(Күмән келтірушілер үшін жазылған пайым)
(Жалғасы. Басы өткен нөмірлерде).
Бұлар жаһандану құрбандары ма? Жоқ. Бұлар өз тамырын жоғалтқан кешегі құдайсыз қоғам жаңғырықтары. Өз топырағын жоғалтқан бұл ұрпақ жаһандануды құшақ жая қарсы алды. Өз топырағын жоғалтқан бұл ұрпаққа жаһандану Жәннаттай көрінді. Өйткені, жаһандануда тамыр жоқ. Топырақ жоқ. Өзіндік бет жоқ. Өзіндік мәдениет жоқ. Қазіргі батыс өркениеті тудырған жабайы жаһандану – барлық ұлттық ерекшеліктердің қас жауы. Ол бізге елірткіш саз, елірткіш ішімдік, елірткіш би, есірген жастар болып елестейді. Ұлт болашағы бұлар болмауға тиіс. Ұлт болашағы би алаңдары, казино, мейрамханаларда емес, ұлт болашағы кабинет, кітапханаларда, мектеп, балабақшаларда жасалуы керек.
Бүгін біз ұрпағымызға ие болсақ, ертең ұлт болашағына ие боламыз.
ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Дүниеге жалғыз келесің. Жалғыз кетесің. Жалғыздықтан қашып жан-жағыңды, тума-туыс, дос-жаран, бала-шағамен қоршап қоясың. Жалғыздықтан қашып, қонаққа, тойға барасың. Бірақ, бәрібір топ ортасында отырып та сен жалғызсың. Бәрі жақын. Бәрі алыс. Жалғыздық жас келген сайын сезіледі. Тіптен жалғыздығыңды мойындайсың. Көнесің. Айналып келгенде сол жалғыздықпен жалғыз өзің бетпе-бет қаласың. Бүкіл өткеніңмен, бүгініңмен, ертеңіңмен бетпе-бет қаласың. Жер бетіндегі сапарыңды сонда ой көзінен өткізесің. Босқа өткен уақыт. Тұрмыс тауқыметімен тыртаңдап байлық қуған жылдар. Пенде болғасын ол да керек. Бірақ, соның бәрі сыртқы тән азығы үшін тер төгу болыпты. Сол тер төгу жан азығына не берді? Белгісіз. Ал сенің Жер бетіндегі сапарың болса соңына таман жылжып келеді. Не істеу керек? Осыған кім жауап бере алады? Жан жұбатар жауапты кім бере алады? Жоқ. Іздеп әуре болма! Ешкім саған түбегейлі жауап бере алмайды. Жұмыр басты пенде біткеннің бәрі өзіңдей. Олар да осы сауалдарға (егер іздеген болса) жауап таба алмай әлек. Олардың да жан-жүрегінде тыныштық жоқ. Береке жоқ. Тұрақтылық жоқ. Демек, Жер бетінде сенімен күнде сырлас, күнде мұңдас жан жұбатар дос жоқ. Болуы мүмкін емес. Ол дос басқа жақта. Сенімен күнде тілдесер, күнде мұңдасар, жол көрсетер, қолтығыңнан сүйеп тірек болар, жабыққанда жаныңнан табылар жалғыз дос бар. Ол – Алла. Соған бет бұр. Содан жәрдем тіле. Содан сұра. Барлық сауалдарыңа жауапты жалғыз Алла ғана бере алады. Сенің тыныштық таппай, аласұрған жаныңды жұбата алар, жұмсақ нұр, жылы алақан Аллада. Демек, сен жалғыз емессің. Сені жарылқаушы, жабыққанда жаныңнан табылушы сол. Сол досты тапқан күннен бастап сен жалғыз емессің. Жетім емессің. Кедей емессің. Байсың. Жаның бай. Бұған дейін байыз таппаған жүрегіңе бұрын-соңды сен күтпеген байлық келіп қонады. Құлазып тұрған жүдеу жүрек кілкіп нұрға толады. Жадау жаның жұмақ самалы желпігендей жадырайды. Бұл сезім, бұл күй бұрын-соңды сен бастан кешпеген шапағат. Алланың шапағаты. Сен оған бет бұрып едің ол да саған бет бұрды. Сен Алла жамалынан тараған нұрға бөлендің. Ең тұрақты дос таптың. Сені мәңгі сатпайтын дос. Енді сен ешқашан жалғыз емессің. Сен адамдарға басқа көзбен қарайтын боласың.
БАҚЫТҚА БАРАР ЖОЛ
Адам қызық құбылыс. Қанағат дегенді білмейді. Бақыттың не екенін бақытсыздық басқа түскенде біледі. Қараңызшы! Сіз әр минөт сайын қанша ауа жұтасыз. Бірақ сіз сол жұтқан ауаңыздың арқасында тұншықпай, тірі тұрғаныңызды ойламайсыз. Сол небары 2-3 минөт жетпесінші, ышқынып жағаға тасталған балықтай шоршисыз. Немесе су. Оны да Құдай тегін әрі мол жасатыпты тіршілік үшін. Бір күн су жетпесе не болар едік. Табаныңызда қара Жер жатыр. Сізді әрі көтеріп әрі асырап тұр. Біз сол Жер қадірін білеміз бе?! Осы бізді қоршаған дүниенің бәрі тікелей немесе жанамалай бізге қызмет етіп тұр. Жарық Күн, жұлдызды түн. Жайнаған Жер беті. Соның бәрі шынтуайтына келгенде, Адамның Ұжмақ мекені емес пе?! Адамға мейірімін төгіп тұрған жоқ па?! Тек адамдар ғана бір-біріне проблема тауып, осынау Ұжмақ мекенді Дозақ мекенге айналдырып жатқан жоқ па?! Адам Жер бетіндегі өзіне Алла еншілеген ризыққа қанағат етуге жоқ. Адам бірін-бірі тонайды, қанайды, қинайды. Өлтіреді. Демек, Адам бақытсыздығына кінәлі – Адам ғана. Жер бетін басып жүруге берілген 70-80 жылдық мұрсатын бейбіт еңбекпен тыныш өткізу орнына адамдар бір-бірінің жағасына жармасады.
Неге Адам өмірі алысқан, арпалысқан өмір?! Өйткені, Адам пақыр мына өмір жалғыз рет берілген, сондықтан Жер бетінде шалқып өмір сүру керек деп біледі. Содан байлыққа, билікке таласады. Алысады. Арпалысады. Адамдықтың ала жібін аттайды. Адам беттің арын белдеуге түйіп жүріп байиды. Көздеген мақсаты – байлық арқылы бақытты болу мына дүниеде. Соған қолы жетті ме?! Байлық қуып жүріп зулап өмірдің соңына жеттік. Енді бірер аттасақ, тік жардан құлағалы тұрмыз. Яғни, алда түнеріп, ажал күтіп тұр. Сіз дағдарып, артқа қарайсыз. Бақытты шағыңыз алыста қалыпты. Бәрі өткен. Енді сіздің бебеу қаққан жаныңыз қалай жұбанар?! Оны кім жұбатар?! Ащы су ма?! Әдемі қыз-келіншек пе?! Ол қызықтың бәрінің көшесінен жүріп өткенсіз. Енді олар жұбаныш емес. Уақыт тұман сіздің көкжиегіңізді қусырып, қоршай орап, қуықтай тарылтып келеді. Сізді қамашаулап, өзгелерден жалғыз бөліп алыпты. Әне-міне, төңірегіңізді тұйықтап алған сол тұман сізді қылғытып жұтуға тақау. Өмір бойы ұмтылған бақыт қайда?! Байлық неге бақытқа кенелтпеді?! Сіз осыны түсінбей далсыз. Қателік қайдан болды? Не істеу керек?
Құрметті оқырман! Осы кітап түгел сол сұраққа жауап беру үшін жазылды. Осы кітап барысында Сіз бен Біз осы бір тағдырхал сұраққа бірігіп жауап іздейтін боламыз.
Адам бақыты – Адамнан. Қоғамнан. Адам бақытының қиыны да сол. Бақытың өз қолыңда емес. Өзгенің қолында. Сенің көңіл-күйіңе қаласаң да, қаламасаң да өзгелер әсер етеді. Әсіресе, отбасың, қоршаған ортаң әсер етеді. Демек, Адам бақыты үшін сенімен қоса сені қоршаған қоғам кемел болуы керек екен. Ол – қиял. Бірақ, кемел қоғамға біз қашанда ұмтылуға тиіспіз. Қарасақ, қоғамымыз кемшілікке толы. Ал, Адам жаны мінсіз, бақ-берекелі, риясыз, әділетке, достыққа, махаббатқа толы қоғамды аңсайды. Яғни, мінсіз тазалықты аңсайды. Өмір жұмыр басты пенденің (оның ішінде өзің де бар), мінсіз болмайтынын көрсетті. Бірақ, жүрек байғұс іздейді. Мінсіздік іздегеннің жолдасы – жалғыздық. Қоғамнан түңілу, Адамнан түңілу – жабығудың жаман түрі. Одан әрмен барар жер, басар тауың – торығу.
Сонда қателік неден?! Неге сен қиялдағы қоғамыңды, қиялдағы Адамыңды кездестіре алмадың?! Қателік сенің қиялдағы Адам мен қоғамды аңсауыңнан. Адам қоғамы ешқашан идеалды болмақ емес. Өйткені, ол періште емес, Адам қоғамы. Сондықтан, қиялдағы қоғам мен қиялдағы Адамнан неғұрлым ерте бас тартсаң, Бұ Дүние бақытына барар жолың соғұрлым қысқа болуы мүмкін. Ол жол мінсіз досқа апарар жол. Мінсіз дос – жалғыз Алла.
Сөз жоқ, Құдайтағала жаратқан жан иелерінің ішіндегі Адам ерекше құбылыс. Ең алдымен, Раббымыз оны көрікті, милы етіп жаратқан. Періштелерге «Адамға бас иіңдер!» деген. Ібілістен басқасы бас иген. Ендеше, Адамға біз неге бас имейміз? Ішінде өзіміз де бар, жалпы Адам баласына бас ию парыз. Ол Аллаға серік қосу емес, оның орынбасарына құрмет. Құрметті оқырман! Сіз – Алланың Жер бетіндегі орынбасарысыз. Жаратушы Сізге сондай мәртебе берді. Бірақ, біз сол мәртебемізге лайықты өмір сүре алдық па?! Тазалығымыз, мейіріміміз, иманымыз, парасатымыз сол дәрежеге лайықты болды ма?! Өйткені, Алла тарапынан бізге қойылатын талап осал емес, ол өзінің Жер бетіндегі орынбасарына қойылатын талап. Орынбасар! Құдайдың орынбасары! Демек Адам санасының алар шыңы алда. Рас, болса Адам өзіне Жаратушы берген мидың бүгінде небары 5 пайызын ғана пайдаланады екен. Адам өзіне Жаратушы берген миды 100 пайыз игерсе не болмақ?! Аллатағала Адамға сондай сұрапыл сана берген. Адам сол сана арқасында алда талай ғылыми-техникалық асулардан асары хақ. Бірақ, біз дамыған сайын табыстан бас айналып, өзіміздің кім екенімізді ұмытып барамыз. Жаратушымызды ұмытып, иман жолынан ауытқып, Сайтан жолына түсіп барамыз. Сөйтіп, Аллатағаланың жердегі орынбасарының қадірін түсірдік. Тіптен, өз бойымызда бар адамдықты аздырып, сайтандықты семірттік. Егер, біз өз бойымызға берілген адамдықты асқақтата алмасақ, өзгелердің бойындағы адамдықты қалай көтереміз?! Ондай жағдайда біздің көзімізге төңірек толған жау, толған сайтан болып көрінері анық. Біз қоршауда қалған қасқырдай аласұрмақпыз, жан-жағымыздан анталаған «жауға» қанталаған көзбен қарамақпыз. Азутіс ақситпақпыз. Ондай жағдайда кеудеміздегі Алла аманат еткен жан құлазып ұлымақ. Имансыздықтан. Ондай жаннан тыныштық көшеді. Өйткені, біз Алла аманаты – жанды таза сақтамағандықтан, қарайтып алғандықтан. Жан азығы – иман нұры, сол иман нұры жетпегендіктен жан қарайды. Қазақ ондайларды қаракөкірек дейді. Қаракөкірек сен өзіңді-өзің жек көресің. Өзіңді-өзің жек көрген сайын өзгені одан бетер жек көресің. Күллі дүниенің күлін көкке ұшырғың келмек. Немесе сенің көзіңде Сайтан боп елестейтін қыбырлағанның қанын судай шашқың келер, қинағың, таптағың келер. Сенің қолыңа жойқын қару берсе, сен ойланбастан күллі адамзат күлін көзді-ашып жұмғанша көкке ұшырғың келер. Өйткені, сенің жүрегіңнен иман көшкен (егер онда болған болса), оның орнын Сайтан жайлаған. Бұндай жағдайда сен қауіпті Адамсың. Өзің үшін де, Адам үшін де, қоғам үшін де қауіптісің. Сенің отбасың осы қауіптің бірінші құрбаны. Немесе, өз басыңды өзің құрбан етуің мүмкін. Өз-өзіңе қол салуың мүмкін. Ол күн – сенің кеудеңді жайлаған Сайтанның сан шапаттап салтанат құрған күні. Яғни, Адам бақытсыздығының шыңы. Мінеки, Адамның өзін-өзі жек көруінің тірелер тұйығы.
Құрметті оқырман! Сонда сіз «е, бақыттың көкесі сонда өзіңді-өзің сүю екен ғой!» деп отырсың. Өзіңді-өзің сүю Алла арқылы болса, солай. Сіз бақыттысыз. Өзіңді-өзің сүю Құдайсыз болса, онда ол – тәкаппарлық. Тәкаппарды Алла сүймейді. Алла сүймеген Адамның бақытты болуы мүмкін емес.
ДІНИ МӘТІНДЕР ҰҚСАС
Адамзат есте жоқ ескі заманнан бері ақиқат іздеген. Әділетті жерден таба алмағаннан кейін көктен іздеген. Аспан құбылыстарына Айға, Күнге табынған. Табиғат құбылыстарына табынған. Тауға, ағашқа, суға табынған. Бұлар ақиқатты іздеу жолындағы алғашқы баспалдақтар болыпты. Адамзат Жаратқан Иесін іздеген. Ол көзге көрінбегеннен кейін көзге көрініп тұрған құбылыстарды құдірет деп қабылдаған. Жаратқан Иесі де адамзатты назардан тыс қалдырмаған. Өзі жаратқан Адам Атадан бастап исламият бойынша соңғы пайғамбар Мұхаммед ғалейс сәлемге дейін 124 мың пайғамбарға уахи түсірген. Әрине, олардың бәрі тарихта хатталмаған. Тым алыс дәуір болғандықтан ұмытылған. Біз тек Қасиетті Кітаптарда аттары аталған пайғамбарларды ғана білеміз. Жаратқан Ие әр заманда пайғамбарлары арқылы адамзатқа арнаған сөзін түсіріп отырған. Оны адамзат Қасиетті Кітаптар, Қасиетті Жазбалар дейді. Сол Қасиетті Жазбалар мәтіндері өзара ұқсас. Неге? Осы сауалға жауап іздеп көрелік. Бізге жеткен діни мәтіндер ішіндегі ең ескілерінің бірі «Авеста». Осыдан 3,5 мың жылдай бұрын Заратуштра (Зардөш) пайғамбар түзген мәтін. (М.Бойс. «Зорастрийцы») Осы ғалымның жазуынша, көктем мерекесі күні таңертең өзенге шомылып жағаға шыға берген Заратуштра қарсы алдында күндей жарқырап тұрған құдіретті көреді. Оқиға Каспий теңізінің теріскей шығысындағы далада, түйелі ауылда орын алған. Бұл жарқырап тұрған Құдай Даналық Иесі, яғни ескі парсы тілінде Ахурамазда екен. Ахурамазда Зәрдөшке уахи түсіреді. Оны Зәрдөш көкірегіне құйып алады. Даналық Иесі Зәрдөшке әлемнің ақиқатын ашады. Зәрдөш ол ақиқат жөнінде уағыз айта бастайды. Зәрдөшке аян етілген ақиқат не еді? Ол былай. Құдай жалғыз. Ол Даналық Иесі. Ол мейірбан, әділ, құдіретті. Адам жалғыз Даналық Иесіне сиынуы керек. Күн сайын 5 рет мінәжат етуі керек. Дүниені жаратқан сол Даналық Иесі. Құдай дүниені еш кемшіліксіз кемел жаратқан. Бірақ Анграмайн Сайтан Құдай жаратқанның бәріне қарсы шықты. Бәріне залал келтірді. Көкмайса даланы қураған шөлге айналдырды. Тұщы теңізді тұзды көлге айналдырды. Адамды азғырды. Бір-бірімен жауластырып қойды. Ол сайтаннан корғану үшін Адам тек ізгі ой, ізгі сөз, ізгі істерге берілуі керек. Ахурамазда Құдай зұлым Сайтан Анграмайнмен Жер бетінде ақырзаманға дейін айқасады. Адам осы ұзақ та ұлы шайқаста Құдай жағына шығуы керек. Құдай Сайтанды заманақыр басталғанда жеңіп шығады. Адамдарды тірілтеді. Қыл көпір арқылы жүргізеді. Отты өзеннен өткізеді. Осынау Қияметқайым сынақтары арқылы жақсылар мен жамандар ажыратылады. Жамандардың барар жері мәңгілік азап болса, жақсылардың барар жері мәңгілік рахат мекен болмақ. Содан кейінгі бізге белгілі діни текст – Иудаизм жазбалары. Қасиетті Таурат. Иудаизм шамамен 3 мың жыл бұрын Таяу Шығыста пайда болған. Құдайы – Яхве. Осы Құдай Синай тауында Мұса пайғамбарға көрініп, аян берген. Ол кезде еврейлер Мысыр перғауны қоластында құлдықта екен. Мұса Құдайдың қолдауымен халқын перғауын құлдығынан құтқарады. Бұл оқиға біздің дәуірімізге дейінгі 14 ғасыр шамасында орын алса керек. Бізге жеткен Таурат шамамен б.д.д. 10 ғасырда қағазға түсе бастаған. Иудаизм еврей халқының ұлттық діні. Бұл діннің айтуынша, еврей халқынан Ізгі Хабар Иесі шығады. Бір орталыққа – Иерусалимге бағынған әлем сонда ғана зұлымдықтан азат етіліп, жаппай әділет, бейбіт-береке орнайды. Иудаистер Иса пайғамбарды Ізгі Хабар Иесі деп мойындамайды. Исаның пәк қыз Мәриямнан әкесіз туылуына орай христиандар арасында қалыптасқан Қасиетті Үштік – Троицаны жоққа шығарады. Таурат бойынша әлем былай жаратылған: «Әуел баста Құдай аспан мен Жерді жаратты. Жер ретсіз, тіршіліксіз бос жатты. Суға толы тұңғиықтың үстін қара түнек жауып тұрды. Ал, Құдай рухы болса су бетінде қалықтап ұшып жүрді. Сонда Құдай: «Жарық болсын!» деді. Жарық пайда болды. Құдай жарықтың жақсы екенін көрді. Ол жарықты қара түнектен бөліп, жарықты күндіз, қара түнекті түн деп атады. Кеш түсіп таң атты. Бұл бірінші күн еді. Содан кейін Құдай «Болсын!» деп бұйырып, аспанды, өсімдіктерді, Күнді, Айды, жұлдыздарды, Жер бетіндегі жанды жануарларды жаратты. Өзіне рухани ұқсас Адамды топырақтан жаратты. Бұл алтыншы күн еді» Адам жалғызсырамасын деп оның бір қабырғасынан әйелді жаратты. Оларды Едем бағына орналастырды. Бақ ортасында жақсылық пен жамандықты танытатын ағаш өсіп тұрды. Құдай ол ағаштың жемісін татуға Адам Ата мен Хауа Анаға тыйым салды. Алайда жыланның азғыруына ерген Хауа Ана ол жемістің дәмін татты. Адам Атаны үгіттеді. Ол да татты. Олар өздерінің жалаңаш екенін көріп, ұялып абыройын жапырақпен жапты. Құдай Адам Ата мен Хауа Ананы Едем бағынан қуып шықты. Жыланды да қарғап, қуып шықты. Содан кейін Тауратта Адам Атадан бастап, пайғамбарлар тарихы баяндалады. Олар Ыбрайым, Смағұл, Ысқақ, Лұт, Жақып, Жүсіп, Нух, Мұса, Дәут, Сүлеймен, т.б. пайғамбарлар. Құдай Мұса пайғамбарға Синай тауында көрініп 10 бөліктен тұратын аян берді. Олар төмендегідей: – Сенің Менен басқа ешқандай тәңірлерің болмасын! – Демалыс күнін Тәңірге бағышта! – Ата-анаңды сыйла! – Кісі өлтірме! – Неке адалдығын бұзба! – Ұрлық жасама! – Ешкімді бекерге айыптама! – Басқаның үйіне ие болуға сұқтанба! – Басқаның әйеліне сұқтанба! – Басқаның құл-күңіне, өгіз-есегіне, басқа да нәрсесіне сұқтанба! Әлемдік діндер ішінде Иудаизмнен кейінгі ескі діннің бірі – Буддизм. Буддизм б.д.д. 5 ғасырда Үндістанда Ганга өзені бойында пайда болған. (Чекалов, Кондрашов. «История религии»). Үнді патшасы отбасында дүниеге келген Гаутама қоршаулы сарайда сыртқы өмірдің көлеңкелі жағын көрмей ержетеді. Көргені патша сарайының қоршауындағы ғажайып гүлзарлар, мөлдір хауыздар, жас сұлу күтушілер болыпты. Гаутама ержеткенше кәрілік деген не, қайыршылық деген не, сырқат деген не, өлім деген не – олардан хабарсыз өсіпті. Үйленіп, есейгеннен кейін ғана сыртқы өмірдің әлгі көлеңкелі кеспірін көреді. Көреді де мына сән-салтанатты өмірден баз кешеді. Өзіне бұйырғалы тұрған патша тағына да қарамай, ел аралап, қаңғып кетеді. Иығында – дорбасы, қолында – аса таяғы, жападан – жалғыз ел аралап, Адамға бақыт сыйлайтын ақиқат іздеп кетеді. Орман-тоғай, тау-тас арасында өзі тәріздес жаяу-жалқы ақиқат іздеп жүрген тақуа – тіленшілерге қосылады. Талай абыз-гурулардың алдынан өтеді. Талай уағыздар естіп, тәлім-тәрбие алады. Тамақ ішуден тыйылып, азға қанағат етіп жүре беретін тақуалық тірлік кешеді. Ақиқатты аттай жеті жыл іздейді. Сонда да таба алмайды. Күндердің бір күні Гаутама жол бойындағы зәулім ағаш Ботхи саясында жатады. Бір күн емес, тұңғиық ойға малтып бір апта жатады. Ақиқат ашылмайды. Екі апта өтеді, ақиқат ашылмайды. Тек үшінші аптада ғана Ботхи ағашының түбінде жатқан Гаутаманың көкірегіне Жаратқан Ие жап-жарық нұр құяды. Гаутама бір құдірет арқасында ерекше нұрланғанын көріп, көңілі қуанышқа толады. Оның нұрланған көңіл көзі алдында Адамды бақытқа бастайтын ұлы құпия – ақиқат сыры ашылады. Ақиқаттың негізгі төрт діңгегі: – Адам пешенесіне Жер бетіндегі сапарының басынан аяғына дейін құтаймас қиналыс (страдание) жазылған. – Қиналыс қайдан шығады? Тілектен шығады. Тілегіне қолы жетпеген пенде қиналады. Қайғы жұтады. – Сол тілек атаулыдан Адам баласы үзілді-кесілді бас тартса, қиналыстан құлан-таза құтылады. – Қиналыстан құтылудың жолын қуған Адам – абсолютті тыныштыққа, яғни нирванаға жетеді. Міне, бақыт дегеніңіз осы. Гаутаманың көңіл көзі алдында адамзаттың бағы мен соры болған осы ақиқат ашылуы сол екен, Мара Сайтан шауып келеді. Будданы (нұрланғанды) жолдан тайдыруға бар күшін салады. Бұл ақиқатты адамзатқа айтпа деп жалынады. Жалбарынады. Бірақ, Гаутама алған бетінен қайтпайды. Ол осынау Адам соры мен бағының ұлы ақиқаты жайлы ел аралап, уағыз айта бастайды. Сонымен Будда ілімі бойынша ақиқатқа ұмтылған Адам бақытқа қол жеткізуі үшін алдымен төмендегідей 8 шартты орындауы керек: 1. Сауапты сенім керек. Қиналыстан құтылу үшін құштарлықты жою керек. Надандықтан арылу керек. Рахат өмір, байлық дегеннен бас тарту керек. 2. Сауапты шешім қабылдау керек. Ол дегеніміз құштарлық, тілек дегенді ауыздықтау. 3. Сауапты сөз сөйлеу керек. Яғни, ауыздан шыққан лебіз шапағатты болуы шарт. Кесапатты сөзден бас тарт. Бос сөйлеме. 4. Сауапты іс істеу керек. Өзгеге зияны тиетін іс жасама. 5. Сауапқа толы ғұмыр кеш. Тірі жанға зияның тимесін. 6. Сауапты ойға беріл. Санаңды лас ойдан тазала. 7. Сауапты түсінікке ұмтыл. Пәле қайдан? Нәпсіден. 8. Сауапты ілім қу. Ойыңды бір нүктеге жинап үйрен. Ой тұңғиығына сүңгіп үйрен. Соған жаттық. Буддизмнен кейінгі ескі әлем діндерінің бірі – Христиандық. Христиандық б.д. 1-ші ғасырында Таяу Шығыста пайда болды. Иса Мәсіхтің алғашқы өмірбаянын жазған Матвей оның 12 шәкіртінің бірі еді. Біз осы «Інжіл Шарифке» сүйендік. Иса Мәсіх дүниеге былай келді. Оның анасы Мәриям Жүсіпке айттырылған еді. Алайда некесі қиылмай тұрып қыз Мәриям екіқабат болып қалады. Адамнан емес, Киелі Рухтың құдіретімен екіқабат болады. Мұны білгенде Жүсіп қайғы шегеді. Алайда оның түсіне кірген періште: «Ей, Дәуіттің ұрпағы! Қалыңдығың Мәриямға үйленуден бас тартпа! Оның бойына біткен бала Киелі Рухтан. Мәриям ұл табады. Оның атын Иса қой. Ол халқын күнәдан құтқаратын болады» дейді. Жүсіп Мариямға үйленеді. Дүниеге келген ұлының атын Иса қояды. Иса ержеткенде Киелі Рух оны айдалаға апарып, Сайтанның сынағынан өткізді. Тау басына алып шығып, Сайтан оның көзіне алыс патшалықтарды көрсетеді. «Егер маған табынсаң, осы патшалықтардың бәрі сенікі!» деді. Иса: – Кет қасымнан Сайтан! «Құдай Иеңе ғана ғибадат етіп, жалғыз Оған ғана қызмет ет!» деп жазылған!!!» – деді. Сөйтіп, Иса Сайтанның азғыруына ермеді. Ол халық алдына шықты. Уағыз айтты: – Кісі өлтірме! – Ұрлық жасама! – Өтірік айтпа! – Ата-анаңды сыйла! – Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағыларды солай сүй! – Құдай Иеңді шын жүректен сүй! – Жер бетінде өздеріңе дүние-байлық жинамаңдар! – Байлықты көкте жинаңдар! – Не ішіп-жейміз, не киеміз деп уайымдамаңдар! – Ертеңгі күн туралы уайымдамаңдар! – Құдайдан сұраңдар! Сонда ол сендерге береді! Есікті қағыңдар, сонда ол ашылады! – Неке адалдығын бұзбаңдар! – Жауларыңды жақсы көріңдер! – Зұлымдық жасағаннан кек алма! – Егер біреу бетіңнің сол жағынан ұрса, оң жағыңды тос! – Тәнді өлтірсе де жанды өлтіре алмайтындардан қорықпаңдар! Одан да тәнді де, жанды да Дозақта құрта алатын Құдайдан қорқыңдар! Құдайды ғана қастерлеңдер! – Сендерге шын айтамын, адамдар айтқан әрбір жағымсыз сөзі үшін Қиямет сотында жауап береді. – Ақырет күні періштелер келіп, жамандарды жақсылардан ажыратады. Жанып тұрған Тозақ отына лақтырады. – Осы күнаһар дүние адамдарды теріс жолға азғырғаны үшін қасіретке ұшырайды. – Күнәларына өкініп қайғырғандар бақытты. – Кішіпейілділер бақытты. – Мейірімділер бақытты. – Жүректері пәк тазалар бақытты. – Мен Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра өзіме қызмет еткізуге емес, өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін құрбан болуға осы дүниеге келдім. – Киелі жазбаларды және Құдайдың құдіретін ұқпағандықтан қателесіп жүрсіңдер! Смағұл ЕЛУБАЙ.