
– Басеке, – деген екен, – осы сендер неге аю асырамайсыңдар? Аю баққан рақат емес пе, жаздай өз бетінше жайылады да суық түсе ұйықтап қалады...
Сұрақ – жауап
– Егер сіз жаныңызға қойған қалпағыңызға біреу отырып алса, оған не айтар едіңіз?
– «Көрмес түйені де көрмес, малғұн» дер едім. Оны жай сұрадыңыз ба?
– Сіз менің қалпағымда отырсыз.
***
– Мен бүгін екі еркек, үш ұрғашы шыбын өлтірдім.
– Мәссаған! Олардың жынысын қалай анықтап жүрсің?
– Таң қалатын түгі де жоқ: екеуі сыра бөтелкесіне, үшеуі телефонға қонып тұр екен!
***
– Болашақтың көліктері немен жұмыс істейді деп ойлайсың?
– Су мен шөп болса болды.
– Ал ондай техника қалай қозғалады?
– Атты арбаға жегіп жүріп кетесің...
***
Екі еркектің әңгімесі:
– Қалайсың? Ленка екеуің некеге тұрып бақытты өмір сүріп жатқан шығарсыңдар?
– Солай десе де болады. Ленка бақытты, мен некеге тұрғанмын.
***
Алтын балық шалдың қармағына ілініп қалып:
– Кемпіріңіз тірі ме? – дейді.
– Тірі.
– Онда мені қуырып жей салыңыз!..
***
***
– Ісі тек ілгері кеткен еркек деп кімді айтамыз?
– Ақшаны тауып үлгеретіні сонша, әйелі оны жұмсап үлгермейтін еркекті айтамыз.
***
– Не істесек екен?
– Арақ ішеміз.
– Мерекені жай күндердегідей етіп берекесін кетірмейік те!