Аймақтар • 25 Маусым, 2017

Оралда батыр аруларға ескерткіш ашылды

2455 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласында Совет Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Халық Қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналған «Қазақтың батыр арулары» мүсіндік композициясы ашылды.

Оралда батыр аруларға ескерткіш ашылды

Бірнеше жыл бұрын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Орал қаласының зиялы қауым өкілдері ұрыс даласында қазақтың ұлдарымен бірге абыроймен елін қорғаған қаһарман қыздарына ескерткіш қою ұсынысы түскен еді. Осыған орай Батыс Қазақстан облысы әкімдігі республикалық байқау жариялаған. Мемлекеттік комиссияның шешімімен 2015 жылдың 18 наурызында ашық конкурсқа ұсынылған 11 жобаның ішінен мүсінші Нұрлан Далбайдың жобасы таңдап алынды. Бұл автор – Орал қаласындағы Абай мен Сырым батыр тұлғасын, сондай-ақ Атыраудағы Дина Нұрпейісованың, Астанадағы Кенесары ханның, тағы басқа белгілі мүсіндерді сомдаған танымал шебер.

Ескерткіштің ашылу шарасына Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, Қазақ КСР-нің халық әртісі, әнші, композитор Ескендір Хасанғалиев және Ұлы Отан соғысының ардагерлері Хамза Сафин, Мұхтар Әжіғұлов, Иван Гапичтер қатысты. Шара барысында театрландырылған көрініс қойылып, патриоттық әндер шырқалды. Жиналған жұрт ел басына күн туғанда атқа қонған ару қыздар ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

– Бізге бейбіт күнді жақындатқан майдан ардагерлеріне әрқашан басымызды иеміз, - дейді Совет Одағының батыры Мәншүк Мәметова музей-үйінің директоры Светлана Бектенова. Оралдағы жаңадан ашылған композицияда ортада Мәншүк, екі жағында Әлия мен Хиуаз бейнеленген. Ескерткіштің биіктігі 3,6 метр. Айта кетейік, дәл осы алаңда 1988 жылдан бері Совет Одағының батыры Мәншүк Мәметованың пулемет лентасын қолына ұстаған мүсіні тұрған болатын. Мүсінші Хәкімжан Наурызбаевтың қолынан шыққан бұл туынды реставрациядан өткен соң БҚО аудандарының біріне орнатылмақ.

Жаңа ескерткіш – 1941-1945 жылдары ҰОС-нда өшпес ерлік көрсеткен қазақтың қаһарман үш қызына орнатылған тұңғыш ортақ туынды. Бұған дейін Алматы қаласында Әлия мен Мәншүкке арналған композиция Төле би көшесінде (Астана алаңы алдындағы бақ) орнатылған. Ол ескерткіштің авторлары шығармашылық ұжым жетекшісі С.Қ.Баймағамбетов, мүсінші Қ.Сатыбалдин, сəулетшілер Т.Ералиев, В.Сидоров, М.Е.Еркінов болған еді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

"Егемен Қазақстан"

ОРАЛ

Суретті түсірген Оксана КАТКОВА