Аймақтар • 16 Маусым, 2017

Атырауда патриоттар форумы өтті

521 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР мемлекеттік рәміздерінің және Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған шарада отансүйгіштік қасиеттерімен дараланған азаматтар арнайы марапаттарға ие болды.

Атырауда патриоттар форумы өтті

Қоғам өміріне белсенді араласып жүрген Құрманғазы ауданы әкімі жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова «Азаматтық асқақтық» аталымына лайық деп танылды. Ал ұстаздар династиясын жалғастырушы Мағиса Ибрашева «Ерен еңбек жолы» номинациясында үздік атанды. Ол басқаратын Индер ауданындағы Қ.Абаханов атындағы орта мектеп бірнеше жыл қатарынан «Үлгілі білім мекемесі», «Жыл мектебі» болып жүр.

«Мемлекеттік қызмет сапында» номинациясы бойынша Мақат аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің меңгерушісі Гүлжанар Өтешованың есімі аталды. Нұрлан Есмұханов – «Табиғат жанашыры», Абылай Құрметұлы «Жастық жігер», Мұрат Бектенов «Ұрпаққа ұлағат» аталымдарында арнайы марапат иеленді. Патриоттар форумының ең жас қатысушысы - құрманғазылық Ермахан Насихан. Еңбекші орта мектебінде оқитын 13 жастағы Ермахан досы Бейбарыс Қайроллаұлы екеуі Сұрхан өзенінде суға батып бара жатқан әйелді құтқарып қалған еді. Ішкі істер министрлігінің «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен, Білім және ғылым министрлігінің «Елжанды патриот» төсбелгісімен марапатталған Ермаханның есімі тағы да үздіктер қатарында аталды.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Злиха Таласбекованың айтуынша, мұндай шаралардың мақсаты - азаматтардың қоғам өміріне белсенді қатысуын ынталандырып, жақсы қасиеттері мен ізгілікті істерін елге үлгі ету.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ.