01 Маусым, 2017

Темекіні тастау – жаңа өмір бастау

699 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бала кезде өрісте жылқы тезегін газетке орап әуестенетін, бозбалалық бұлаң күндерде көше тәрбиесімен езуге қыстыратын, сыбай-салтаң студенттік немесе сарт-сұрт әскери өмірде жора-жолдастармен жұп жазбаудың шегінде шегетін шылым кейін келе көңілдің кіл тұнығын торлап, өз әмірін жүргізетін жетекшіл күшке айналып шыға келгенін көпшілігі білмей қалатыны рас. Әу бас­та таңсық болған темекі бірте-бірте тәніңіздің тамыршысындай қалаулы, санаңыздың сақшысындай санаулы серігіңізге – күнделікті дағдыңызға айналады. Содан соң «серігіңізді» орта жолда қалдырып көріңіз...

Темекіні тастау – жаңа өмір бастау

Иә, темекі – зобалаң зұлмат жылдарда ата-әжелерімізге алдарқатар алданыш, іштегі зарықты басар «зиянсыз» дүние болды. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегендей, тарих тоқайластырған көршілерден келген бұл дерт біздің халыққа өткен ғасырдың бел ортасында дендей сіңді. Өйткені, ұлттың өзі жоғалып кете жаздаған ұлы сынақта жанға дәрмен берер бір дүниенің керегі анық еді. Кеңес­тік кезеңде бұл рөлді ащы папирос­тар, жапырақ темекілер мінсіз атқарды. 

Заман зердесі өзгеріп келеді. Бүгінде бүкіл әлем темекінің тұтқынынан азат болуға шақырады. Бірақ «ұзын арқан, кең тұсаумен» бұл сиқырдың маңынан ұзай алмай келе жатқандар жетерлік. Сонда не кедергі? Әуелі жарнама деу­ге болады. Темекіден түсетін түсім ұлан-ғайыр. Саудагерге де, салыққа да. Жа­һанда ең сатылымды тауар осы сига­­­рет екен. Жыл сайын 1 триллион қорап темекі сатылатын көрінеді. Сон­дық­­тан да салдарымен күрескен сияқ­ты болғанымен заң күші мен ар күші теме­кіні тұсаулауға тым дәрменсіз. Десе де, Дания, Сингапур, Жапония мен Франция, Финлян­дия сияқты кейбір мемлекеттерде темекі тартуға қарсы нақты шаралар қарастырылған. Қайбір жылдары елімізде темекі қораптарының сыртына салынған үрейлі суреттер жарнаманы жас­қаған сияқты болғаны рас. Бағасы да біраз көтерілді. Бірақ бұл да түбегейлі бетбұрысқа бастамады.

Жыл сайын темекіні тұтынудан әлемде 6 миллионға жуық адам өмірімен қош айтысады екен. Егер, мұның алдын алатын шаралар легін түзбесе, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш жылына 8 миллион адамға дейін өсуі мүмкін, дейді сарапшылар. Темекіге тәуелділік кез келген жанға, оның жынысына, жасына, ұлты мен нәсіліне, мәдениеті мен біліміне қарамастан өте үлкен қауіп төндіреді. Осы орайда, 31 мамыр – Бүкіләлемдік темекіге қарсы күрес күні деп жарияланған. Биыл Қазақстанда «Темекі – дамуға қауіп төндіреді» атты тақырыппен мамыр айында айлық өтті. Бұл айлықтың мақсаты темекісіз тұрақты әлем құру бойынша халықтық іс-қимылдарды жандандыру, денсаулыққа темекі тартудың орасан зиян келтіретіні туралы жан-жақты мәлімет беру болатын. Бірақ бұл аяда нақты шаралар ұйымдастырылғанын, нәтижесі қаншалықты болғанын білгеніміз де, естігеніміз де жоқ. Соған қарағанда есеп үшін солғын шаралармен түйінделгенге ұқсайды.
Қатерлі ісікті зерттеу бойынша халық­аралық агенттіктің қорытындысына сәйкес, өкпе обыры пайда болуының 70-95 пайызы темекі тартуға байланысты, ал оның даму тәуекелі шылым шегушілер арасында орта есеппен 10 есе жоғары болатыны анықталды. Сондай-ақ, темекі дүние жүзінде ерлердің арасындағы өлімнің 12 пайызына себеп болса, әйел­дер арасында 6 пайызға жетіп отыр. Бұл адамзат үшін өте қауіпті көрсеткіш. 

2015 жылы Ұлттық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы өткіз­ген VI ұлттық әлеуметтік зерттеу бары­сында алынған мәліметтерге сәйкес, қазақ­стандықтардың 18,3 пайызы темекі өнімдерін тұтынады. Бұл есепке темекіге тәуелділер санаты қаншалықты енгені бізге беймәлім. Қоғамдық ұйымдардың бұған дейінгі әлеуметтік зерттеулер нәтижесімен салыстыра қарауы бойынша темекінің таралымы төмендегені байқалады. Сонымен бірге, жыл сайын темекі өнімдеріне жатпайтын өнімдерді тұтынушылар қатары да біртіндеп өсіп келеді. Айталық, қалаларда бұл көрсеткіш 1,6 пайызды құраса, ауылдарда 1 пайызға тең екен.

Әрине, елімізде темекіге қарсы орта­лықтар жұмыс істейді. Айталық, жыл басындағы дерек бойынша, республика аумағында 72 темекіге қарсы орталық пен кабинет тіркелген. Басым бөлігі Алматы қаласында (32), Маңғыстау (10), Қостанай (10), Ақтөбе (7), Батыс Қазақстан (5) және Қызылорда (2) облыс­тарында орналасқан. Қалған өңірлерде бір орталықтан жұмыс істейді. Осы орталықтарға 2016 жылы 31 093 адам келсе, оның ішінде 6 712 адамның орта­лыққа қайтадан келгені тіркеліп отыр. Есепті кезеңде 10 963 никотинге тәуелді науқас тіркелген. Олардың ішінде 3 453 адам наркологтарға жіберілген. Яғни, шылымның шылауынан шын құтылуды қалайтын азаматтар бар. Тек оларға демеу бола білу керек. Бұл бүгінгі нарық­тық қатынастар жағдайында әлеумет­тік орталықтардың маңызын арттыра түседі. Әсіресе, бұл бағыттағы күрес пен насихатты азаматтық сектор арқылы қоғамның өз ортасында жүргізудің қажеттілігі байқалады.

Думан Анаш,
«Егемен Қазақстан»