Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Отырықшыландыру жөніндегі республикалық комитеттің 1931 жылы 14 желтоқсандағы мәжілісінде мемлекеттік жоспарлау мекемесінің ресми мәліметі тыңдалған. Бұл бойынша Қазақстандағы барлық көшпелі және жартылай көшпелі қожалықтар санының 706 мың екені атап көрсетіледі. Олардың 42 мыңы, яғни, 5 пайызы ауқаттылар қожалықтары еді. Бұл дегеніңіз сол жылдары осы мекемеде қызмет жасаған М.Г.Сириустың есебі бойынша
4 млн 236 мың қазақ болып шығады. Ол кезде Қазақстандағы барлық ауыл халқының саны (басқа ұлттарды қосып есептегенде) – 5 млн 800 мыңнан асып түсетін.
* * *
Қазақ халқының саны 1928 жылғы ірі байларды тәркілеу науқанынан бастап қысқара бастаған. Бұл мәселеде де нақты мұрағаттық дерек бар. Ол бойынша 1928 жылы қазақтардың барлық қожалықтарының саны – 828 мың (яғни, 4 млн 800 мыңнан астам адам) екенін көреміз. Бұлардың 120 мың қожалығы отырықшы болса, 700 мыңнан астамы көшпелі және жартылай көшпелі еді.
* * *
Қазақстанның мал шаруашылығының тауарлы өнімдері Одақтың өнеркәсіпті аудандарын, астаналар – Мәскеу мен Ленинградты, Орта Азияның мақта өсіруші аудандарын етпен асырады. Қазақстанның мал өнімдері Қиыр Шығысқа да жөнелтіліп отырды. Егер де Қазақстанда 1926 жылы 25 млн 729 мың бас мал болса, ол көрсеткіш 1933 жылы – 37 млн 327 мыңға, 1936 жылы – 44 млн 347 мың басқа, ал, 1941 жылы – 61 млн 871 мың басқа артады деп жоспарланды. Алайда 1928 жылдан бастап мал басының кемуі орын ала бастады.
* * *
1930 жылдың көктемінде Ораз Исаев бастаған мемлекеттік комиссия мал басының 30 пайызға кемігенін анықтады. 1929-1930 жылдары бай, кулактар малының 40 пайызға жуығын колхоз-совхоздардың тартып алуы мал басының кемуіне тікелей себепкер болды. Нәтижесінде, Қазақстандағы мал басы 1929 және 1933 жылдар аралығында 16 есеге азайып кетті. Совхоздардағы малды есепке алмағанда Қазақстандағы мал басы 1929 жылы 39 млн 394 мың бас болса, ал, 1933 жылы 2 млн 428,2 мыңды құрады. Жалпы алғанда, Қазақстанда 40 миллионға жуық малдан 1933 жылдың ақпан айында 4 млн бас қана мал қалды.
* * *
Қазақстанның Егіншілік Халық Комиссариатының (Наркомзем) мәліметтері бойынша 1930-1932 жылдары Қазақстандағы ауыл халқының кемуі 1 млн 831441 адам деп көрсетілген. Мұнда 1933 жылғы мәлімет көрсетілмеген. Осы жылдары Қазақстанның санақ басқармасы (Казнорхозучет) бастығының орынбасары Н.Мацкевичтің мәліметіне қарасақ, бір ғана 1933 жылы қысқарған ауыл халқы 1 млн 70,5 мың адамды құрайды, яғни, барлығы ауылда 1930-1933 жылдары азайған халықтың саны 2 млн 900 мыңнан асып кетеді.
* * *
1937 жылдың 14 ақпанында республика санақ басқармасының бастығы Саматовтың Мәскеудегі бастығы Кравальға және Мирзоянға жолдаған мәліметі бойынша 1930 жылы
1 маусымда ауыл халқының саны – 5 млн 873 мың адам (оның ішінде қазақтар 4,5 миллионнан асып түсетін) болатын.
Л.Мирзоянға жазылған «Алтаудың хатында» ресми мәліметтер де бар. Онда хат авторлары Қазақстанның Қазсовнаркомының мәліметі бойынша 800 мың қазақ шаруашылығынан (4 млн 800 мың адамнан) 1932 жылдың көктемінде 450 мың қазақ шаруашылықтары (2 млн 250 мың қазақ) қалғанын атап көрсетеді.
Деректер тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.Омарбековтің «Ашаршылық: деректерді талдау нәтижелері» мақаласынан алынды.