![Табысты болудың басты факторы − білім](/article_photo/1499140268_article_b.jpeg)
Менің ойымша, бұл тектен-тек айтылып отырған сөз емес. Бұл − бізге бүгінгі озық технологиялы жаһандық ықпалдасудан, сонымен бірге, түрлі қауіп-қатерден қорғанудың да жолы. Қазіргі кезеңде әлем елдері жаңа тарихи өзгерістер кезеңінің бастауында тұр. Бұл өзгеріске түскелі тұрған дәуір күллі адамзатқа әлі бұлыңғыр. Оның жалпы өркениеттің дамуына қандай прогресс әкелетіні жай халық түгілі, мүйізі қарағайдай ғалымдардың өздеріне де жұмбақ. Дегенмен, мұндай беймәлім әлемнен біздің де алатын өз үлесіміз бар екенін естен шығармауымыз керек. Осы ойымызды әрі қарай өрбітетін болсақ, ендігі арада сол ұлттық кодымызды сақтау мен оны өкшебасар кейінгі ұрпақтың бойына қалай сіңіреміз деген мәселеде ойласатын жағдайлардың көп екені айтпаса да түсінікті жайт. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ең алдымен, халықтың бәсекеге қабілеттілігіне айрықша мән беруді ұсынады. Яғни, әрбір қазақстандық денсаулығы мықты, жоғары мәдениетті, компьютерлік сауатты, терең білімді, оның ішінде шет тілдерін меңгеру, мәдени ашықтық сияқты қазіргі қоғамның берік ұстанымына айналған қасиеттерге ие болуы керек. Ол кез келген елде, кез келген ортада емін-еркін сөйлеп, өз пікірі мен дербес ұстанымын дәлелдеп өткізе білетін, әрі ұстамды, әрі қарапайым, әрі салиқалы да салмақты, саламатты өмір салтын ұстанған адам ретінде қалыптасуды талап етеді. Сол үшін де Елбасы «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілді білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалардың қолға алынуы біздің халқымызды ХХІ ғасырдың талаптарына сай даярлаудың алғашқы қадамдары екендігін көрегендікпен болжам жасап, оған өзі мән бере дәлелдеп отыр.
Елбасы әдеттегідей бұл бағдарламалық мақаласында да қоғамдық өмірдің аса мәнді саласы – жалпы білім беретін орта мектептер мен жоғары оқу орындарының, тіпті тұтас білім беру ісінің рөліне ерекше тоқталды. Мақаланың «Білімнің салтанат құруы» деп аталатын бөлімінде Президент:
«...Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіп, өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз», – деп, озық білім мен жаңа, төл ғылымды игерген елдің келешегі баянды болатынына ерекше назар аударады.
Осы тұста баса ескертіп өтетін нәрсе, жастарға, еліміздің болашақ иелеріне дұрыс жол көрсетіп, жөнге салу өте маңызды іс дер едік. Ал университеттер мен арнаулы кәсіптік және орта мектептер – жас ұрпақты әлеуметтік ортаға алғашқы болып бейімдейтін, оларды қоғамның толыққанды мүшесіне айналдыратын бірден-бір мемлекеттік құрылымдар. Сондықтан, жастармен жұмыс істеуде ешқандай қателікке жол бермеуге тиіспіз. Бұл жерде біздің мектеп пен жоғары оқу орындарының маңызына тоқталып отырған себебіміз – аталған білім беру мекемелері (мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын) тек білім беруші ғана емес, сонымен бірге, ұлтты тәрбиелеуші құрылымдар болып есептеледі. Елбасы айтып жүрген бүкілқазақстандық біртектіліктің рухани ұстыны осы тәлім-тәрбие беруші құрылымдардың іс-әрекеттерімен тікелей байланысып жатыр.
Елбасының осы мақалада көтерген тағы бір маңызды мәселесі – туған жерге деген махаббат. Шындығында да, туған жерді қорғау, туған елге қызмет ету білімнің көптігінен емес, елдік санаға туған жер мен елге деген сүйіспеншілікпен байланысты болатыны белгілі. Өзінің туған жері мен өскен өлкесінің көркеюіне үлес қоса білген әрбір азамат бүкіл елдің игілігі үшін қызмет ете алады. Бұл – аксиома. Дана халқымыздың: «Отан – отбасынан басталады», деуі сондықтан.
Мақала авторы бұл жайында былай дейді: «Қазақ «Туған жерге туың тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, туған жерге оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриоттықтың маңызды көріністерінің бірі».
Өзіміз туып-өскен жеріміздің атауы қалай қойылғанын, нендей негізге сүйенгенін, оның таулары мен жоталары, сайлары мен шатқалдары, көлдері мен өзендерінің аттарының тарихын, сондай-ақ, осы жерде туып, осы өлкенің көркеюіне өлшеусіз үлес қосқан, еңбек еткен аталарымыз бен әжелерімізді келер ұрпақ біліп, көкірегіне түйіп өсуі тиіс. Міне, шынайы патриотизмнің алғышарттары осы – туған жердің тарихы мен географиясын білуден, оны құрметтеуден, қастерлеуден басталады.
Сондықтан да, ұлттың патриоттық рухын жаңғыртуда «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты бағдарламаларының мәні орасан зор. Түсінген адамға «Туған жер» дегеніміздің өзі – «Киелі мекен» деген мағына береді, ал ол тұтастай алғанда, «Ұлы Дала елі» деген үлкен ұғымға алып келеді. Мұндағы айтайын дегеніміз, әр аймақта өлкетану жұмыстарын жандандырып, туған жерді түлету айрықша бір қасиетті шаруа. Ел қондыру, оған инфрақұрылымдар жүйесін жүргізу, төрт түлік мал өсіру, егін егу, байырғы елді мекендердің атауларын қалпына келтіру, орман-тоғай, тау-тас, су-ну, аң-құсқа, қажет десеңіз әрбір бұлақ көзіне, әрбір ағашқа бақылау жасау өмір сүрген әрбір адамның қасиетті борышы болуға тиіс. Осындай өлкетану жұмыстарын сәтімен жүргізетін болсақ, мектептер мен университеттердің оқу бағдарламаларына «Өлкетану» пәнін енгізіп, сол өлкенің тарихы мен табиғатын, географиясы мен экологиясын, археологиясы мен демографиясын, руханияты мен ономастикалық ерекшеліктерін түбегейлі зерттеп, қопара жазу қолға алынса құба-құп болар еді.
Осы орайда тағы бір айта кететін нәрсе, туған жерден түлеп ұшып, ұлан-ғайыр еліміздің түкпір-түкпірлерінде, шетелдерде жемісті жұмыс жасап жүрген әйгілі жерлестердің басын қосып, ауыл тұрғындарымен, мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіп, туған жерлеріне, мектебіне, ауылына қамқорлық жасағысы келген азаматтарды қолдап, ынталандырып отырса нұр үстіне нұр. Меніңше, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасына ерекше көңіл бөліп, оның әлеуетін толық пайдалануы керек. Бұл жұмысты терең әрі байыппен ойластырып, туған жерге көмек қолын созған адамдарды қолдап-қуаттап, құрметтеп отырған жөн деп ойлаймын. Аталған бағдарламаны тиімді пайдаланатын болса, елді мекендерді көріктендіру мен көгалдандыру, мектептерді жөндеу мен компьютерлендіру, спорт алаңдарын салу, мәдениет үйлері мен кітапханаларды жөндеуден өткізу сынды тағы басқа да ел мұқтаж болып отырған тірліктерді жұмыла атқаруға болар еді.
Ел Президенті: «...Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес», – дейді. Ол мұны жаны ашығандықтан айтып отыр. Осы тұста «прагматизм» дегеніміз не дегенге келетін болсақ, ол – нақты іс-әрекет дегенді білдіретін сөз. Бұл – субъективтік, идеялистік философиялық ілім. Прагматизмнің негізгі қағидалары – қандай ой-пікір, іс-әрекет болса да оны тиімділік тұрғысынан мойындау, адам белгілі бір мақсат үшін өмір сүреді, осы мақсат жолындағы ақиқатқа жетудің өлшемі практикаға арқа сүйеу; іс-әрекетте жетістікке жету үшін күмәнді еңсеріп, нық сенімге ие болу, яғни ақиқаттан бұрын сенімге ие болуды көздейді. Былайша айтқанда, прагматизм идеологиясы – рухани жаңғырудың жаңа бағыттарын айқындайтын өмір сүру философиясы.
Президент Н.Назарбаев өз мақаласында ұлттың рухани жаңғыруының күретамыры прагматизм ұстанымдарының ұлт санасына сіңуімен тікелей байланысты екенін айта келіп, ол үшін қанымызға сіңген ментальдық болмысымыздың сипатына айналған кейбір тұрпайы дағдылардан арылу қажеттігін бүгінгі өмір шындығы дәлелдеп отырғанын алға тартады. Солардың бірі – аста-төк ысырапшылдық, даңғойлық, даңғазалық, астамшылық, маңдай термен келген байлықты бағаламау болып шығады. Мемлекет басшысы: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді. Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы», – деп жақсы айтты. Елбасының осынау терең ойлы сөзін ендігі кезеңде әрқайсымыз әр ісімізде, күнделікті тұрмысымызда, әдет-дағдымызда жаңғыртып, бағдаршам ретінде ұстануға міндеттіміз.
Мақаладағы бүкіл халықтың көңілінен шыққан тағы бір мәселе – латын әліпбиіне көшу. Елбасы қазақ әліпбиінің көне тарихын сонау VI-VII ғасырларға жататын «Орхон-Енисей жазуларынан» бастап талдап, ой-сабақтай келе, латын жазуына көшудің терең логикасын түсіндіріп өтеді. Одан әрі «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын және Ұлттық аударма бюросын құру мәселесін қозғайды. Гарвард, Оксфорд, Кембридж, Сорбонна секілді әлемнің өзге де танымал университеттерінің үздік оқулықтары негізінде таңдаулы, заманауи 100 оқулықты қазақ тілінде сөйлететін боламыз. Ойлап қараңыз, 100 оқулықтың қазақ тілінде сөйлеуі – бұл біз үшін үлкен жетістік. Оның сыртында авторлардың оқулық жазудағы әдіс-тәсілдері, шеберліктері, әдеби-мәдени, тарихи-философиялық айғақ-дәйектемелері де бізге сөзсіз қажет әрі төлтума оқулықтарымызды жазуда үлгі-өнеге болатыны айдан анық.
Уақыттың ұршығы әрқашан іс-әрекетте, қозғалыс үстінде көрінеді. Яғни, уақыт бір орында тұрмайды, ол алға озған сайын өзгерістерге түсіп отырады. Өзім білім-ғылым саласының өкілі болғандықтан айтатыным – бұл дүниеде өзгермейтін бір ғана нәрсе бар деп есептеймін. Ол – білім. Білім – табысты болудың да ең басты факторы. Өйткені, білім беру ісін бәрінен жоғары қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Соның ғана болашағына сенуге болады. Олай дейтініміз, қазақ атамыз: «Бір жылдығын ойлаған дән егеді, Он жылдығын ойлаған тал егеді, Мың жылдығын ойлаған ұрпағына білім-нәрін егеді», – деп жайдан-жай айтпаса керек.
Бақтияр СМАНОВ,
ҰҒА академигі,
Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты
АЛМАТЫ