Баспасөз орталығында өткен басқосуда малайзиялық павильон директорының орынбасары Лу Тук Ги «1 пост = 1 Ватт» науқандық шарасының жарияланғанын мәлімдеді.
Белгіленген шартқа сай, шарада әрбір қатысушысы «Facebook», «Instagram» және «VK» әлеуметтік желілеріне жасыл энергетика, жасыл технология тақырыптарында пост жариялап, оны #MyButterflyEffect хэштегімен белгілеп, көрсетулері керек. Ұйымдастырушылар осындай қадаммен әлемде жасыл технологиялар идеясын насихаттамақ.
Павильонның баспасөз қызметкері Мәлік Көшмұхановтың айтуынша, жасыл технология және күн энергиясы тақырыбында әсерлі пост жазған Қазақстанның 2 азаматы елордада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесін тегін тамашалай алады. Байқау шарттарын егжей-тегжейлі түсіндірген ол былай деді: «Әлеуметтік желіде жасыл технологиялар және күн энергиясы жайында бір пост жазып, #MyButterflyEffect хэштегін көрсету қажет. Мақсат – жасыл энергия көздерінің тиімділігін паш ету. Ең әсерлі пост жазған екі қазақстандық халықаралық көрмеге тегін қатысып, қызықтай алады. Барлық шығынды, яғни Астана қаласына келіп-қайту жолақысын, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне кіру билетін Малайзия өкілдігі көтереді. Оған еліміздің кез келген тұрғыны қатыса алады. Олар үшін байқау 30 шілдеде аяқталады».
Аталған шараға Малайзия азаматтары да қатыса алады. Оларға да қойылатын талаптар жоғарыдағыдай. Алайда, малайзиялықтар үшін байқау 10 шілдеде аяқталады.
Асхат Райқұл,
«Егемен Қазақстан»
Дерек пен дәйек
● Малайзия – ең ірі орман алқаптары бар елдердің ішінде бірінші орында.
● Нарықтық дамуы жағынан әлем елдерінің қатарында төртінші орынды еншілейді.
● Жасыл энергетика өндіру бойынша көшбасшы саналады.
● Малайзия – дүние жүзіндегі фотоэлектрлік модульдер мен ұяшықтарын өндірушілердің бірі.
● Жер бетіндегі әрбір фотоэлементтің төртіншісі осы мемлекеттен шығады.