12 Маусым, 2017

Меймандос мегаполис

467 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елді елеңдеткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі ашылды. Аспан асты, жер үстіндегі айдай әлем Астанаға көз тігіп отыр. Бұйырса, мұнда жаһанға сүйіншілеп жар салуға жарарлық небір ғылыми-тех­ни­калық жаңалықтардың тұсауы кесілмек. 

Меймандос мегаполис

Бәлкім, солардың біразы қоғамның ілгері дамуын қалайтын ізгі ниетті адамзат баласының ортақ игілігіне айналар. Талайларды таңдандырған тамаша идея­лар күнделікті тіршілігімізден көрініс табар. Әйтеуір, көбіне көктегіні көксейтін көңілімізде үкілеген үміт көп. Олай болса, айымыз оңынан туып, адалдықтан айнымас ақ жүректің арман-аңсарындай мақсат-мұраттарымыз бізді алға жетелей бергей. 
Енді ежелгі Есіл жұртта жайнаған жас елордамызға алыс-жақыннан ағы­латын ағайынға бейбітшіліктің бесі­гін тербеткен берекелі ел екенімізді көрсеткеніміз абзал. Бабадан мирас бай дәстүріміз бойынша есігімізден енген қадірлі қонақтарымызды құшақ жая қарсы алуымыз қажет. 
Қабақтарына қаяу түсірмей қайта­руы­мыз керек. Олар ертең отандарына оралғанда қонақжай халқымыздың ыстық ықыласын емірене еске алып жатса, бір ғанибет емес пе?! Өркениет шыңына өр­мелеген тәуелсіз Қазақстан туралы жа­ғымды пікірлердің жайылуына мұндай шартараптық шаралардың да септігі тиетіні белгілі.
Ақордалы Астана – меймандос мегаполис. Шуақты шаһарымызға келіп-кетушілер қимастықпен арттарына қа­райлай-қарайлай аттанады. Ең бас­тысы, бәрі оның даму динамикасына таң­дай қағып, арудай сыланған ажарына сүйсінеді. Адамдарының пәк пейіліне ризашылықтарын білдіріп жатады. Ал­қалы жиындарға арнайы шақырылған сарабдал саясат серкелерінің де, Нобель сыйлығын алған ғұлама ғалымдардың да, дүниежүзілік дүбірлі додаларда топ жарған саңлақ спортшылардың да, өрелі өнерімен көрермен көңілін жаулаған әйгілі әртістердің де ағынан жарыла Астана жайында жағымды пікір айтқандарын екі күннің бірінде көз көріп, құлақ естіп жүр. 
Бес құрлыққа белгілі беделі бар Ел­басымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі арқасында айбыны асқақ­таған Астана аса маңызды халық­ара­­лық мәселелер талқыланатын тағ­дыр­­шеш­ті басқосулардың алаңына айнал­ды. ЕҚЫҰ-ның саммиті, Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының съез­дері, эконо­ми­ка­лық форумдар, араздас­қандарға ара­ғайындық жасау бағы­тын­дағы келіс­сөздер ұйымд­астыру процес­терін еске түсірсек, елор­да­мыздың айналасына тату­лық аурасын та­рататын ерекше рөлін ерік­сіз мойындайсыз. 
Алдағы үш айда елдігіміз сыналар тағы бір емтихан тапсырмақпыз. Мерейлі мемлекетіміз оған мейлінше әзірленгені әлемге аян. Сондықтан, іргелі істе іркіліс болмасына сенім мол. Ендеше, не тұрыс?! ЭКСПО меймандарын әдемі әсерге бөлейтін әртүрлі бағдарламаларымызды бастамаймыз ба? Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан ұтым­ды шаралар ұйымдастырылмақ екен. Еліміздегі ең танымал өнер орда­лары, жекелеген сахна жұлдыздары тоқсан күндік торқалы тойдың көркін кіргізбек. Мақтан тұтар маңдайалды театрларымыз спектакльдерін көрсетіп, операларын қойып, балеттерін билейді. Дәстүрлі әндеріміз дәріптеліп, шалқыма күйлеріміз шарықтайды. Музейлеріміз бен концерт залдарымыз есіктерін келушілерге айқара ашып тастайды. Дауысы көкте дамылдайтын Димашымыз талғамы жо­ғары шетелдіктерді тағы да тамсандырып, құлақ құрыштарын қандыратын бо­лады. Өңірлерден келетін өнерпаздар да ал­қалаған әлеуметтің алдында аянып қал­масы анық. 
Қаладағы «Қазанат» ипподромында ұлттық спорт ойындарының көрігі қызады. Ұлы даланың ұландары ат жалында атойлап, дүйім жұрттың делебесін қоздырмақ. «Қыз қуу», «Теңге ілу», «Жам­­бы ату», «Аударыспақ» дейсіз бе, қан қыздырар қаптаған қызықтың бәрі осында. Сондай-ақ, салбурыншыл саят­шыларымыз қырдың қызыл түлкісіне құс салып, ит жүгіртіп аң аулаудың үздік үлгілерін ұсынбақ. 
Ал көшпенділер өркениеттің көрме­сіндей елордадағы Этноауылдың тамашаларын айтып тауыса алмайсың. Он екі қанат ақ орданы айнала тігілген киіз үйлердің іші кірсең шыққысыз. Қолөнершілер ауылы алыстан мен­мұндалайды. Шын шеберлердің қолынан шыққан зергерлік бұйымдар өткен тарихты қайта тірілтуімен қымбат. Әсіресе, әйелдердің әшекей бұйымдары көздің жауын алады. Тоқылған кілем, басылған киіздің түрлі-түсті оюлары да амалсыз назар аудартады. Қырмызыдай құлпырған қызыл қамзолды қыздар беті­ңізге қарап әнтек жымия, қазақша, орысша, ағылшынша тіл қатып, қалаған жағыңызға жөн сілтейді. 
 ЭКСПО павильондағылар бізге «эври­каларға» лайық ерек жоба-жоспарларын ұсынса, біз оларға өз еліміздің өнегелі тарихын танытып, сан ғасырлық салт-дәстүрімізді және басқа да ұлықтауға татитын ұлттық құндылықтарымызды көрсетіп қалсақ, құба-құп. Көрсін, арда қазақтың әріден желі тартқан алтын арқауының әлі үзілмегенін!

Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»