Мұндай ерекше жаратылған жан, үлкен пайым мен парасат және абырой биігінен аласармай өткен азамат жөнінде «еді» деп өткен шақты сөз саптап отырғанымыздың өзі өкінішті-ақ. Қайтерсің, бұл тағдырға қандай шара бар. Иә, ол біріншіден ұлағатты ұстаз еді. Ғибраты мол ғалым еді. Сонымен бірге Ғалымжан Жұмабайұлы көзінің тірісінде басшылық қызметтің мәртебесін де биікке көтере алды. Сондай-ақ, ол қоғамдық орта мен әріптестері арасында үлкен сый-құрмет пен беделге ие болды. Әрі достыққа адалдығымен, достық деп аталған адами құндылықтың қадір-қасиетін одан әрі көтере білуімен де ел алдында есімі ұмытылмастай болып жатталып қалды.
Осындайда ойды ой қозғайды. Бір пайым екіншісіне қанат байлайды. Сәуле, жарық сәуле деген ұғым бар, қайталанбас құдірет бар. Жаратушының жазуымен миллиондаған шақырымдарды секундтарда жүріп өтіп, жұмыр жерге тіршілік нәрін сыйлайды ол. Еркіндікті сүйеді, адамзатты сүйеді. Адамзат та оған ұмтылады. Бізге азаматтық та, ғалымдық та сол аппақ сәуледей көрінеді. Қазақтың ең қымбатын «шырағым» дейтіні, «Шырағың сөнбесін!» деп тілейтіні бекер болмаса керек-ті. Сырттай қарағанға бір-ақ түс. Ал біле білсек, оның бойында қаншама ғажайып бояу бар. Көк те, қызыл да, сары да. Ұстаздық та, ғалымдық та, азаматтық та, басшылық та – ардың ісі. Ол да сол сәуледей бір өзіне қаншама бақыт, қуаныш, үміт, арман, ізгілік құндақтаған.
Осы бір жарқырайтын сәуле қымбат таста да бар. Ол – гауһар. Гауһар тастың қыры көп болған сайын, жан-жаққа шашатын сәулесі де, жарқырайтын қасиеті де арта түседі. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген халқымызда әдемі тіркес бар. Бұл кез келген адамға айтылмайтын, телінбейтін баға. Нағыз гауһар тас жан-жағына жарқыратып сәулесін шашып, нұрын сыйласа, нағыз азамат та – айналасындағыларға жарық сәуленің шырақшысы бола білген жан. Ақыл, білім, білік, парасат, көркем мінез иесі бола алады. Ардақты адамды асыл азаматқа балар едік. Осындай тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы да, Ғалымжан Нұрышев екеніне бәс тіге аламыз.
«Ұстаз... жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсесін ұмытпайтын... алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі.., мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ.., жұрттың бәріне... жақсылық пен ізгілік көрсетіп... қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек жан» деп шығыс ғұламасы әл-Фараби айтқан екен. Шығыс данасының осы сөзін жадына сақтаған әр адам ұстаздық қасиеттің ауыр жүгін сезінуге тиіс. Әрине бұл биік өлшемдерге ұстаздың ұстазы ғана сыя алатыны анық. Керісінше, екінің бірі данышпан айтқан қағидаларға теңесе алмайтыны тағы да аян. Дегенмен, шығыс ойшылының ұстаз жөніндегі ғақлияға толы толғамдары Ғалымжан Нұрышевқа қарата айтылғандай болады да тұрады.
Біз білетін Ғалымжан Жұмабайұлының еліміздің жоғары білім беру саласына сіңірген еңбегі мен ұстаздық қызметінің жеңісі мен жетістігі көп екені аңғарылады. Ол әріптестік ортада өзіндік таным, терең білім, еңбексүйгіш, жұмысқа қабілеттілік пен талапшылдық және ізгілікке толы қасиеттерімен ерекшеленген тұлға деп толықтай сыр шертуге болады.
Ғ.Нұрышев 1986 жылы Атырау қаласына отбасымен келіп, қызметін жалғастырды. Осы жылы сол кездегі Гурьев педагогикалық институтының ректоры Жамбыл Ақылбаевтың ұсынысымен Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне, ал Ғалымжан Жұмабайұлы педагогика факультетіне декан болып тағайындалдық. Бұл қызметті де ол биік абыроймен, үлкен парасат биігінде атқарды. Қазір қарап отырсам, екеуміз білім беру саласындағы басшылық баспалдақтарын қатар бастағандаймыз. Кейін осы әріптестік қарым-қатынас берік негіздегі айырылмас достыққа ұласты.
Ғалымжан Нұрышевтың өмір өзеніндегі бедерлі бір белесі – елордамыз Астанада қызмет еткен жылдары дей аламын. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметін де ол биік сатыға көтере білді. Сонымен бірге, шәкірт тәрбиелеуге де уақыт тауып, ғылым кандидаттарын әзірлеп шығарды.
2004 жылы бұрынғы педагогикалық институттар қайтадан ашылған сәтте әріптесіміз Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына ректорлық қызметке тағайындалды. Осы жылдан бастап, ғұмырының соңына дейін Ақтөбе педагогикалық институтында іскерлік пен ілкімділік және біліктілік пен білімдарлық үлгісін көрсетті. Әр адамның басты парызы – еліне, ұлтына қызмет ету болса, қай жерде, қай өңірде жүрсе де, Ғалымжан Жұмабайұлы осы парызға тек адалдық танытып отырды. Ол ұлт кадрлары мүддесін жоғары қойды. Білімді студент, білікті маман даярлауға бар күш-қайратын жұмсады. Ел ертеңі – жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру – басты міндет болса, білімді, білікті, тәрбиелі жастардың қалыптасуы үшін табанды азамат қолдан келгеннің бәрін жасай білді.
Білім беру мен ғылым саласында күрделі мәселелерді шешу үшін кәсібилік пен біліктілік үлгісін танытып, оған саналы ғұмырын арнаған жанға қандай марапат та лайықты. Оның ұлағатты ұстаз, ел мойындаған ғалым екеніне ғұмырындағы төккен тері дәлел. Білім беру тарланының еңбегі өз уақытында лайықты бағасын да алды. «КСРО жоғары біліміне сіңірген айрықша жетістіктері үшін» (1991), «Білім үздігі» (1997), «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2001), «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2003), «Ы.Алтынсарин» (2007) төсбелгілерімен, «Құрмет» (2005) және РФ «М. Ломоносов» ордендерімен және екі мәрте Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды.
«Нағыз адамның белгісі – кісілік» деген екен шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұн. Кісілік пен кішілік қасиетінің қатар жүретіні заңды. Ғалымжан Нұрышев кісілік келбетін келістіріп, кішілікті де танытқан, шынайылықты асқақтатып келген ардақты тұлға бола білді. Ана сүтімен бірге сіңген абзал қасиеттің жемісі – айналасына рахман нұрын шаштыра білді.
Жастық кезеңде кездесетін сан қиындықтарға мойымай, қиналғанда қуаткер, оңашада ой-ерік, жалғыздықта жолдас, бақытқа бастар ақылшы, торыққанда таяныш, адамдар арасында айбар, жауға қарсы жебе болатын білім мен ғылымды қуалады ол. Жылдар өте ізденіс пен қабілет-қарымның арқасында шеберлігі дамып, өмірге деген көзқарасы кеңейіп, ғылым жолына бүкіл ғұмырының рухани азығына, қызығы мен шыжығына айналған білім беру саласына өмірін арнаған жан. Ғылым майданының қатардағы жауынгері тек үнемі оқу, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өтуі арқылы қайраткер дәрежесіне дейін көтеріле алатыны анық. Біздің кейіпкеріміз осындай тәлімі мол мектептен өтіп еді.
Белгілі қазақ ғалымы Евней Бөкетов: «Парасаттылық, шарапаттылық, кеңдік, адалдық ғылымда қызмет істеген әрбір адамға лайық, халқымыздың мәпелеп, бетке ұстары – ғылым адамдары» десе, Ғалымжан Жұмабайұлының бойынан осы ғылым адамына лайық абзал қасиеттердің барлығы табылғанды. Басшылық қызметте жүрсе де, ол еш уақытта ғылыми ізденістерінен алыстаған емес. Негізгі зерттеу нысаны республика ауыл шаруашылығының экономикасы болса, осы бағытта 100-ден астам ғылыми еңбектер мен монографиялары жарық көрді.
Өнегелі отбасында дүниеге келген, қызметте бағы жанған тұлғаны ағайындарымен қарым-қатынасының беріктігі отбасында көрген ғибратты өнегесінен деп айтуға болады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық мақалы да осының дәлеліндей. Асқар таудай әке мен асыл ананың ғибратты ғұмыры болашақ ғалымның өсу жолдарына елеулі әсерін тигізгені айқын. «Отбасым мен іні-қарындастарым – Алланың маған сыйлаған бақыты» деп өз естеліктерінде үнемі айтып жүретін Ғалекең зайыбы Гүлімхан Бәйкенқызымен жұбайлық өмірде жарасымды жұп бола білді.
Ол мінезге бай, бір бойынан қазақ әйеліне тән барлық жақсы қасиеттер тоғысқан, ақылына көркі сай адам еді. Сондай-ақ, оның ақадал көңілі мен жайдары да мейірімді жүзі көз алдымыздан кетпейді. Ғалымжандай азаматтың асыл жары Гүлімхан Бәйкенқызы әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессоры атанды. Сөйтіп, отандық әлеуметтану ғылымының дамуына сүбелі үлес қосты.
Қазақта қарақан басынан гөрі елінің қамын жеген азаматтар қашанда аз болмаған. Сондықтан да ата-бабаларымыз мұндай текті ұлдарына: «Тұлпарда да тұлпар бар – қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек», – деп ерекше сүйсініп, есімдерін естерінде сақтаған. Сондай асыл жандардың бірегейі ретінде кемел тұлға, көреген басшы, адал да қимас дос бола білген Ғалыжан Нұрышевтың ғибратты ғұмыры мен азаматтық тұлғасы біз үшін әрдайым биік тұғырда тұрып қалмақ. Сонымен бірге, «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген даналық сөз де оның рухы мен туабітті жаратылысына әбден лайықты еді.
Асхат ИМАНҒАЛИЕВ,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор
ОРАЛ