Келіп тұрғандары сол еді, анадайдан жан ұшыра жүгірген бір адамды байқайды. Жүрегін қолына алып жүгіріп жеткен азамат тәртіп сақшыларына сол маңдағы өндірістік қоқыс-қалдықтарды төгетін алаңда бірнеше адамды топырақ басып қалғанын айтады.
«Қол қусырып қарап тұратын сәт емес. Дереу «102» арқылы орталыққа хабар беріп, оқиға болған орынға бет алдық. Барған кезде топырақтан қолдары мен аяқтары шығып жатқан адамдарды көрдік. Үй орнындай үйінді астында қалған жандарды тезірек шығару үшін қажетті құралдар болмаса да, жалаң қолмен аршуға тура келді. Жердің бәрі лайсаң, топырақты қазу да оңай болған жоқ. Топырақ астында қалған адамдардың жанында болған кісілердің зәресі ұшып, естері шығып кеткен. У-шу. Олардың естері шығып кеткендері сонша, жәрдемге ұмтылуға жүректері дауаламай, орындарында қалшиып тұрып қалыпты. Содан не керек, жалаң қолмен топырақ аралас қоқысты аршып, төрт адамды алып шықтық. Өкінішке қарай, олардың ішіндегі екеуі бірнеше тонна қоқыстың астында жантәсілім болыпты. Тірі қалған екеуіне дәрігерлік көмек көрсетілді», – дейді Ерлік Көкешов. Оның айтуынша, тірі қалған екі адамның бірі кейін емханада көз жұмған көрінеді. Жалғыз өзі аман қалған жігіт сауыққаннан соң қос сарбазға хабарласып, алғысын айтып: «Бұл оқиғаны есіме түсіргім келмейді. Жақын адамдарымнан айырылып қалдым. Бұдан кейін мені мазаламасаңыздар деген тілігім бар» депті сөзінің соңында. Ал Ерлікпен бірге ерліктің үлгісін көрсеткен полиция сержанты Тілек Кенжебаев «Бұл ісімізді ерлік деп айтуға болмас. Осындай оқыс жағдайда тек адам өмірін ажалдан арашалауды ғана ойлайсың. Бұл – біздің қызметтік, адамдық, азаматтық парызымыз. Біз тек өз міндетімізді атқардық. Өйткені, біздің Отан алдындағы борышымыз – адам өмірі мен қоғам тыныштығын күзету. Біздің орнымызда кім болса да солай әрекет етеді деп ойлаймыз», – дейді қарапайымдылық танытып.
Бейбіт күнде батырлығы мен батылдығын танытқан қос полиция қызметкеріне былтыр Павлодар қаласында «Қазіргі заман қаһарманы» республикалық акциясы аясында өткізілген қаһарман-полицейлерге салтанатты түрде құрмет көрсету рәсімінде Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаев Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етіп, лайықты құрмет көрсетіпті. Дана қазақтың «жаныңда жүр жақсы адам» деген сөзі осындайда айтылса керек. Жанымыздағы жақсыларды бағалай білсек, қасымыздағы қаһармандардың қадіріне жете білсек болғаны.
Азамат Қасым,
«Егемен Қазақстан»
Өскемен