Асанәлі
ӘШІМОВ,
Қазақстанның
халық әртісі:
– Мен 1944 жылы 1-сыныпқа бардым. Алаш деген апайым болды. Тамаша кісі еді... Ал мектеп басшысының темірдей тәртібі бізді салмақтылыққа, тәртіп пен әдепке үйретті. Міне, сол екі адамға өмірбақи қарыздармын. Ермахан ЫбырайЫМОВ, Олимпиада чемпионы: – Біз балалық шағымыздан ұстаздардың тәрбиесінде болдық. Мен мектеп-интернатта өстім, сондықтан, ұстаз – мен үшін біріншіден, тәрбиешім, өмірлік жолға бағыттаған адам. Мені боксқа ең алғаш алып келген де ұстазым еді. __________________________КӘСІБИ МЕРЕКЕНІҢ МЕРЕЙІН ӨСІРДІ
«Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз”, деген Бауыржан Момышұлының қанатты сөзі мұғалім мерейін өсіріп, абыройын арттырары анық. Сол абзал жандардың биылғы мерекесіне арналған алқалы жиын елордада өтті. Оған еліміздің барлық аймағынан 300-ден аса ұстаз қатысты. Онда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы құттықтауын оқып берді. Онда «Қазіргі заманда білім деңгейі жоғары ұлт қана жаһандану талаптарына жауап бере алады. Сондықтан білім саласы – елдің ертеңін айқындайтын, оның бәсекелестік қабілетіне ықпал ететін аса маңызы сала. Биыл еліміз өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді. Біз осы жылдарда заман талабына сай білім берудің жаңа жүйесін құрдық» делінген. Ал министр бұл шын мәнінде барша халыққа ортақ мереке екенін айтып, Тәуелсіздіктің 20 жылдығында ұстаз еңбегін ерекше бағалап, атап өтуді заңдылық деп білемін. Егемендіктің алғашқы жылдары өте қиын кезең болатын. Ұлт көшбасшысы – Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен еліміз аяғынан тік тұрып, қарқынды даму жолына түсті, дей келіп, Елбасының «Кез келген ауылда мұғалім ең құрметті, ең зиялы адам болған. Біз ұстаздың осы мәртебесін көтеретін боламыз. Мен мұғалімдеріміздің лайықты өмір сүргенін қалаймын» деген сөзін дәйекке келтірді. Сонымен бірге, мұғалім өткен мен бүгінді жалғайтын алтын арқау, келешекке жөн сілтейтін шамшырақ екенін тілге тиек етіп, олардың алаңсыз шығармашылықпен айналысуына, еңбек етуіне мемлекет барлық жағдайды жасап отырғанын алға тартты. Білім беруді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасында педагог мәртебесін көтеруге арналған арнайы бөлімнің бар екенін назарға салды. Жиын соңында білім-білігімен көзге түскен, ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегі ескерілген бір топ ұстаздарға «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілері және министрліктің Құрмет грамоталары тапсырылды. Олардың қатарында Қызылорда облысынан келген Л.Микеева, Шығыс Қазақстан облысынан Б.Нұриева, Алматы облысынан Б.Әділов, алматылық Ю.Довгаль, Павлодар облысынан Д.Тайгулин, Ақмола облысынан Ә.Тәкетов және тағы басқалар бар. Олар соңғы бір жыл ішінде пән мұғалімдерінің, ұстаздардың басқосулары жиі өтіп жатқанын, бұл өздеріне жасалған зор қамқорлық екенін айтып, дән ризалықтарын білдіріп тарасты. Сүлеймен МӘМЕТ.