Қазақстан • 14 Маусым, 2017

Журфак түлектерін құттықтады

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ журналистикасының талай буынын қанаттандырған киелі шаңырақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің ұжымы газетіміздің Алматыдағы бөлімшесіне арнайы ат басын бұрып, алда келе жатқан журналистердің кәсіби мерекесіне орай өз түлектерімен қауышты.

Журфак түлектерін құттықтады

«Біз түлектермен мақтанамыз» акциясы аясында қолға алынған игі бастаманы журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сағатбек Медеубекұлы,  деканның ғылыми-инновациялық және халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасары Абай Сәдуақасов, саяси ғылымдар докторы, профессор Гүлмира Сұлтанбаева, сондай-ақ, Түлектер қауымдастығының төрайымы, доцент Орынтай Ошанова бастап келді.      

        Отандық баспасөз бен университеттің дамуына қосқан үлесі үшін «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы тілшілер қосынының жетекшісі Талғат Сүйінбай, шолушы-журналистер Сапарбай Парманқұл, Гүлзейнеп Сәдірқызы университеттің 80 жылдық мерейтойына орай шығарылған мерекелік алтын медальмен марапатталды.  Сондай-ақ шолушы-тілшілер Айнаш Есали мен  Айгүл Аханбайқызы, Мира Байбек пен Арман Октябрьге оқу ордасының ректоры академик Ғалымқайыр Мутановтың арнайы алғыс хаты табысталды. 

    – Біз өз түлектерімізбен мақтанамыз.  Кәсіби білімнің әліппесін үйреткен ұшқан ұясы шәкірттерінің әр жетістігіне сүйінеді. Дархан Қыдырәлі мырза бастаған еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» республикалық газеті акционерлік қоғамының барлық қызметкерлерін ұжымымыздың атынан келе жатқан журналистер күнімен шын жүректен құттықтаймыз – деді Сағатбек Медеубекұлы.

       Кездесу барысында естен кетпес естеліктер айтылып, түлектер тарапынан тілектер жолданды.  Келген қонақтарға тілшілер қосыны тарапынан Президенттің баспасөз қызметі мен «Егемен Қазақстанның» бірлескен жобасымен «Егемен Қазақстан» кітапханасының сериясымен жарық көрген «25 жылдың 25 сәті» кітабы сыйға тартылды.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,              

«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ

Суреттерді түсірген Нұрманбет Қизатұлы