ЭКСПО-2017 • 16 Маусым, 2017

Таңғажайып Cirque du Soleil труппасы Астанада

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Reflekt» шоу-бағдарламасында қандай қызықтар болады?

Таңғажайып Cirque du Soleil труппасы Астанада

Канадалық Cirque du Soleil труппасы тағы да Астанада. Бүгін көрме алаңында ЭКСПО-2017 көрмесінің қонақтары үшін арнайы әзірленген «Reflekt» шоу-бағдарламасының тұсаукесері өтеді. Бейкүнә жануарларды қинамай-ақ қызыққа тоймайтын бұқараны таңқалдыруға болатынын дәлелдеп жүргені үшін көптің қошеметіне ие ерекше ұжым қатарында ең талантты, таңдаулы мамандар шоғырланған. Түрлі жанр араласқан мюзикл қойылымында цирк әртістерінен бөлек музыканттар мен әншілер де өнер көрсететін болады.

«Reflekt» Cirque du Soleil бас директоры Бернард Пойриенің сөзінше, шоу жұмысына 160-қа жуық цирк қызметкерлері атсалысқан. «Reflekt» шоуы арқылы қазақ елінің бай мәдениетін баршаға танытқымыз келеді деген ол шоу-бағдарламаның ерекшелігіне тоқталды.

– Жобада Cirque du Soleil тарихында еш жерде бұрын-соңды қойылмаған жаңа трюктар көрсетіледі. Тек осы үшін ғана мыңдаған көрермен келуі тиіс деп ойлаймыз. Қазақ елін қонақжайлығы үшін ұнатамын. Сіздердің энергетикаларыңызды сезіну біздің әртістеріміз үшін бақыт, – дейді бас директор Бернард Пойрие.

Батыстық үйлесіммен әрленген халық өмірінің әр кезеңдегі тыныс-тіршілігі бейнеленген ұлттық музыка мазмұнынан лирикалық, эпикалық, қаһармандық леп еседі. Сюжет мазмұнына тоқталған шоудың атқарушы директоры Даниель Форте осы тараптағы ізденістері туралы айтып берді.

– Тоғыз ай толығымен шоудың дайындығына кетті. Осы уақыт аралығында канадалық композитор Саймон Карпентие қазақ ұлттық музыкасының элементтерін пайдалана отырып, дыбыстық көркем бейнеге негізделген ойын-сауық музыкасын жазды. Ал костюм жөніне келетін болсақ, Цирк Дю Солей қазақ халқының ұлттық нақышындағы костюмдерді арнайы тіктірді, – дейді Даниель Форте.

Шоу барысында көрініс тапқан сақ тайпасының жас көсемі алтын адам, семантикалық және тарихи түп-тамыры терең маңызды типологиялық образ болып саналатын қанатты тұлпарлар Ұлы дала көшпенділерінің рухын асқақтата түсетіні сөзсіз.

Канадалық танымал хореограф Лидия Боушер театрландырылған цирк бағдарламасының ең қызықты акробатикалық номерлерін әзірлеген. Әуеде айналып тұрған дөңгелектің сыртын айнала зыр жүгірген акробаттар эквилибристика шоуының түр-түрін көрсетсе, башпайларымен садақ тартатын қос биші қыз ептілігімен тәнті етеді.

Жалпы, цирк жаз бойы Астанада 71 қойылым сахналауды жоспарлап отыр. Cirque du Soleil Канаданың Монреаль қаласында 1984 жылы құрылған. Ерекше дизайны мен биі арқылы талайды таңқалдырып келе жатқан цирк қазіргі таңда ойын-сауық индустриясындағы алып компаниялардың біріне айналған. Цирк ұжымында әлемнің 50 елінен жиналған 4000-ға жуық адам еңбек етеді.

Ая ӨМІРТАЙ,

"Егемен Қазақстан"