Фестивальдың биыл елорда күні мерекесінен сәл ертерек басталып кету себебі, біріншіден, әлем көз тіккен ЭКСПО көрмесіне мерекелік шашу десек, екіншіден, одан кейін іле-шала КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің 80 жылдығына арналған Бірінші дүниежүзілік театрлар фестивалінің шымылдығы түрілгелі тұр. Оған Ресей, Қытай, Жапония елдерінен танымал өнер ұжымдары қатысады деп жоспарлануда. Ал дәстүрлі «Сахнадан сәлем!» фестиваліне оралсақ, сахна алаңында әртістердің бір-бірінен озық дәстүрлерді үйреніп, өзара тәжірибе алмасуына, кәсіби бірлескен жобаларға қатысуға мүмкіндік туғызған фестивальдың биылғы ерекшелігі, сахна саңлағы, театр абызы Әзірбайжан Мәмбетовтің мерейтойына арналуында.
Сарапшылыққа Германиядан ЮНЕСКО жанындағы театр сыншылары халықаралық қауымдастығының мүшесі, театр сыншысы Нина Мазур, Грузиядан мемлекеттік «Илии» университеті жанындағы Қазіргі заманғы грузин театры зерттеу орталығының директоры, өнертану докторы Лаша Чхартишвили, Молдовадан Музыка, театр және бейнелеу өнері академиясының кафедра меңгерушісі, өнертану докторы, профессор Анджелина Рошка ат терлетіп жетсе, Қазақстан тарапынан драматург, өнертану кандидаты Еркін Жуасбек, Қазақстанның халық әртісі, режиссер Талғат Теменов, театртанушы Сәния Қабдиева бар.
Бұл ретте тағы Жастар театрының «Асауға тұсау» туындысынан кейінгі эстафетаны «Соғыс» драмасымен жалғастыратын Әзербайжан мемлекеттік жас көрермендер театры, 14 маусымда «Любовь и голуби» комедиясымен шығатын Орынбор мемлекеттік М.Горький атындағы облыстық драма театры, 16 маусымда «Илегилек» психологиялық драмасын ұсынатын Бішкектің (Қырғызстан) «Тунгуч» жастар театры, сондай-ақ «Человек в футляре» қойылымын әкелген Санкт-Петербургтегі мемлекеттік А.Брянцев атындағы жас көрермендер театры елорда фестиваліне алғаш рет қатысып отырғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, отандық өнер ұжымдарынан мемлекеттік академиялық М.Горький атындағы орыс драма театры «Мәңгүрт. Мәңгілік құл» мистериясын, Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театры «Шыңырау» драмасын, 15 маусымда фестиваль бағдарламасына сәйкес С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры «Қасірет...» психологиялық драмасын және Жамбыл облысының орыс драма театры «Дон Жуан» комедиясын көпшілік назарына ұсынбақ.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА