Биылдан бастап менеджмент және экономика пәндерін қазақ тілінде жүргізу жүзеге асырылады екен. Бұл туралы мемлекетіміздегі университет бөлімшесінің бас директоры Бауыржан Қасымбергебаев хабардар етті.
Бөлімше басшысының айтуынша, мемлекеттік мәртебеге ие болған тілде жоғары білім беру керектігін өмір талап етіп отыр. Оның үстіне нарықтағы тілдік сұраныстың қажеттігін болашақ мамандар да біліп, өтініш білдірді. «Бұл тәуелсіз ел жастарының ана тіліне деген құрметін, ізетін, оң ниетін білдірсе керек. Бұған көрші мемлекеттің азаматтары да таршылық жасамай, мүмкіндіктің тиімді жолдарын қарастырып отыр», дейді ол.
Мәскеу қаласында орналасқан университетте әлемнің елу мемлекетінен алпыс мыңға таяу студент білім алады екен. 2003 жылы «Синергия» университеті менеджментті дамыту бойынша Еуропалық қордың мүшесі болса, 2006 жылы университеттердің Ұлы хартиясына қосылғанын да айта кетсек дейміз. Сол секілді бұл білім ордасы Еуропалық электрондық оқу кепілдігі қорының аккредитациясынан өткен Ресейдегі бірінші мекеме болып табылады.
Сүлеймен Мәмет,
«Егемен Қазақстан»