«Даму» Қорының Басқарма төрағасы Абай Сарқұлов екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1,5 млрд теңгенің 31 мың жобасы жеңілдікпен несиелендірілгенін атап өтті. Кәсіпкерлердің 9,7 мың жобасы 1 трлн 811 млрд теңгеге субсидияланды. Кепіл мүлкі жетіспеген кәсіпкерлердің 3 мың жобасы 104,3 млрд теңгеге кепілдеме алды. 3,3 мыңға жуық кәсіпкер білімін жетілдірді.
Тек қана 2016 жылы «Даму» Қорының қолдауын алған кәсіпорындар 4 трлн теңгенің өнімін шығарып, қызметін көрсеткен. 253 млрд теңге салық төлеп, 26 мың жұмыс орнын ашты. Осылайша бизнеске салынған әрбір 1 теңге салық түрінде 4 теңге болып қайтқан. 2016жылы Қордың жеке капиталы 100 млрд теңгеге жуықтап (98,7 млрд), Қазақстан банк секторының жалпы сомасының 3,5% құрады. Қор активтері 349,4 млрд теңгені құрайды. Бұл – Қазақстан банктері активінің жалпы сомасының 1,4 пайызы.
«Даму»Қоры алдағы жылдары дамудың бірнеше бағытын көздеп отыр. Атап айтқанда: көрсетілетін барлық қызметтерді толықтай автоматтандыру, қаржы супермаркетін құру, микроқаржыландыру, ісін жаңа бастаған және бизнесі бар кәсіпкерлерді оқыту.
Былтыр осы уақыттан бері «Жаңа бизнес ашуды қолдау», «Студент жастар арасында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау» және «Стартап Академия» жобалары аясында 3 834 адам оқып, оның 357-і өз бизнестерін ашты. 39 жоба Қор бағдарламалары аясында қаржы алды. 817 адам қашықтан оқытылды.
Сол сияқты компанияның шет елдік спикерлері – KODIT Несиелерге кепілдеме беру қоры (Корея), Түркия шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау және дамыту ұйымы, BPIFrance Француз Инновациялық Агенттігі және Малайзия шағын және орта бизнес корпорациясы өкілдері кәсіпкерліктің әлемдік үздік тәжірибелері туралы әңгімелеп, «Даму» Қорына отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін көтеру бойынша ақыл-кеңестерін берді.
Сондай-ақ сессия кезінде «Даму» Қоры мен халықаралық ұйымдар арасында қазақстандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдауды дамыту және экономикалық, сауда әріптестігін жақсартуды көздеген меморандум мен әріптестік жайлы келісімдерге қол қою рәсімі өтті.
Айнаш Есали,
«Егемен Қазақстан».
Алматы