Облыстық білім басқармасының басшысы Бақыт Бексейітованың айтуынша, өткен жылы өңір бойынша ҰБТ-ға мектеп бітіретін 3601 түлектің 2564-і қатысыпты. Орташа балл 88,2-ні құраған. Ақтоғай, Павлодар, Шарбақты, Железин, Успен аудандарының түлектері төмен нәтиже көрсеткен болатын.
Ал, биыл ше? Биыл 11-сыныпты бітіретін өңірдегі 3738 оқушының 2676-сы немесе 71,5 пайызы тестілеуге қатысуға ниет білдіріп отыр. Негізі, ҰБТ-ны тек қана еліміздің жоғары оқу орындарына түскісі келетін түлектер ғана тапсыруға міндетті делінді. Осыны алға тартып ҰБТ-ға қатыспайтын түлектер қатары көбейе бастағандай. Мысалы, мектептерінде бала саны аз Успен ауданында былтыр мектеп бітірген түлектердің 52 пайызы ғана ҰБТ-ға қатысқан.
Оған не себеп?.. Аудан әкімі Сергей Саламацкийдің айтуынша, Успен ауданы Ресеймен шекаралас орналасқан. Мектеп бітірушілердің көбі көрші елдің жоғары оқу орындарына оқуға түседі. Сондықтан, олар үшін ҰБТ-ға қатысу маңызды емес екен.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
авлодар облысы