«Жаңа фильмнің құрылымы мен стилистикасы туралы айтатын болсақ, бұрынғы «Кавказская пленница» және «Бриллиантовая рука» сынды әйгілі кеңестік фильмдерді еске түсіреді.
«16 қыз» фильмінде негізгі оқиға Бауыржан (Берік Айтжанов) мен Айжанның (Аша Матай) арасындағы романтикалық шытырман махаббатқа құрылған болса, бұл жолы «үйленбейді» деп 5 мың теңгеге бәс тігіп жүретін Саматтың (Қуаныш Долдаев) өзін үйлендіру жолындағы машақатқа толы сюжеттер желісі жылжиды. Оның ғашығы Ләйланың, құмыра ұрлығын зерттеп жүрген полицейдің және антиквариатты қолға түсіруді көздеп жүрген бұзақылардың шым-шытырыққа толы хикаясы көрсетіледі.
Қанағат Мұстафин осы жолғы фильмнің де сценарийін өзі жазған. қатал да әділ режиссер «Ең сұлу қыз» кинокартинасының елеулі жаңалықтарымен бөлісті.
«Кино түсіргенде көрерменге бұрыннан таныс актерлерді шақырасың деп сынайтын. Бұл жолы басты рөлдерді Әсел Асқар мен Қуаныш Долдаев сынды жас актерлер ойнап шықты», дейді режиссер.
Режиссердің айтуынша, бұл жолы фильмнің музыкасына баса мән берілмек. Мысалы,
фильм саундтрегі ретінде «16 қыз» халық әнін Қазыбек Қасым ағылшын тілінде орындайды. «Бұл халық арасына кең таралған әнді өзгеше қырынан таныту» деп түсіндірген режиссер фильмнің прокатқа шығару ісіне де тоқталып өтті.
– «Шешенфильм» бізге бірлесіп фильм түсіру жөнінде арнайы ұсыныспен шықты. Жаңа тәжірибе өзімізге де қызық көрініп, бастапқыда фильмді Грозныйда түсірмек болғанбыз. Алайда, шығын көп болатынын ойлап, «Көк-Төбе» саябағы, «Сұнқар» шаңғы трамплиндер кешені, «Медеу» сияқты Алматының ең көрікті жерлерінде түсірдік. Бұйырса Солтүстік Кавказда, Ресейдің шағын қалаларында да прокатқа шықпақ. Шешен тіліне дубляж жасауды серіктесіміз өз жауапкершілігіне алып отыр, – дейді режиссер Қанағат Мұстафин.
Продюссер Айдархан Әділбаевтың айтуынша, фильм бюджеті «16 қыз» фильміне жұмсалған қаражатпен шамалас (400 мың АҚШ доллары). Оның сөзінше, «16 қыз» фильміне кеткен шығын бір жыл ішінде толық өтелген.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»