Қ. Тоқаев әңгіме барысында балама энергетика саласындағы жаңа жобалар көрсетілетін жаһандық алаңға айналған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне ЕҚЫҰ-ның белсенді қатысуын ризашылықпен атап өтті. «Экономика-экологиялық өлшем тұрғысындағы ЕҚЫҰ-ның ауқымды тәжірибесін, білімі мен атқарған істерін ескере отырып, Ұйым әлем қауымдастығымен пайдалы ақпаратпен бөліседі деп сенемін», - деді жоғарғы Палатаның басшысы.
Қ. Тоқаев ЕҚЫҰ-ға Аустрияның төрағалық етуіне қолдау білдіре отырып, ЭКСПО-ның «Болашақтың энергиясы» тақырыбы экономика-экологиялық өлшем саласындағы ЕҚЫҰ-ның Вена жария еткен басымдықтарымен үйлесетінін атап өтті. Төраға Аустрия төрағалық еткен кездегі ЕҚЫҰ-ның Экономика-экология комитетінің басшылығына Қазақстанды тағайындау туралы шешімін жоғары бағалады. Осыған байланысты «ЭКСПО-2017» аясында 15-16 маусымда өтетін 25-ші Экономика-экология форумына әзірліктің екінші кездесуінің маңыздылығы атап өтілді.
Тараптар аймақтық қауіпсіздікті нығайту, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты. ЕҚЫҰ-ның қазіргі күн тәртібі туралы айта келіп, Қ.Тоқаев парламенттік қоғамдастық тарапының дипломатиялық күш-жігерінің маңыздылығына тоқталды. «Парламенттік дипломатия мемлекетаралық қатынастарда тиімді құрал болып табылады және ол ЕҚЫҰ аймағында нық сенімді қалпына келтіруде табыстарға қол жеткізу үшін пайдалануы тиіс», - деді Сенат Төрағасы.
Жүздесушілер Қазақстан мен Аустрияның парламентаралық диалогын дамыту мәселелеріне баса назар аударды.
К. Муттонен Аустрияның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне қолдау білдіргені үшін, Ұйым қызметінің негізгі мәселелері бойынша және Парламенттік Ассамблеядағы Қазақстанның белсенді қызметіне орай Қ.Тоқаевқа ризашылығын айтты.