– Амантай Акрамұлы, «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» демекші, бас қаламыздың табыстарының бірі қоғамдық тәртіп пен жанға жайлы тыныштықтың нәтижесі екені белгілі. Бұл орайда Астана қалалық Ішкі істер департаменті атқарып жатқан жұмыстардың да айтарлықтай екені анық. Осы арада әңгімемізді елордалық ішкі істер органдарының қалыптасу кезеңінен бастасақ деген ұсынысым бар.
– Полиция қатарына мамандар қабылдау, оларды дайындау мен тәрбиелеу жүйесі мемлекетіміздің ішкі істер органдарының нығаюының іргетасы болып табылады. Қазіргі таңда қазақстандық полицияның өзіне жүктелген міндеттерді орындауына, толыққанды қызмет атқаруына барлық қажетті жағдай жасалған.
Мемлекеттің және жергілікті әкімдіктің қолдауы арқасында елордалық ішкі істер департаментінің материалдық-техникалық жабдықталуы жоғары деңгейде. Соның дәлелдерінің бірі – Астана полицейлерінің кеудеге ілінетін бейнетіркегіштерді қолдана бастауы. Бейнетіркегіштерді пайдалану құқық бұзушылықтарды тіркеу ғана емес, оған қоса жемқорлық әрекеттерге жол бермеудегі ұтымды амал болып саналады. Мұндай тәжірибе оң нәтижесін беріп, бүгінде ол мемлекеттің бүкіл аумағында қолданылады.
Ал елордамызда республикалық және халықаралық деңгейдегі саяси, қоғамдық және спорттық-мәдени іс-шаралар жиі өткізілетіндіктен, ІІД құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етеді. Жыл басынан бері ұйымдастырылған 985-ке жуық іс-шара кезінде қоғамдық тәртіп тиісті дәрежеде қамтылды. Мәселен, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге орай тәртіп сақшыларына үлкен жауапкершілік жүктелген болатын. Қазіргі таңда, осы ауқымды әлемдік шараның басталуына орай, ІІМ, әкімдік, басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп, қауіпсіздікті және нысандардың антитеррористік қорғалуын жоғары деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешені жүзеге асырылып жатыр.
ЭКСПО көрме қалашығының аумағында жаңа полиция бөлімі қызмет ете бастады. Қонақтардың жайлылығы үшін біздің бастамамызбен көптеген қонақ үйлерде шетелдік азаматтарды тіркеуде электрондық жүйе іске қосылып, ол өзін ақтап отыр. Бүгінде қазақстандықтар мен шетелдік қонақтар тәуліктің кез келген уақытында елордамызда өздерін қауіпсіз сезінулері мақсатында құқықтық тәртіпті қорғау тек көрме нысандарында ғана емес, Астананың барлық аумағында қамтамасыз етілуде.
Халық көп жиналатын орындарда, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар өткізілетін орындарда қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға қарсы жедел әрекет ету үшін заманауи техникамен толық жабдықталған арнайы автобустарда Астана қаласы ІІД жылжымалы кезекші жедел-тергеу тобы кезекшілік етеді. Аталған шағын топтың құрамында тергеушілер, криминалистер, жедел қызметкерлер, учаскелік полиция инспекторлары, жүргізуші-полицейлер және ағылшын тілін меңгерген еріктілер бар.
– Бұл орайда, халықаралық көрменің мәртебесін ескере отырып, тәртіп сақшыларының қызметтік және кәсіби дайындығының деңгейіне де баса назар аударылған шығар?
– Әрине. Ішкі істер департаментінің 600-ден астам полиция қызметкері ағылшын тілін меңгеру курсынан өтіп, сертификаттарды иеленді. Шетелдік азаматтармен тілдесу кезінде қолайлылық үшін арнайы жадынамалар мен үш тілдегі сөздіктер дайындалды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері ІІД қызметкерлеріне адамдар тобын басқару бойынша сабақтар өткізді. Сонымен қатар, біз көпшілік іс-шараларды өткізу кезінде «профайлинг» тәсілін қолдану бойынша семинар-тренингтер жүргіземіз.
Оған қоса, департамент қызметкерлері тұрақты негізде түрлі халықаралық форумдарға шақыртылады. Мәселен, биылғы жылы Астана қаласы ІІД делегациясы Будапешт және Бейжің қалаларында өткен конференцияларға қатысты. Қызметтік міндеттерін орындау кезінде полицейлер бастарын түрлі қауіп-қатерге тігетіндігі жасырын емес. Сондай экстремалды жағдайларда тиімді әрекет ету ғана адам өмірін сақтап қала алады. Біздің қызметкерлер оқыс оқиға жағдайларында ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетуге әркез дайын. Соңғы жылдары қылмыскерлерді ұстау барысында бір қызметкер көз жұмып, алтауы пышақ жарақатын алды. Соған орай өткен жылы қаруланған қылмыскерлерді құрықтау кезінде көрсеткен ерлігі үшін Елбасы Жарлығымен елордалық департаменттің бір қызметкері «Айбын» орденімен және екеуі «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Кадрлық саясаттың маңызды бағыты – отбасылық әулет. Әрбір ата-ана үшін баласының өздерінің ізін қуып, таңдаған мамандығын жалғастыруы қуантарлық жайт. Дәл осындай отбасыларда қызмет, міндетке деген сый-құрмет, адалдық бала кезден бастап қалыптасады. Елордалық ішкі істер департаментінде 20-дан астам полиция әулеті бар, оның ішінде кейбіреуінің құқық қорғау органдарындағы тәжірибелері 120 жылдан асады.
Тәртіп сақшыларының әлеуметтік мәселелерін шешуде қалалық әкімдіктің көрсететін қолдауын атап кеткен жөн. Өткен жылы мемлекеттік түрғын үй қорынан ІІД қызметкерлеріне 50-ден астам пәтер мен коттедж түріндегі 10 үй бөлінді. Осы жылдың мамыр айында 100-ден астам жас полицей жаңа жатақханалардың бөлмелеріне ие болды. Бұл жалғызбасты қызметкерлерге отбасы құрғанша үлкен көмек деп ойлаймын.
– Кейін сақшы боламын деп армандаған жастарға қандай тәрбие көрсетіліп, өнеге беріледі?
– Қазақстан Республикасының мемлекеттік мереке күндеріне орай, біз дәстүрге айналып кеткен жаппай спорттық іс-шараларды ұйымдастырамыз. Оған полиция қызметкерлері, отбасы мүшелері және ішкі істер органдарының ардагерлері белсене атсалысады. Өскелең ұрпақпен де тығыз жұмыс істеп, біздің бастамамызбен балаларға арналған аула клубы ұйымдастырылды. Мәселен, Қазақстан полициясының 25 жылдығы қарсаңында балаларға арналып «Жас қыран» атты жаңа аула шахмат клубы ашылды. Сабақты тәжірибесі жоғары жаттықтырушы, шахмат бойынша спорт шебері, ішкі істер органының зейнеткері, отставкадағы милиция подполковнигі Г.Шалагин өткізеді. Бұған қоса 2014 жылдан бастап елордалық ІІД Астананың балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлыққа алып, түрлі мәдени және спорттық іс-шараларды ұйымдастырады. ІІД бөліністері ашық есік күндерін өткізіп, оқушылардың демалысы кезінде балалар ІІД спорт кешеніндегі бассейнге барады.
Осы тарапта аға буынды да назардан тыс қалдырмаймыз. Мерекелерде қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын медициналық-әлеуметтік мекемелерге барып, концерттік бағдарламамен көңілдерін көтеріп, сыйлықтар табыстаймыз. Балалар үйін қамқорлығымызға алғандай аталған мекемені де елеусіз қалдырмаудамыз. Астаналық тәртіп сақшылары, сондай-ақ, әлеуметік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған түрлі акцияларға дәстүрлі түрде атсалысып тұрады. «Мектепке жол» акциясының шеңберінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балаларына демеушілік жәрдем жасалынды. Аталған осындай көмекті ІІД қызметкерлері өз қаражаттарының есебінен жасайды.
Сөзімді қорытындылай келгенде айтарым, Астанада азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығының қорғаны болу – тәртіп сақшылары үшін бір жағынан міндет болса, екінші жағынан мақтаныш пен құрмет болып табылады. Өйткені, Отанға адал қызмет еткеннен артық абырой жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»