Қазақстан • 20 Маусым, 2017

«Аналар үйінен» пана тапқандар

1539 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жалғызбасты аналарды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ететін үй бар екендігін білесіз бе? 2013 жылы белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың бастамасымен Астанада қанатқақты жоба ретінде алғашқы «Аналар үйі» ашылған болатын.

«Аналар үйінен» пана тапқандар

 Тірі жетімдер санын азайту, өмірдің қысылтаяң кезеңіне тап болған жас және жалғызбасты аналарға көмектесу мақсатында ұсынылған жоба нәтижесін берді. Еліміздің осындай баспаналарға зәрулігі болар, алғашқы «Аналар үйі» бір айда толды. Бұл жоба 2015 жылы еліміз бойынша тастанды балалар санын 51 пайызға қысқартса, 2016 жылы 70 пайызға төмендеткен екен. Бүгінде елімізде 26 «Аналар үйі» бар. Шығыс өңірінде ашылған қос «Аналар үйі» Семей мен Өскемен қалаларында орналасқан. Облыс орталығындағы «Аналар үйі» Күленов ықшам ауданында 2014 жылдың сәуір айында ашылды.

Бұл үй жайлы алғаш естігенімізде көз алдымызға емхана іспетті мекеме елестеген еді. Алайда, үйге кіріп келгенде таңданып қалдық. Қатардағы отбасылық баспаналардан артық болмаса кемдігі жоқ. Қайырымды кәсіпкерлеріміздің қолдауымен жұмыс істеп тұрған кең сарай қоғамдық-әлеуметтік мекемелердің біріне де ұқсамайды. Құдды, үбірлі-шүбірлі үлкен отбасыға келгендей әсерде қалдық. Есіктен кіре бергенде алдымыздан жүгіріп шықан бүлдіршін «Аналар үйінің» үйлестірушісі Наиля Оңғарбаеваны құшақтай алды. Үйдегі аналар өз шаруасымен айналысып жатыр екен. Бірі бөлмесін реттеп жатса, екіншісі ас үй қамымен жүр. Қонақтардың келгеніне қуанған сәбилер еркелеп, қасымыздан шығар емес. Барлығы бұл шаңырақтағы жылылықтың лебін сездіріп-ақ тұр.

– «Аналар үйі» жайлы көбірек адам білгендігін қалаймын. Өйткені психологиялық және материалдық қолдау көрсетілетін үйдің бар екендігін тұрғындар білсе, тастанды балалар мен түсік жасатуға баратын қыздардың саны азаяр еді, деген Наиля Оңғарбаева арнайы үй-жайды таныстырып өтті.

Оның айтуынша, қыздар мұнда бір жарым жыл бойы тегін тұра алады. Бұл үйде аналар мен балаларға қажеттінің бәрі бар. Баланың ойыншығынан бастап, кір жуғыш мәшине, тоңазытқыш, теледидар секілді тұрмыстық жабдықтармен қамтылған. Ал  жалғызбасты аналар мемлекеттен берілетін жәрдемақыларын ұстамай, жинап, қор қылып сақтап қоя алады. Сондай-ақ, республика бойынша «Аналар үйі» жалғызбасты аналарды арнайы курстардан өткізіп, олардың сертификат алу мүмкіндіктерін ұйымдастырып жатыр. Мысалы, кәсіби білімі жоқ жас аналар шаштаразшылар курсынан өтіп, сертификаттарын алған соң, кез-келген сұлулық салонында жұмыс істей алады.

– Оқыған курсы бойынша жұмыс істемесе де, білгендері артық етпейді ғой, дейді үйлестіруші, Ал биылғы басты жаңалығымыз – кәсіпкерлердің үйімізге кәсіби тігін машиналарын сатып алып бергендіктері. Енді аналар тігін тігу өнерін кәсіби деңгейде меңгермек. Бұл да қыздарға керек өнер.

Аналар үйі аурухана, емханалармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Н.Оңғарбаева түсік жасатуға немесе балаларын жетімдер үйіне өткізуге бел буған аналар бар екенін білсе, бірден сол емханаға жол тартып, оларды райынан қайтаруға тырысады екен. Ата-аналарына жағдайын қалай түсіндіруді білмей отырған қыздардың жақындарынан қолдау табуына да жәрдемдесіпті. «Көп жағдайда қыздарға жай ғана түсіндіріп айту немесе қолдап, жігерлендіретін әңгімелесу ғана жетіспейді» дейді ол.

«Ана үйі» жайлы елден естіп келгендер де бар екен. Мәселен, Татьяна (тегін жазбауды өтінді) «Мен бұл орталық жайлы достарымнан естідім. Әуелі қатты қорықтым. Бұл заманда «бәрі тегін» дегенге сену қиын ғой. Баламды алып қоймасын деген үрей жаныма тыныштық бермеді. Достарымның «барып көр, болмаса кері алып кетеміз» деген сөздерінен соң бел будым. Келдім, көрдім, ұнады. Барлығы күлімсіреп, жылы қарсы алды. Балама ештеңе болмайтындығын, ақниетті адамдардың шын көңілмен көмектесіп жүргеніне көзім жеткен соң осы үйде қалуға бекіндім», дейді. Биыл Татьяна 18 жасқа толды. Босанғанына жарты жыл да болмаған. Қаладағы №15 Өскемен кәсіби училищесінде оқып жүріп, сүйген жігітімен азаматтық некеде тұрыпты. Аяғы ауыр болып жүргенде жігітін кешіре алмаған ол «Аналар үйіне» келген. «Маған ұнайды. Не ішем, не жеймін, қай ақшама нені сатып аламын деп ойламаймын. Ауылдағы ата-аналарым шақырады, бірақ осында қала тұруды жөн көріп жүрмін» деді ол.

Бір қызығы, қыздар бұл жерде бір жарым жылға дейін қалмайды. Бір жылға жетер-жетпес уақытта жігіттерімен, я болмаса, күйеулерімен қайта табысып жатады екен. Яғни, әуел баста балаларынан бас тартқан әкелер туған перзенттерін көргенде жүректері жібіп, әкелік сезімдері оянатын көрінеді. Ашылғанына екі жыл толған бұл үй содан бері тура саны қырық анаға пана болыпты. Үйлестірушіден басқа екі шаруашылық меңгерушісі, медбике, психолог, көлік жүргізушісі штаттық жұмыс атқарады.

Ал «Аналар үйінің» тұрғыны Алёна былай дейді: Кәсіпкерлерге, көмек көрсеткен жандарға ризамын. Өзім жетімдер үйінің түлегімін. Кездесіп жүрген жігітім отбасылық өмірге дайын болмай шықты. Жападан жалғыз қалдым. Ал баламды жетімдер үйіне бергім келген жоқ. Менде болмаған өмірді көргенін, менде болмаған отбасының болғанын қалаймын. Аналық махаббатқа зәруліктің не екендігін білемін ғой. Сондықтан, мен сияқты жағдайға душар болған қыздарға айтарым: ешқашан баларыңды тастамаңдаршы. Өйткені тығырыққа тірелдім-ау деген жердің өзінен есіктің ашылатындығына көзім жетті.

Айта кетейік, жаны қиналып жүрген жалғызбасты аналар 8 800 080 77 71 телефонына тегін қоңырау шалып, қолдау мен көмекке қол жеткізе алады.

Әсел АСҚАРҚЫЗЫ

ӨСКЕМЕН