Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегі бойынша, 2016 жылы Парламенттегі әйел депутаттарының саны бойынша, Қазақстан дүниежүзіндегі 144 мемлекеттің арасында 48-орынға шыққан екен. Қазақстандағы шағын және орта бизнес нысандарының 44 пайызын әйелдер басқарады, жалпы осы саланың тең жарымы нәзік жандардың қолында.
Жоғарыдағы семинар-тренингтің мақсаты – әлеуметтік саясатты және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмысын жетілдіруде гендерлік аспектілерді қолданудың кешенді тәсілдерін үйрету. Шараға әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері мен аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Семинар-тренингке білікті тәуелсіз сарапшылар мен кеңесшілер жетекшілік етті.
Семинар-тренингке Ұлттық комиссия төрайымының қос орынбасары Елена Тарасенко мен Ләззат Сүлеймен модераторлық етті. Сонымен қатар, шараға Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі Адами өлшем бөлімінің меңгерушісі Изабела Хартман қатысты.
Семинарға қатысушылар елімізде демократиялық қоғам орнап, гендерлік теңдік мәселелері сақталып отырғанын, Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның гендерлік саясат саласындағы негізгі құжаттарына қосылғанын атап өтті. Елімізде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілген. Қыз баланы, әйел-ананы ерекше сыйлайтын дәстүрлі үрдісі бар қазақ қоғамында гендерлік саясат заманауи реңкпен жүзеге асуда. Бұл оң үрдіс Батыс Қазақстан облысында да айқын көрініс тапқан: өңір бойынша әйелдердің барлық деңгейдегі мәслихаттардағы үлесі 26%-ды құрайды, ал Ақжайық пен Бөрлі ауданында тиісінше 46% және 38% болған. Ләззат Сүлеймен әйел бақыты, отбасылық дәстүрлердің сақталуы қоғамда моральдық құндылықтың сақталуына ықпал ететінін ерекше айтты.
Семинар аясында Ұлттық комиссия төрайымының орынбасарлары облыс әкімі А.Көлгіновпен нан өнімдерін шығаратын «Балзия» ЖШС және «Отделстрой» ЖШС құрылыс компаниясы ұжымымен кездесті. Айта кетерлігі, бұл кәсіпорындарды нәзік жандар басқарып, өңір мен ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосып келеді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ
Суретті түсірген
Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ