Астана әкімі күн шығыс елінің меймандарын қарсы алып, қос тараптың өзара тиімді ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді.
– Астана қаласының медициналық және жедел жәрдем қызметі автомобильдерінің паркі, сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту, логистикалық желіні жетілдіру сынды көптеген бірлескен нәтижелі жұмыстар жүргізілді. Бұл жопандық тараптың Астананың дамуына қосқан аз ғана үлесі. Сіздің бүгінгі сапарыңыз қалалар арасындағы ұзақ мерзімді серіктестіктің кепілі боларына сенімдімін, — деді Әсет Исекешев.
Бұдан басқа, көптеген елордалық компаниялар Кайдзен жүйесіне көшуде, дәстүрлі жапон асханасы бар мейрамханалар көптеп ашылуда, ал жапон жекпе-жегінің жанкүйерлері қаланың көптеген спорт залдарында шеберліктерін сынай алады.
Еске салайық, 2015 жылдың 27 қазанында Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапонияның Премьер-министрі Синдзо Абэнің қатысуымен Қазақстан-Жапон бизнес форумы өткен болатын. Онда Мемлекет басшысы жапондық іскер топты инвестициялық жобаларға қатысуға шақырды. Маңызды жобалардың бірі ретінде ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі.
– Екі елдің арасын байланыстыратын тағы бір дәлел – бұл біздің бейбіт қатар өмір сүрудегі ортақ ұстанымыз және мемлекеттер арасындағы ықпалдастық. Жапония мен Қазақстан арасын ядролық қару мәселелері бойынша өзара түсіністікке негізделген тарихи тәжірибе біріктіретіні сөзсіз, — деді әкім Осака қаласының мэріне.
Бұдан басқа, қала әкімі Астана мен Осака арасындағы серіктестікті одан әрі дамытуға қызығушылық танытып, Осакада тұрғызылған жасанды арал үстіндегі «Кансаи» халықаралық әуежайы сынды қала құрылысындағы шешімдер бойынша тәжірибе алмасуға шақырды.
Әсіресе, туризм индустриясын дамыту бойынша ықпалдастыққа аса көңіл бөлінді әрі Осака қаласындағы тарихи бекініс сияқты Астанада да көрікті жерлер құру мәселесі, Universal Studio көңіл көтеру паркі, келушілер арасында аса танымалдыққа ие «Каюкан» океанариум сынды ерекше жобалар мәселесі талқыланды.
– Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу қаладағы инфрақұрылымды одан әрі дамытуға ықпал етеді, «жасыл» экономикаға көшуге мүмкіндік ашады, сондай-ақ, жалпы елдің экономикасы үшін қуатты мультипликативті нәтиже береді. Осындай маңызды шараның өткізілуі біздің екі тарапты ықпалдастығымыздың тарихына жаңа серпін беріп, қалалар арасын барлық тараптан жақындастыра түсетініне кәміл сенемін, — деді әкім.