04 Шілде, 2017

Бітімгерлік – сыртқы саясатымыздың басым бағыттарының бірі

670 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғалы еліміз 182 мемлекетпен дипломатиялық әрі конструктивті қарым-қатынас орнатыпты. Осы ширек ғасырда шет мемлекеттерде Қазақстанның 57 елшілігі мен 31 дипломатиялық мекемесі ашылған. Бүгінде Қазақстанда 95 шетелдің елшілігі мен халықаралық ұйымдардың өкілдігі жұмыс істейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Ақордада дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйым өкілдіктерінің басшыларымен өткізген дәстүрлі кездесуінде мәлімдеді.

Бітімгерлік – сыртқы саясатымыздың басым бағыттарының бірі

«Қазақстанда тіркелген дип­ло­матиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың бас­шыларымен кездесу – жыл­дағы дәстүріміз. Дегенмен де, биылғы жүздесудің орны бөлек. Себебі, бүгінгі кездесу еліміз­дің сыртқы саясатының мерей­лі жылында өткізіліп отыр. Осыдан тура 25 жыл бұрын мен Қазақ­стан­ның дипломатиялық қызметін құру туралы Жарлыққа қол қойып, еліміздің сыртқы саясат жүйе­сін тағайындаған бола­тынмын. Қазіргі таңда 2 шілде – Қазақстанның дипло­ма­тия­лық қызметі күні деп аталатын ерекше мерекеге айналды. Осыған байланысты мен Қазақ­стан дипломаттарын шын жүрек­тен осы атаулы күнмен құттық­таймын. Ел үшін жасаған қызмет­теріңізге алғысымды біл­ді­ремін», – деді кездесуді ашқан Қазақстан Президенті.
Елбасы айтқандай, тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдарында Қазақстанның сырт елдермен байланыс жасау тәжірибесі де, дип­ломатиялық қызметі де әлі қа­лыптаса қоймаған болатын. Сол кезеңдердегі күрделі эко­номикалық жағдайға қарамастан, жоқ жерден жаңа дипломатиялық жүйе құрылып, өз кадрларымыз өзге мемлекеттерге елші ре­тінде тағайындала бастады. Содан бергі ширек ғасыр ішінде отандық сыртқы саясат кемеліне жетіп, елдің игілігі үшін қызмет етуде. 
Мемлекет басшысы Тәуелсіз Қазақстанның жүргізіп келе жат­қан көпвекторлы саясаты, ха­лықаралық бастамалары әлем­ге кеңінен танылып, қолдау­ға ие болғанын, еліміздің беделі биіктеп, бейбітшілік пен ынты­­мақ­­тас­тыққа қосқан үлесі артқа­нын атап өтті.
Бұдан кейін Президент елі­міздің өзге мемлекеттермен байланыс деңгейіне, дипломатиялық қарым-қатынастың әрі қарай даму бағыттарына тоқталды. 
Елбасының мәлімдеуінше, бүгінде Орталық Азия елдері дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Бұл жердегі Қазақстанның саясаты бұрынғыдай тең құқылы әріптестікті дамытуға, ха­лық­аралық істерде өңірлердің рөлін арт­тыруға бағытталады.
Қазақстан мен АҚШ-тың страте­гиялық байланысы да әрі қарай жалғасып, еліміздің ең ірі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі саналатын Еу­ропалық одақпен жан-жақты қарым-қатынас нығая түспек. 
«Өздеріңізге мәлім, біз саудадағы ынтымақтастықты кеңейте түсу жөнін­дегі құжатқа қол қойдық. Мұны Еуро­па­лық одаққа мүше елдер ратификация­лайтын болады. Мен өзге елдердің де құжатты қолдап, рати­фикациялауын сұраймын және оған сенемін. Қазірдің өзінде көптеген мемлекет құжатты ратификациялады, оларға алғысымды білдіремін», – деді Қазақ­стан Президенті. 
Сондай-ақ, еліміз Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға және Ау­ғанстандағы ішкі саяси жағдайды реттеуге үн қосқалы отыр. Айталық, Ас­тана Ауғанстанның кадрлар даярлау ісіне, ин­фрақұрылымын, әлеуметтік нысандарын қалпына келтіруге қолұшын бермек. 
«Біз Орта және Таяу Шығыс елдерімен достық бағытындағы байланыстарымызды тереңдете түсетін боламыз. Әсіресе, сауда-экономикалық, инвестициялық, технологиялық әріптестікке айрықша назар аудармақпыз», – деді Мемлекет басшысы. 
Қазақстан Латын Америкасымен, Кариб бассейні, Африка құрлығы өңірін­дегі серіктестермен де байланысты да­мыт­­қалы отыр. 
«Бұл елдермен байланыс жасау ба­ғытындағы жұмыстарымыз әлі күнге әлсіз­деу. Сондықтан бұл мемлекеттермен қарым-қатынасымызды нығайтып, олар­ды да бізбен тығыз байланыс орна­туға шақыратын боламыз», деді Нұрсұлтан Назарбаев. 
Еліміздің сыртқы саясаттағы басым бағыттары кеңінен айтылған кездесуде интеграциялық ұйымдардың ынтымақтастығы да сөз болды. 
«Өткен ғасырдың 94 жылы алғаш рет айтылған Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеям бүгінде шын­­дыққа айналды. Оны құру жолында небір сындар, қиындықтар, сенім­сіз­діктер болды. Соған қарамас­тан, қа­зіргі таңда Еуразиялық эконо­ми­калық одақ өз жемісін берді. Интегра­циялық ұйымдардың арасында ынтымақ­тас­тықты орнатудың арқасында экономи­калық тұрақтылыққа қол жеткізе алдық. Енді Еуразиялық экономикалық одақ, Шанxай ынтымақтастық ұйымы мен Еуропалық одақ арасында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту қажет. Мен ол туралы талай рет айтқан­мын. Осы үш интеграциялық ұйымның ынты­мақтастығын дамытуға қажетті жағдайдың бәрі бар. Меніңше, дәл осы ынтымақтастықтың болашағы зор. Ерте ме, кеш пе, біз бәрібір соған келеміз. Себебі, мұндай байланыс барлық тарапқа да тиімді», – деген Елбасы болашақтағы жаңа ынтымақтастықты «Еуразияның сәті» деп атады.
Қазақстан Президенті ірі державаларды өзара ынтымақтастық орнатуға шақырды. Мемлекет басшысының айтуынша, ядролық державалардың арасындағы шиеленіс ушығып кетсе, бүкіл мемлекеттер зардап шегуі мүмкін. Қа­зір онсыз да күллі әлем құбылмалы жағ­дайды бастан кешіріп, ірі мемлекеттер арасындағы текетірестен әбден қажыды. 
«Бейбітшілік ешқандай байлықпен өлшенбейді. Сондықтан бітімгерлік миссиясы – біздің сыртқы саясатымыздың басты бағыты. Қазақстан қашан да бейбіт келіссөздерді жүргізуге жағдай жасайтын мемлекет болып қала береді», – дей келе, Елбасы Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерді барынша қолдап, Минск келісіміне өз үлесін қосып келе жатқанын атап өтті. 
Қазіргі кезде Астанада Сирия мәселесі бойынша келіссөздер жүр­гізі­ліп келеді. Қазақстан енді Қатар мәсе­лесін шешуге де келіссөз алаңын ұсы­нуға дайын. Жалпы,  еліміз кез келген шиеленістердің, тіпті дүниежүзілік соғыс­тардың келіссөздер алаңында аяқ­талуы үшін бар күш-жігерін қосуға әзір. 
«Мен өзім алдағы G-20 саммитінде Ресей мен АҚШ президенттері кездесіп, ортақ қауіп-қатерлерге күш жұ­мыл­дырады деп сенемін. Өйткені, дәл сол Украина мен Ресей арасындағы шиеленіс шешілсе, Батыс пен Ресей, басқа да ірі державалар арасындағы әріп­тестікке қол жеткізуге болады. Онсыз жаһандық экономиканы ғана емес, жа­һандық сая­сатты да реттеу мүм­кін емес. Мұны бәріміз жақсы түсі­нуге тиіспіз. Бүкіл әлем соған жұ­мы­луы керек», – деді  Қазақстан Президенті.
Кездесу барысында 29 тамыз – Ядро­лық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнінде МАГАТЭ-нің тариxында алғаш рет төмен байытылған уранның Қазақстандағы банкі салтанатты түрде ашылатыны, Қазақстанның ядролық қарусыздандыру саласында тағайындап отырған алғашқы сыйлығы табысталатыны атап көрсетілді. 
Бұған қоса, биыл 10-11 қыр­күйек күн­дері Астанада Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымының саммиті өтеді.  Осы жиында ислам елдері арасындағы үнқатысуды орнатуға әбден болатынын атап өткен Елбасы оған барлық ислам елдерінің басшыларын белсене қатысуға шақырды. 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»