Аймақтар • 16 Маусым, 2017

Өнерлі өрендер өлкесі

487 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жандану әле­мі» қо­рының ұйым­дас­ты­руымен елі­міз­дің барлық аймақ­та­рын­да 7 мен 13 жас ара­лығындағы ба­ла­лар­дың ән ұлттық бай­қауы өтеді дегелі сол­түс­­тік­қазақстандық өнер­­лі өрендер де дайын­­дықтарын шың­дап, жарғақ құлақтары жас­тыққа тиген жоқ.

Өнерлі өрендер өлкесі

Міне, көптен күткен күн де келіп жетті. «Бала дауысы–2017» ұлттық балалар ән байқауына қатысуға тілек білдірген 120-ға жуық үміткер облыстық мәдениет орта­лығына жиналып, сах­наға шығу кезектерін тағат­сыздана тосып тұрды. Біз көпшілік арасынан өңірге танымал «Айналайын» би тобының жетекшісі Ботагөз Мәметованы жолықтырып, ол үкілеп бәйгеге қосқан ба­ла­қайлардың қандай дайын­дықпен келгенін сұрадық.
– Мен бір жағынан Пет­ропавл қазақ классикалық гимназиясындағы музыкалық студияда жұмыс істеймін. Мұнда талантты оқушылар аз емес. Оншақтысын баптап әкелдім. Олардың арасында Аяулым Кәрібай болашағынан үлкен үміт күт­тіреді. Қазақ, орыс, ағыл­шын тілдерінде ән шырқайды. 
Байқауды ұйымдас­тырушы Толғанай Хасен­қызының айтуын­ша, бай­қау балалар ән шы­ғар­ма­шы­лығын дамытуды көз­дейді. Музыкалық білім алуларына көмектеседі. Му­зы­калық продюсер Айжан Ке­рімқұлова мен әнші, жұ­л-­дызды тәлімгер Луина ірік­теу кезеңіне төрелік етіп, «Ба­ла дауысы» жобасының өңір­лік жеңімпазын анық­тайтын болады.
Сайыс ережесі бойынша реттік нөмір үлестіріліп, бірінші кіру кезегі Айнұр Тілеулинаға бұйырды. «Сә­лем, Астана» облыстық бай­қауының Гран-при иегері «Қисмет» әнін таңдапты. Оны тамылжыта шырқап жүр­ген Гаухар Қаспақова апасына барынша ұқсауға тырысты. Нұрайым Есқожа мұндай беделді додаға алғаш рет қатысқанына қарамастан өзін еркін, байсалды ұстады. Жан дүниесімен орындаған әндері жүректерге жетіп жатты. Ұзын-сонар кезек күткен қатысушылардың ән сайысы көпке дейін созылып, әркім вокалдық, әртістік қарым-қабілеттерін танытуға барынша ұмтылды. 
Қазылардың шешімімен Тайынша қаласындағы №5 қазақ мектебінің оқушысы Әсел Тасмақанова жеңімпаз деп танылып, республикалық кезеңге жолдама алды. 

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы