ЭКСПО-2017 • 16 Маусым, 2017

Украина жасыл энергетиканың дамуына үлес қосуда

187 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі қалашығында Украина күні өтті. Олар ұлттық мерекелері қарсаңында Гиннестің рекордтар кітабына енген 30 метрлік алып тоқыма орамалды таныстырып, баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Салтанатты жиында Украина Премьер-министрінің орынбасары, Өңірлік даму, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық кешені министрі және ұлттық секцияның комиссары Геннадий Зубко өз еліндегі жасыл энергетиканың дамуы жайында әңгімеледі.

Украина жасыл энергетиканың дамуына үлес қосуда

«Бүгінде жасыл энергияға, жаңартылатын күн энергиясына тариф 15-16 центті құрайды, бұл баға 2020 немесе 2021 жылы инвестицияның құйылуына тікелей байланысты. Жасыл энер­­гетиканы қолдауға ба­ғыттал­ған мұндай тариф басқа еш­қан­дай елде жоқ», деген министр Украинаның баламалы энер­гия көздерін енгізіп, жел мен күнді белсенді қолданып, инвес­тициялық бизнеске жайлы жағдай жасау үшін реформалар жүргізіп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, қазіргі таңда энергия үшін күннің басты реактор екенін және оны тиімді қолдану керектігін айтты.
Г.Зубконың пікірінше, Ук­раинамен бірге, Қазақстанда және көрмеге қатысушы барлық мемлекетте үлкен тәжірибе бар. Заманауи технологиялар бір гектар жерден энергия өн­діру мүмкіндіктерін артты­руда. Әр бес жыл сайын екі есе көп энергия алынуда. Бұл – біздің болашақ ұрпаққа қал­ды­рып кететін қуатымыз. Алай­да, энергияны тиімсіз қолданған­ды­ғымыздан ғаламшарымыз жыл­дан-жылға өзгеріске ұшырауда. Сондықтан, келер ұрпақ ал­дын­дағы жауапкершілікті мой­нымызға алуымыз қажет
Украиналық секция комиссары еліндегі астық экспорты шамамен 40 миллион тоннаны құрайтынына, мұндай ауқымды астық көлемінен де энергия өндіруге болатынына тоқталды. «Қазіргі уақытта тек экспортталатын астық көлемі 39 миллион тонна болса, жалпы өндіріс көлемі одан да көп. Оның қал­дықтарынан биогаз өндіруге және оны энергетикадағы кейін­гі қолданылуына жұмсауға мүм­кіндік бар. Және жел энергетикасына қатысты Қазақстанмен бірлескен кооперация үлгісі бұрын-соңды қолданылмаған энергияның қаншалықты тиімді болатынын көрсетті», – деді Г.Зубко.
Басқосуда Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақ­са­лиев украиналық мамандардың ғаламшар экожүйесін сақтауға және жасыл энергетиканың да­муына үлес қосуға дайын еке­ні қуантатынын айтты. «Біз Ас­тананың күн, жел, биогаз, теңіз және жылы сулардың энергиясын қолдану саласындағы үздік әлемдік жаңалықтар мен тренд­терді таныстыратын тиімді алаңға айналарына сенімдіміз. Қа­зақстан үшін Украина – ма­ңызды экономикалық серіктес. Біз екі ел арасындағы тығыз қа­рым-қатынас пен өзара түсініс­тіктің жоғары деңгейін биік ба­ға­лаймыз», деді вице-министр.
Өткен сандарымыздың бі­рінде украиналық шеберлер ЭКСПО-2017 көрмесі үшін ұзындығы 30 метр болатын рекордты сүлгі әкелгенін жа­риялағанбыз. Қолөнер бұйы­мында сол мемлекеттің әрбір өңіріне тән алуан түрлі өр­нектер бейнеленген. Халық­аралық шарадан соң бұл туынды Қазақстандағы Украина елшілігіне табысталмақ.
ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Украина экспозициясы «Жі­бек жолы» плазасының құра­мында орналасқан. Онда Ук­раи­наның инновациялық жел және күн генераторлары, энергия үнемдейтін үй, электр өнді­ретін пердешелер және өзге де жаңалықтары қойылған.

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»