«Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Облыс басшылығы өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерін материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етуге барынша күш салып келеді. 2016 жылы қажетті қондырғылармен жабдықтауға 1,5 млрд. теңге бөлінді. Мамандарымыз Ұлыбританияның озық клиникаларында біліктіліктерін арттырып, білімдерін шыңдап қайтты. Мемлекеттік бағдарламаның 2016 жылы жүзеге асырылу қорытындысы көрсеткендей, халықтың өмір сүру ұзақтығы, тұрғындардың денсаулығы, көрсетілетін медициналық көмектің сапасы сияқты негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер көңіл қуантады. Бұған Сіздердің сіңірген еңбектеріңіз зор», - деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова өзінің құттықтау сөзінде.
Салтанатты шара барысында облыс әкімінің орынбасары Өскемен қаласындағы №2 емхананың терапевт дәрігері Гүлназ Нұрмадиеваға, Күршім аудандық ауруханасының терапевт дәрігері Бақтыкамал Бабышеваға, Риддер қалалық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Сейітхан Баянбаевқа, Семей қаласының өңірлік туберкулезге қарсы диспансерінің фтизиатр дәрігері Гүлжан Райымоваға, Курчатов қалалық ауруханасының дәрігері Анар Мұқатаеваға Денсаулық сақтау министрлігінің «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін тапсырып, облыс әкімінің Грамоталарымен марапаттады.
Реті келгенде айта кетейік, соңғы жылдары аймақта денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға көбейіп келеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановтың айтуынша, аталмыш саланың бюджеті биыл 73 927 млн. теңгеден 86 961 млн. теңгеге дейін артып, 15 пайызға өсіпті. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі биыл 60 035 млн. теңгеден 66 825 млн. теңгеге дейін ұлғайыпты.
«Алда атқарылар шаруа ауқымды. Жуықта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгіземіз. Бұл орайда медицина қызметкерлеріне жүктелер жауапкершілік жүгі салмақты. Қазіргі уақытта облыс басшылығы тарапынан денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мамандарымыз медицинасы дамыған шетелдерде тәлімгерліктен өтуге мүмкіндік алып отыр», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН
Суретті түсірген
Есімхан ОРЫНБАЕВ