Грэм Норман, Мичиган штаты университетінің Еуропа, Ресей және Еуразия зерттеу орталығының директоры (АҚШ):
– Қайта құрудың бір факторы – мемлекет пен нарықтың арасында дәнекер болушы әлеуметтік институттар мен нормалар жүйесін жасау арқылы экономикалық қоғамды дамыту. Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты да орнықты демократия қалыптастыруда қажетті мәдени құндылықтарға баса назар аударып отырғаны қуантады. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «заманға сәйкес жаңғыру мiндетi барлық мемлекеттердiң алдында тұр» деген сөзі өте дұрыс бағыт. Өкінішке қарай, түркі әлемі өркениеті мен мәдениетінің әлемдік өркениетке қосқан үлесі мен орны туралы жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей жататыны бар. Түркі мемлекеттерінің орнында үлкен өркениет ошағы болғаны рас. Сондықтан «Ұлы дала» ІІ гуманитарлық ғылымдар форумы түркі мәдениеті иеленетін құндылықтарды бүкіл әлеммен бөлісуге мүмкіндік береді.
Ең бастысы, форум нәтижесінде маңызды шешімдер шығады. Оқылған ғылыми тұжырымдар осы жерде қалып қоймай, бүкіл әлемге таралып, адамдардың бәріне қолжетімді болады. Сонымен қатар, форумның маңызды тұсы – түркі және түркі тілдес мемлекеттер арасындағы өзара ынтымақтастық. Себебі, мұндай мемлекеттердің өзара ұқсас проблемалары болады. Форумның арқасында сондай проблемаларды бірлесе талқылап, ортақ шешім қабылдауға мүмкіндік туып отыр.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»