Аймақтар • 17 Маусым, 2017

Бағдарлама негізінде балаларды сауықтыратын орталық ашылды

328 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтауда «Фламинго» балалар сауықтыру орталығы 13 маусым күні өз есігін ашты.

Бағдарлама негізінде балаларды сауықтыратын орталық ашылды

Туризм саласындағы кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Саяхат» аймақтық бағдарламасы балалар лагерін кеңейту және қайта жаңарту, балаларға арналған демалыс үйлеріне күрделі жөндеу жүргізу, инфрақұрылымын жаңарту, техникалық базасын жаңғырту секілді көптеген мәселелерді көздеген еді. Ең басты мақсат - лагердің балаларға ыңғайлы, жайлы, қолайлы қауіпсіз болуы. Бұл жобаны іске асыру үшін туризм саласындағы кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Саяхат» аймақтық бағдарламасы шеңберінде «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы қаржыландырылған. 

Лагерь 32 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Соңғы бес жыл ішінде екі рет «Балаларды сауықтыратын үздік орталық» атағына ие болды. «Фламинго» ұжымындағы балалардың демалысы негізінен интеллектуалдық және физикалық дамуына, тәрбиеленуіне, тәртіптіліктігіне, патриоттылыққа, табиғатқа ұқыптылықпен қарауға бағытталған.

Балалар лагерінде әр топ 12 күннен демалады. Қазір жаңа жаңарған лагерьде жазғы маусымда 5 топты бірден қабылдай алады. Бір маусымда 425 бала демалып шығады. Мұнда 6 жастан бастап 13 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Ақысы 65 000 мың теңгеден 75 000 мың теңге аралығында. Әр топты қабылдау барысында жетім және аз қамтылған отбасы балаларын ақысыз алып отыру да дәстүрге айналған. Жоба 65-тен астам адамды жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етті.

-17 жыл бойы «Фламинго» балаларды сауықтыру орталығында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу сол мекемеде қызмет жасаушылар мен демалушы балалар үшін арман болып келген болса, бұл арман мемлекет тарапынан жеңілдікпен берілетін несиенің арқасында жүзеге асты. Ата-аналар қам жемеулеріне болады. Балалардың қауіпсіздігі мен сауықтыру, көңіл көтеру шаралары жолға қойылған. Әр баланы өз баламыздай көреміз. Біз үшін ең бастысы - балалардың күлкісі мен қуанышы,-деді «Фламинго» ЖШС басшысы Жанболат Ізетұлы.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы