Құрылғанына бір жылдан аса уақыт өткен Құқық қорғау органдары академиясының басшысы өңірге облыс әкімінің арнайы шақыртуымен келген. Наиль Фарисұлы құқық қорғау саласына көрсетіліп жатқан қолдау үшін жергілікті билік басшысына рахмет айтты.
- Біз құқық қорғау саласының материалдық-техникалық базасын жақсартуға әрдайым көңіл бөлеміз. Былтыр мемлекет қазынасынан 1,5 млрд теңге бөліп, полиция қызметкерлеріне 50 автокөлік, 30 бейнекамера алынды, атты полиция бөлімі үшін арнайы база жасақталды. Биыл жаңадан Жедел басқару орталығы салынып жатыр, бұл жерде барлық бейнеақпарат жинақталып, жедел іс-әрекет үйлестіріліп отырады. Мұндай қамқорлық биыл да жасалады, тағы 50 автокөлік алынады, - деді өңір басшысы Алтай Көлгінов.
Дегенмен, материалдық-техникалық игілік қанша жасалса да, полицияның өз бойында біліктілік, кәсібилік білім төмен болса, нәтиже де аз болады. Сондықтан Құқық қорғау органдары академиясы Батыс Қазақстан полициясы үшін арнайы бағдарлама әзірлеп, оқытуға кіріспек. Бұл курстарда полиция қызметкерлерінің мәдениеті мен әдебі, елмен қарым-қатынас жасау үлгілері, әртүрлі жағдайда өзін өзі ұстау мәнері, психологиялық кеңестер молынан берілмек. 28 маусымда басталатын алғашқы тренингті белгілі Ресей бизнес-жаттықтырушысы Радислав Гандапас өткізбек.
Наиль Ахметзакиров өз сөзінде полицияның абырой-беделі қызметкердің кәсіби біліктілігі мен әдебіне, жұртпен қарым-қатынас тәсілдерін меңгеруіне тікелей байланысты екендігіне тоқталды. «Іс тетігін кадр шешеді» деген қағиданы қайталаған астаналық мейман батысқазақстандық жергілікті полиция қызметкерлері кәсіби біліктілігін жетілдіру деңгейі небәрі 4% екендігін, жеке құрамдағы 1000 адамның 39-ы ғана білім жетілдіргенін айтты. Академия жұмысын таныстырып, онда жоғары білікті 161 офицер сабақ беретінін, құқық қызметкерлері үшін күнделікті пайдалануға ыңғайлы жадынама жинақтарын дайындағанын баяндады.
«Полиция қызметкері – қоғамның адал көмекшісіне айналуы керек» деді Батыс Қазақстан облысының прокуроры Сапарбек Нұрпейісов.
- Полиция қызметкерлерінің қызметі аса жауапты әрі қауіп-қатерге толы. Бейбіт күннің өзінде тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 700-ден аса полиция қызметкері қызмет бабында жүріп қаза тапса, 2 мыңнан аса қызметкер түрлі жарақат алған. Мерт болғандардың ішінде 31 батысқазақстандық бар. Қазір күн сайын 102 нөміріне халықтан 200-300 қоңырау түседі екен. Міне, осындай жағдайда ішкі істер саласы қызметкерлерінің кәсібилігін арттыру, біліктілігін көтері бірінші орында тұруы тиіс, - деді Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Әбілазимов. Батыс Қазақстан облыстық Жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин өзі басқарып отырған саладағы мыңнан аса қызметкердің 37 пайызы – сержант, 47 пайызы – ішкі істер саласына келгеніне 5 жыл толмаған жас маман екендігін айтып, академиялық курстың өте қажеттігін мақұлдады.
Жиын барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов «Тұрғынүйжинаққұрылыс» банкімен келісіп, баспанаға мұқтаж полиция қызметкерлеріне арнап көп қабатты үй тұрғызу жоспарымызда тұр» деген жақсы жаңалықты жария етті. Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Әбілазимовтың айтуынша, облыс бойынша 620 полиция қызметкері тұрғын үй кезегінде тұр екен.
Қазбек Құттымұратұлы,
«Егемен Қазақстан»
Орал
Суреттерді түсірген Айбатыр Нұраш