Қазақстан • 30 Мамыр, 2017

Ғасырға таяу жасаған аналар айтады

344 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақтың көгендегі қозыдай болып, көзі жәудіреп тартқан қа­сіреті, көрген азабы аз бол­ған жоқ.

Ғасырға таяу жасаған аналар айтады

Соның ішінде өткен ға­сырдың жиырмасыншы жыл­­дарындағы аласапыран, ұжым­­дас­тыру деп ұлттың бол­мысы­на жат істі бастап, сең­дей соғыстырып, соңында алапат аштыққа ұрындырған 30-шы жылдардың ойраны, одан кейінгі сұрапыл соғыс жұ­р­ты­мыз­дың түп тамырын отап тас­та­маса да, орны оңайда толмас­тай етіп ойсыратып кетті. Сол сұм­дықты хат арқылы Сталинге Тұрар Рысқұлов жеткізгені тарихтан мәлім. «Ұжымдастыру жылдарындағы халық шығыны 1930 жылғы аштықтан 313 мың адам, 1931 жылғы аштықтан 755 мың адам, 1932 жылы 769 мың адам өлді. Жиынтығы 1 млн 750 мың адам. Ауыл хал­қы­ның 40 пайызы жоғалды. 1 мил­лионнан астам адам шетелге көшіп кетті. Оның 616 мың ада­мы қайтқан жоқ. 1929 жылы Қазақстандағы 40,5 млн малдан 1933 жылы тек 4,5 млн қалды», депті хатта. 
Осындай зұлматтан ұлттық де­мографиямыз әлі күнге дейін зар­дап шегумен келеді. Бұл ту­­ралы Елбасы Н.Назарбаев: «Егер де сол ашаршылық бол­ма­ған кезде ендігі қазақтың са­ны қанша болар еді, өздеріңіз есеп­тей беріңіздер», дегені есте.
Сол қасіретті жылдарды яғни аштықты көрген ғасырға та­яу өмір кешіп келе жатқан қос бәй­теректей 95 жастағы Үкіжан Сә­дуақасқызы және 91 жастағы Кәкен Балабекқызымен дидарласу Астанадағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» атындағы мешіт жанындағы мұражайда болды. Алдымен, мұражай басшысы Б.Солтанбай еліміздегі дін жөніндегі тұңғыш мұражай туралы айтып, ондағы әралуан құжаттармен, жәдігерлермен таныстырды. Бұдан кейін Үкіжан Сәдуақасқызы сұ­ра­пыл жылдардың сұм­ды­ғын еске түсіріп, есесі кеткен ұл­тымыздың бүгінгі тір­лі­гі­не шү­кіршілік білдірді. «Біз аш­ты­қ­тың әлегінен жан сау­ға­лап Ерейментаудан Ақ­мо­ла­ға 9 адам жеткен едік. Со­ның бе­сеуі бұрлығып жолда көз жұм­ды. Анам оларды орыс зи­ратының маңына жер­ле­ген­д­ерін айтатын. Азын-аулақ азық-түлігімізді кейде мили­ция­лар тартып алып, талай көз жасымызды көл етіп еді. Аш­тықтан анам ісіп-кеуіп жат­са да, әкем бізді Омбыға сүй­релеп, жеткізді. Ондағысы жа­н­ы­мыз қала ма дегендік еді. Амал не, анамнан бес жасымда айырылдым. Сөйтіп, шын же­тімге айналдым. Бірақ әкем ар­­қалап жүріп өсірді. Осы ара­да тағы бір оқиға ойға орала­ды. Аққасқат деген көлдің жа­­ға­сында 13 азамат балық ау­лап оты­рып, ауларына түк түс­­пей сол жерде мерт болып, ди­дарла­ры жабылмай қалған екен», – деді. 
Кейуана сол қасіретті жыл­да­ры дін жолындағы әкесі қы­зының келешегін ойлап, те­гін Үкіжан Әбдікәрімқызы Мү­сі­лі­мова деп жаздырғанын, оны 1999 жылы түзетіп, әкесінің атына көшкенін айтып, ендігі жер­де ұрпақ ондай азапты жылдар­ды көрмесін деп, ұзын­ды күні терген масағынан бір таба нан шығатынын, оны 14 адамның қылдай бөліп жейтінін алға тартты. Өзінің 10 баланы өмірге әкелгенін, жағаласып жа­рымен қатар жүрмегенін, бала тәрбиесіне мән бергенін тілге тиек етіп, бүгінгілердің ба­ланы өзі тапқанмен, өзгеге бақ­тыратынына өкініш біл­ді­ріп, соның кесірінен жас­тар тәрбиесінде олқылықтың кө­рі­­ніс тауып отырғанын, ұрпақ тәр­биесінде ананың рөлі бөлек екенін жеткізді. Отбасын ойрандап, ажырасып жатқандар ту­ралы ой қозғағанда: «Әйел − ерін жек көрсін, бірақ баласын а­ясын, ер − әйелін қаламасын, бірақ баласының көз жасынан қо­рықсын, − деген шүйкедей әже­міз, − Тәңірім, енді аштықты көр­сетпесін. Адамға тәубе керек. Кейде біз сол тәубемізден ж­а­ңылып қаламыз. Масақ те­ріп көрмегендер, бір тілім нан­ға зар болмағандар нанның қа­си­етін білмейтін болып барады. Көрінген жерде нан жатады. Наннан қасиетті ешнәрсе жоқ. Нанға шығып Құранды ал­маған, Құранға шығып нанды алған деген бұрынғыдан қал­ған сөз бар. Ендеше, нанды қа­дірлейік, нанның киесінен қорқайық».
Ал, Кәкен Балабекқызы Сәметова 1928-1930 жылдары ту­ған екі бауырының бірдей аштықтан өлгенін, әкесі соғысқа кетіп, екі қыз ғана қалғанын, содан өсіп отырғанын алға тартты. «Біраз ағайындарымыздың сол аштықтан қазір аты өшті. Есімде қалған бір нәрсе, аз ғана тарыны қол диірменге тартып, анам бізге нан пісіріп бермек болды. Тарының ұны илеуге келмейді екен. Басы бірікпесе де көмбеге салып, үстіне от жақ­ты. Біз қашан пісер екен деп, отты төңіректей отырдық. Анамыз қоңырқай тары нанын ұсынғанда үгітіле берді. Сон­да да қоқымын тауықтың шө­жесіндей теріп жегеніміз күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Тағы бір айтайын дегенім, осы Ақмоланың төңірегінде КАРЛАГ түрмесі бол­ғанын жұрт біледі. Ондағы адамдар аштан өліп жатыр дегенді үлкендер естіп, біз­ге тас деп құртты ішке лақ­тыр­та­­тын. «Дәм ғой, сөлін сорса ті­­рі қалар бейшаралар», деген сөз құлағымның түбінде әлі шы­ңылдап тұр. Кейбір ес­тияр ба­лалар: «Өздеріңіз неге лақ­тыр­майсыздар, құлаш­та­ры­ңыз кең емес пе?» − дейтін. Сонда әке-шешелеріміз, «Білсе аналар біз­ді қамап қояды, сендерді бала ғой, деп мән бере бермейді», − дейтін. Өздері қалтырап жү­ріп түрмедегілерге солай қам­қор­лық таныту қандай адам­ге­р­шілік десеңші», деген тоқсан бірдегі қарт ана − ол күндерден кейінгі өз өміріне тоқталып, 25 жыл бойы темір жол бойында еңбек еткенін, тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұста наурызды тойлауға ұйытқы болып, ұлттық киім үлгісін тіккенін, қа­зақ өнерін өзгелерге таныту үшін өзі секілді бес ананы бі­ріктіріп, әжелер ансамблін құ­р­ғанын еске салып, бүгінгі ала-құла дін ахуалына қатысты өз ойын білдіріп, қай кезде де сабырлылық, қанағат керек екеніне дәйектер келтіріп, сол аштықты көрген жандардың санаулы қалғанын, барынан ма­ғ­лұматтар жинап, деректі ки­но тү­сіріп алса, бүгінгі, келешек жас­тың қалыптан шықпауына, са­­бақ алуына септігі болатынын да ортаға салды. Дидар­ла­су соңында өнерлі ұстаз Оспан Сүлейменұлы аналардан алған тағылым мен тәлімге кө­ңілі толғанын айтып, «Ұлы са­пар әсерлері» деген кітабын мұ­ражай қорына берді.

Сүлеймен МӘМЕТ, 
«Егемен Қазақстан»