Үкімет • 19 Маусым, 2017

Мәдениет – мәртебеміз, спорт – мақтанышымыз

522 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның қатардан қалмай, қарқынды дамуы жолында мәдениет пен спорттың қосар үлесі қомақты. Қос саланың өткен жылғы атқарған айшықты істері мен алдағы күнге қойған маңызды міндеттері жайында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы халық алдында есеп беру кездесуін өткізіп, кеңінен баяндады.

Мәдениет – мәртебеміз,  спорт – мақтанышымыз

Мемлекеттік орган басшысы сөзінің әлқисасын халықаралық көрме хақында бастады. Ол орынды да. Себебі, шекарамызды аттап, шетел асып келіп жатқан қонақтардың бірі экономикамызды бақылап келсе, енді бірі мәдени ахуалымызға көз жүгіртері анық. 
«Қазіргі уақытта әлемнің бар назары біздің елордамыз Астанаға ауып отыр­ған шақ. Еліміздің тарихында тұңғыш рет өтіп жатқан ауқымды да, маңызды оқи­ғаға әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатқан қонақтарды қарсы алып отырмыз. Барлық келушілер ЭКСПО-ның мәде­ни бағдарламаларына белсенді түрде қатысады және көрменің керемет мазмұнды шығармашылық бағдарла­ма­ларынан ләззат алуға, Қазақстан халқы­ның бірегей өзіндік тарихи мұраларымен, оның қазіргі заманғы жетістіктерімен танысуға мүмкіндік алады. Тек өткен күн­дердің өзінде ЭКСПО-ға арнайы салын­ған «Этноауыл» ұлттық-мәдени кеше­нін бірнеше мыңнан астам адам тама­шалаған. «Нон-стоп» режімінде жұмыс істейтін «Этноауылда» қазақ хал­қының сәндік-қолданбалы өнері, ұлттық спорт, дәстүрлі аңшылықтың түрлері, ұлттық тағамдар, соның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының асханалары, өңірлердің Мәдени күндері және тағы басқалар ұсынылады. Алғаш рет «Этноауыл» аумағында Nomad Way этномузыка фестивалі болды. Ертең Құрманғазы атындағы дәстүрлі орындаушылар конкурсының Гала-концерті өтеді. «Этноауыл» тұтас үш ай бойы жұмыс істейді, әрі қарай оны тұрақты өткізуді дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырмыз», деді министр. 
Сонымен қатар, ол 11 маусымда Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесіне ат спорты түрлерінен «ЭКСПО кубогы» өткенін тілге тиек етті. 
«Жарыс жоғары деңгейде өтті. Елімізден бөлек, Ресей Қырғызстан, Өзбекстан, Польшадан қатысушылар келді. Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрлігі ЭКСПО-2017 ха­лық­­­аралық мамандандырылған көрмесі аясында халықаралық деңгей­дегі 18 ау­қымды спорттық шара ұйымдас­тырады. Елі­міздің өңірлері де спорт­тық жарыстардан қа­лыс қалмайды. Ха­лықаралық көрме ая­сында Қазақстанның 14 облысында 20-дан астам спорттық сайыс өткізіледі», деді А.Мұхамедиұлы.
Жиын барысында ведомство басшысы өткен жылдың өзекті тұстарына шолу жасап, 2016 жылдан бастап министр­лік тарапынан 160-тан астам норма­тив­тік-құқықтық актілер әзірленгенін, «Мә­дениет туралы», «Дене шынық­тыру және спорт туралы» заңдар жаңар­тылғанын, «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» жаңа заң жо­басы қабылданғанын, «Архив ісі мә­селелері туралы» және «Кинема­тография туралы» заңдардың жобалары дайындалғанын айтып өтті.
Бейжің, Лондон, Рио-де-Жанейро Олимпиадаларында спортшыларымыз толағай табыстарға қол жеткізгені спорт саласындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі деуге болады. Иә, былтыр ғана өткен XXVIII қысқы Дүниежүзілік универсиада да еліміз алғаш рет Қытай, Жапония, Корея, Франция сынды мемлекеттерді басып озып, 2-ші орынға көтерілді. Бұл миллиондаған қазақстандық үшін спортпен айналысуға және салауатты өмір салтын қолдауға басты себеп болып, жаңа серпін бергені сөзсіз.
Баяндама барысында Арыстанбек Мұхамедиұлы Қанат Ислам, Геннадий Головкин, Жанқош Тұраров сияқты қазақтың атын шығарып, абыройын асырған спортшылар спорт саласына ғана емес, еліміздің даңқын көтеруде де  сүбелі үлес қосқанын атап өтті. 
П.И.Чайковский атындағы Х Х­а­лық­­аралық жасөспірімдер байқауы, «Шам­баланы іздеу жолында: Нико­лай Рерихтің Нью-Йорктегі музейі­нен алынған жауһарлар» атты көрме­сі, «Сұлтан Бейбарыс және оның дәуі­рі» көрмесі, италиялық композитор Дж.Вердидің «Аида» операсы, «Ромео мен Джульетта» мюзик­лі, «Қытайдың Цинь Шихуанди импера­торының Терракота әскері» атты көр­месі, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жі­бек» операсы, Л.Минкустің «Дон Кихот» ба­леті осы және өзге де концерттік бағ­дар­­ламалардың барлығы ЭКСПО-2017 ха­лық­аралық көрмесінің аясында ұйым­дастырылатынын айта кетсек дей­міз. 
Сөз соңында мәдениет және спорт министрі ЭКСПО-ның тұтас өту кезең­інде министрлікпен 1400-ден астам мә­де­ни және спорттық іс-шараны өткізу жоспарланғанын жеткізді.
«Жалпы барлық іс-шаралар туралы хабарландырулар үздіксіз түрде жария­ланып отырады. ЭКСПО-ның тұтас өту кезеңінде министрлік тарапынан 1400-ден астам мәдени және спорттық іс-шараны өткізу жоспарланған. Барлық мәдени нысандар мен спорттық алаңдар үздіксіз жұмыс істеуде. Көптеген іс-шараларға билеттер олардың басталуынан бұрын сатылып кеткен. Мұның өзі әлемге қазақстандық мәдениет пен спорттың зор мүмкіндіктерін ашып көрсетеді», деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.