Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтановтың жетекшілігімен өткен жиында, тақырып бойынша Әділет министрі Марат Бекетаев пен Адвокаттардың республикалық алқасының төрағасы Әнуар Түгел баяндама жасады.
Ал комиссия отырысының жұмысына заң шығарушы, атқарушы органдар мен Қазақстан Республикасы сот жүйесі билігінің жауапты мамандары, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың, адвокаттар тобының, қауымдастықтардың өкілдері қатысқан еді.
Арнайы баяндама жасаған комиссия мүшелері адвокатура қызметінің еліміздегі маңызды құқықтық институты бола тұра негізгі міндеті, ол – маманданған заңдық көмекті алу бойынша азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету болып табылатындығын баса айтты.
Сонымен қатар, осы мақсатты жүзеге асыруда мемлекетке жәрдем ету әрі азаматтардың және басқа да тұлғалардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғау екендігі айрықша атап өтілді.
Ал талқылау барысында комиссия мүшелері мен сарапшылар Қазақстандағы адвокатура институтын дамытуды, сот ісін жүргізуде және сот шешімдері шеңберіндегі адвокаттардың рөлін арттыруды, қылмыстық процестің белсенді қатысушысы ретінде адвокаттардың процессуалдық құқықтарын жүзеге асырудың тиімді құқықтық механизмдерін белгілеуді ұсынды. Жалпы алғанда, комиссияның отырысы барысында әзірленген ұсынымдармен Мемлекет басшысы, Парламент пен Үкімет таныстырылады деп жоспарланған.
Айта кетейік, бүгінгі таңда елімізде адвокатура институты Адвокаттардың республикалық алқасы мен жалпы саны 4 мыңнан астам адвокатты құрайтын адвокаттардың 16 өңірлік алқасы қалың бұқараға өз қызметін көрсетіп келеді. Онда білікті заңгерлердің адвокат мамандығын алуды жеңілдету мен адвокаттардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру институтын енгізу, сондай-ақ халыққа тегін заңдық көмек көрсетуді бақылау механизмін әзірлеу сынды жұмыстар ұсынылады.
Александр Тасболатов,
«Егемен Қазақстан»