Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланың коррекциялық мектептерінің оқушылары салған сурет көрмесінде болды. Республика сарайында Н.Островский атындағы соқыр және әлсіз көретін балалар тәрбиеленетін №4-ші жалпы білім беру мектеп-интернатының және тілі жетілмеген балалар дәріс алатын №9-шы коррекциялық мектеп-интернаттың, «Жанұя» арнайы кешенінің, керең балалар оқитын №5-ші мектеп-интернаттың, №1-ші жалпы білім беретін мектеп-интернаттың оқушылары салған сурттер көрмесі ұйымдастырылған.
Бауыржан Байбек ұсынылған жұмыстардың сапасы мен шеберлігін жоғары бағалап, әсіресе ақыл-ой дамуы кешеуілдеген балалар оқитын №7-ші мектеп-интернат оқушылары салған «ЭКСПО-2017 балалар көзімен» триптихіне айрықша көңіл тоқтатты. Тәрбиешілер триптихті балалардың 3 айға жуық салғанын, оның өте қиын жұмыс екенін, жіптерді орап, киізді желімдеудің, қазақ ертедегі әдісі бойынша кесте тігудің өте күрделі екенін айтты.
«Бүгінгі көрмеге өз қолдарымен жасаған жұмыстарын қойған балалардың барлығына шексіз ризашылығымды білдіремін. Өйткені, бұйымдардың бәрі дерлік сапалы жасалыпты. Бұл жұмыстардың бәрінен өмірге деген сүйіспеншілік, күш-жігер, рух сезіледі. Осы биіктікті төмендетпеңдер, мен сендерге сенемін», – деді Бауыржан Байбек.
Қала басшысы «Алматы–2020» даму бағдарламасы аясында ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін қалада 2016 жылы үш психологиялық-педагогикалық коррекция кабинетінің және бір психологиялық-медикопедагогикалық кеңес беру орталығы ашылғанын айта келе, қалада қазіргі кезде осындай 11 кабинет жұмыс істейтінін атап өтті.
Қала әкімі айтып өткендей, биыл бюджет есебінен 6 балабақша, 2 мектеп, 6 мектептің жанынан қосымша нысандар салынып, білім саласының 28 ғимаратының сейсмикалық қуаты күшейтілмек. Сондай-ақ, жазғы каникул кезінде балаларды сауықтандыру мен түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 190 млн теңге бөлінсе, 1 маусымнан бастап 100 мың баланы қамтитын 771 лагерь ашылған.
Алматылық балалар үшін көңілді шаралармен басталған мерекеде 5 мың бала қатысқан жастар музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өткенін атап өткен жөн. Ал Орталық мәдени және демалыс саябағында балалардың шығармашылық ұжымдарының концерттері қойылды. Бұл мәдени шараға «Сенім»,«Наргиз», «Мөлдір», «Непоседы», «Тамаша», «Сюрприз», «Ерке наз» балалар топтары, Т.Жүргенов атындағы Университет студенттері қатысты, сонымен қатар, «Бозторғай-2017» халықаралық конкурс жеңімпаздарының Гала-концерті өтті.
Балалар үшін «Вы наш гость» хореографиялық- музыкалық композиция, ұзын қуыршақтар, аниматорлар, цирк артистері өз өнерлерін ортаға салды, ертегі кейіпкерлері, жанды дауыстағы музыка кішкентай алматылықтардың көңілдерін ерекше көтерді. Саябақта: «Менің сүйікті қалам», «Бақытты балалық шақ», «Экспо-2017», «Қазақстан Республикасы» атты сурет көрмелері ұйымдастырылды.
Мереке қарсаңында еліміздің әр облысынан бес жүзге жуық баладан қатысқан «Жұлдызай» фестивалінің спорттық бөлігі ойдағыдай аяқталған еді. Соның жалғасы іспетті, мереке күні Республика сарайында ерекше күтімді қажет ететін балалардың «Жұлдызай» ХІІ республикалық фестивалінің гала-концерті өтті. Фестивальдің екінші іріктеу турының жеңімпаздары әнші Маржан Арапбаевамен, «КешYOU», «ӘлемBand» сынды топтармен бірге ән шырқады.
«Фестиваль – балалардың өміріндегі жаңа баспалдақ, олар осы өнер байқауы арқылы өмірден өз орындарын табады, оқуға түсіп, біріккен шығармашылық ұжымдар құрады. Мұндай ерекше балалар өздерінің ерік- жігерлерінің мықты екенін дәлелдеп, түрлі кедергілерді жеңе біледі, алға қарай ұмтылады. Міне, жобаның басты жетістігі де осы», – деді фестиваль ұйымдастырушысы, BI Group холдингінің басшысы Айдын Рахимбаев.
Гала-концерт қарсаңында екінші іріктеу туры жүлделі орындар мен гран-при иелерін анықтады. «Хореография», «Вокальді орындау», «Инструментальді орындау», «Әнді қимылмен орындау» номинацияларына Қазақстанның әр түкпірінен келген өнерлі балалар қатысты. «Жұлдызай» ХІІ республикалық фестивальдің Гран-при жүлдесін «Әнді қимылмен айту» номинациясы бойынша Қостанайдан келген «Экспрессия» тобы: Виктория Головнева, Алина Гриневич, Балжан Жұмағазиева және Исмаил Цицкиев жеңіп алды.
Мира Байбек,
«Егемен Қазақстан»
Алматы