05 Қазан, 2011

Азаматтық қоғам алдына асқаралы міндеттер жүктейді

462 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Кеше елорда төріндегі «Көрме» орталығында Қазақстанның Аза­мат­тық альянсы ұйымының ұй­ыт­қы болуымен «Қазақстандағы және бұрынғы Кеңес одағы кеңістігіндегі азаматтық қоғам: қа­лып­тасуы және 20 жыл бойы дамуы» атты үкіметтік емес ұй­ым­дардың халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады Тарихы тереңге тартқан, тәуелсіздігіне қол жеткізгеніне 20 жыл толған Қазақстан мемлекеті өсу мен даму үстінде. Әрбір атқан таңы, батқан кү­нін­де өткізген әрбір шарасы тәуел­сіз­дік шежіресіне жазылып жат­қаны да айдан анық. Демо­кра­тия­лық өсу жолын таңдаған мем­лекет үшін азаматтық қо­ғам­ның дамуы, оның үнінің айқын естіліп жатуы маңызды. Өйткені, азаматтық қоғам белсенділігі өзі­міз өмір сүріп отырған заманның айнасы іспетті. Сөзіміз дәлелді болуы үшін ғаламтордағы «Укипедиядан» алынған азаматтық қо­ғам, үшінші сектор деген түсінік­тер­дің анықтамасына үңілейікші. Онда: «Азаматтық қоғам – саяси би­лікке тәуелсіз жұмыс істейтін және оған ықпал жасауға қабі­лет­ті әлеуметтік қатынастар мен институттар жиынтығы, дербес жеке адамдар мен әлеуметтік су­бъек­тілер қоғамдастығы. Азамат­тық қoғaмның қалыптасу және даму үдерісі үшінші сектордың дамуымен тығыз байланысты. Үшiншi сектор – бұл өз мақ­сат­тарын мүдделер бойынша клубтарда, кәсiби одақтарда, әлеу­мет­тiк қозғалыстарда, одақтарда icке асыратын epiктi азаматтардан құ­ралатын өзiн өзi басқаратын сектор. Азаматтық қoғaмның ажы­ра­мас құрамдас бөлiгi бола отырып, «үшiншi сектор» елдегi қоғам­дық-саяси үдерістерді әрі қарай демо­кра­тияландыруға оң ық­па­лын ти­гi­зедi. Мемлекеттiң демо­кра­тиялық жүйесi әзipше дамы­май oтырған жағдайда, дәл осы бей­үкiметтiк ұйымдар немесе үкі­меттік емес ұйымдар арқы­лы азаматтық қo­ғaм көбiне iлгерi дамып оты­рады», деген анықтама берілген. Сонымен, конференцияға қа­тысуға өз елімізбен қатар ат арытып, шетелдерден жеткен азаматтық қоғам белсенділерімен бірге журналистер қауымы – біз де осы жиынды бетке алдық. Шынында да, конфе­рен­ция­ға еліміздің барлық об­лыс­тарынан, алыс-жақын шетелдерден делегаттар көптеп жи­на­лыпты. Конференцияны өт­кі­з­у пішіні де бұрынғыдай емес, өзгеше. Қоғамды әрқашан тың идеяларымен серпілтіп жүре­тін белсенді қоғам өкілдері әшейіндегідей негізгі баяндама, одан жарыссөз деп таптауырын жолмен жүр­мей, бірнеше спикерді төрге шы­ғарып, оларға азаматтық қоғамның ты­нысы, дамуы мен өсуі сынды мәсе­лелер бойынша сауалдар тастап, кон­фе­ренцияны ә дегеннен еркін отырып әңгімелесетін, ой айтатын алқалы жиынға айналдырған. Бірақ, көңілде бір түйткіл орын алып, ол конфер­ен­ция­ның өн бойында бір жазылмай қойды. Ол – белсенді қоғамның мемлекеттік тілге келгенде белсенді­лігі­нің жартыкештенуі. Мәдениет вице-министрі Ғазез Телебаев болмағанда тіптен қазақ тілінде бір ауыз сөз ай­тылмай кетер ме еді. Әрине, халық­ара­лық конференциялардың орыс, ағыл­шын тілдерінде өтетінін, аудар­ма­лардың да сол тілдерде жүретінін елдің бәрі біледі. Бірақ, ешбір мемлекетте мемлекеттік тілге дәл осындай көзқарасты кездестіре алмассыз. Бұл жолы да шешендердің сөздері тек орыс және ағылшын тілдеріне аударылып, ана тіліміз шеткерілеп қалды. Еліміздегі креативті саналатын, өз соңдары­нан азаматтарды ерте алатын азамат­тық қоғамға мемлекеттік тіл қажет­ті­гінің болмауы нені көрсетеді?! Қазақ тілі кімге қажет, деген сауалдар сана­ны шыңылдатып, ойға маза бермегені рас. Жиынға модераторлық еткен Медиа стандарттар институтының бас ди­ректоры Ержан Сүлейменов аза­мат­тық қоғамның қалыптасу жолдары мен үдерісі жайлы баяндай келе, мемлекет үшін алатын орнына жан-жақты тоқталып өтті. Модератордан кейін алғаш сөз тізгінін алған еліміздің Мә­де­ниет вице-министрі Ғазез Телебаев Қазақстандағы азаматтық қоғамның тарихы мен өзіндік ерекшелігін әңгі­ме өзегіне айналдырды. «Тәуелсіздік алған күндерден бергі 20 жылдық тарих кезеңінде біз көп жетістікке жеттік. Соның бірі – азаматтық қоғамды қа­лыптастыру. Азаматтық қоғамды қа­лыптастыруда ҮЕҰ-ның орны ерекше. Негізінен Қазақстанда 35 мың ком­мерциялық емес ұйым бар болса, соның жартысынан астамы, яғни 18 мыңы – ҮЕҰ. Шынында да, алғашқы кезде біздің үкіметтің ҮЕҰ-ны қар­жы­лық қолдауға мүмкіндігі болмады. Сол себептен олардың дамуы да кешеуілдеді. 2005-2006 жылдары мемлекет тарапынан көзқарас өзгере бас­та­ды. Яғни, сол кезден бастап ҮЕҰ-ға әлеуметтік тапсырыс негізінде қар­жы­лай көмек көрсету мүмкіндігі жа­сал­ды. 2006 жылы арнайы заң қабыл­дан­ды. Қазіргі таңда ҮЕҰ-ларды мемлекетпен әріптес деп айтсақ, артық болмас. Бүгінгі күнге дейін елімізде бірнеше мәрте азаматтық форумдар өткізілді. Бір форумнан бір форумға дейін ҮЕҰ-лардың орны да, беделі де арта түсуде. Мысалы, бірінші, екінші форумдарды ұйымдастыру мен өткі­зуді мемлекет өз мойнына алса, кейінгі форумдар Азаматтық альянстың ұйытқы болуымен өтуде. Біздің алдымызда тұрған міндеттер өте көп, ҮЕҰ-лар мен мемлекет өз­ара әріптестік байланысын бұдан кейін де жалғастыра береді. Парламентте мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар туралы заң талқылануда. Ол қазір Мәжілістен өтіп, Сенаттың қарауында жатыр. Оған көптеген өзгерістер енгіземіз. Ол заңда ҮЕҰ-лармен жұмыс істейтін уәкілетті орын арнайы белгіленбек, деді вице-министр. Осыдан кейін Ресей Федерация­сы­ның Тиімді саясат жөніндегі қорының бас директоры, саясаттанушы Кирилл Танаев сөз алды. Ол өз кезегінде Ресейдегі үкіметтік емес ұйымдардың қызмет ету ерекшелігі төңірегінде әң­гі­ме өрбітті. «Ресейдегі ҮЕҰ-лардың қызметі, әсіресе, қазіргі сайлауалды ке­зеңде жандана түсуде», – деген сая­саттанушы азаматтық қоғам кеңестік кезеңде де болғандығын, бірақ бас­қа­ша сипатта көрініс тапқандығын, ал қазір ол жаңа қоғам сұранысына сай дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Кирилл Танаевтан кейін «Нұр Отан» ХДП-ның Стратегиялық даму жө­нін­де­гі хатшысы, саясаткер Ерлан Қа­рин­ сөз алды. «Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар – маңызды әлеуметтік және экономикалық мәселелерді, қо­ғамдық маңызды жобаларды және бас­тамалар­ды, азаматтардың әл-ауқатын арттыру­ды шешуде мемлекеттің сенімді әріп­те­сі, демократиялық қайта құ­рулардың, күшті және тиімді азаматтық қоғамды қалыптастыруға бағытталған либерал­дық реформалардың өткіз­гішіне айнал­ды. Біз еліміздің осы 20 жыл ішіндегі же­тістіктерін сөз етсек, көбіне-көп мем­лекеттік органдар мен құрылымдардың жетістіктерін бірінші кезекте ауызға алып жатамыз. Ал шындығына келсек, осы жетістіктердің барлығы жалпы қоғамның, ондағы азаматтардың ортақ жетістігі. ҮЕҰ-лар қоғамдағы барлық өткір проб­ле­малардың түйіскен жо­лында тұр. Сол арқылы оларды шешуде мемлекетке септігін тигізуде. Бүгінде Қазақ­стандағы 18 мыңнан астам ҮЕҰ-лар жұмысына жарты миллионнан астам адам тартылған. Бұл шынында да үлкен көрсеткіш. Және бұл сан саланы қам­тиды. Мәселен, Орталық Азиядағы Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан секілді елдермен салыстырғанда, Қазақ­стан­дағы үкіметтік емес сектордың кеңге қанат жайғанын байқауға болады. ҮЕҰ көптігі елдің алып жатқан аума­ғы­мен, ауқымдылығымен ІЖӨ-нің мөл­ше­рімен өлшенбейді, ол – қоғамның ашықтығының көрінісі. Және үкіметтік емес сектор кез келген мәселені шешуде саяси партиялар мен мемлекеттік ор­гандарға қарағанда, ілкімділік танытып қана қоймай, оны тиімді жүзеге асыра алу мүмкіндігіне ие. Үкіметтік емес сек­тордың ендігі бір артықшылығы – ол қоғамдағы кейбір түйінді мәселе­лер­ді шешуде азаматтарды, партиялық мү­шеліктерінің әртүрлілігіне қарамастан, сол мәселе төңірегіне топтастырып, түйт­кілдер түйінінің тарқатылуына ықпал ете алады. Мысалы, экология, табиғат қорғау сынды мәселелерде саяси партиялардан гөрі азаматтық қоғам­ның жұртшылық­ты көбірек тартуға мүмкіндігі бар. Себебі, олар бұл істе ҮЕҰ-ға азаматтың қай партияның мүшесі екендігі ма­ңызды емес», – деді нұротандық. Америка Құрама Штаттарынан келген «Digital Democracy» компания­сы­ның президенті Марк Белински үкі­меттік емес сектордың жұмысын жан­дан­дырудағы жаңа сандық технология­лар­дың рөліне, сол жаңалықтарға қо­ғам­дағы азаматтарды үйрету, оқытудың тиімділігіне тоқталды. Конференция барысында Қазақ­стан­ның Азаматтық альянсының президенті, Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева сөз алып, Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың 20 жылдық мерзім ішіндегі дамуы, ТМД кеңістігіндегі үкі­меттік емес ұйымдардың қызметі мен болашағы төңірегінде әңгімеледі. Айгүл Соловьева өз кезегінде кон­ференцияға қатысушылар мен сырттан келген қонақтарға ауқымды жиынға ар­найы келгендері үшін алғыс білдіре келе, келелі мәселелер төңірегінде өз ойын тарқатты. «Әрине, елдің жан-жақты дамуы үшін 20 жыл сон­ша­лықты үлкен мерзім емес. Десек те, Қазақстан осынау аз ғана тарихи мерзім ішінде қол жеткізген жетістіктері үшін мақтана алады. Бұл ретте мен Елбасының бастамасымен ұйымдасты­рыл­ған бірінші Азаматтық форумды еске алғым келіп отыр. Бұл форумда Мемлекет басшысы билік, бизнес және үкіметтік емес ұйымдар арасында әріп­тестік бағытта алтын көпір орнату жай­ын­да мәселе көтерген болатын. Осы тұр­ғыдан келгенде, V Азаматтық фо­рум­ның қарсаңында мемлекеттік органдармен бірге жұмылдырушы күш ретіндегі міндет жүгін арқалап жүрген үкі­меттік емес ұйымдар қызметінің белгілі бір кезеңін саралай келе, белгілі бір қорытындыға келуге болады. Бәл­кім, бизнес пен үкіметтік емес ұйым­дар, сондай-ақ, мемлекеттік органдармен арадағы ынтымақтастық мәселесін соңына дейін жүзеге асыра алмаған болармыз. Алайда, менің ойымша, мұ­ның барлығының басын үлкен әлеу­меттік саясат біріктіреді. Біздің қоғам­да неге мемлекет үкіметтік емес ұйым­дармен бірлесе жұмыс істеу керек деген сауал жиі туындайды. Бұл ретте біз ортақ түйісу нүктесі мен жолдарын таба білуіміз қажет. Ал түйісу нүктесі «Қазақстан-2020» стратегиясы болып отыр. Бұл стратегияның 75 пайызы әлеуметтік бағдарламалар мен әлеу­меттік мәселелерге арналған. Мемлекеттен үлкен мөлшерде қаражат бө­лінуде. Яғни, бұл орайда ҮЕҰ міндеті аталған бағдарламалардың жүзеге асуын бақылау. Қоғамдағы кез келген азаматтың осы бағдарламалардың пай­дасын сезініп, мемлекеттің өзіне қам­қорлық көрсетіп отырғанын ұғы­нуы маңызды. ҮЕҰ-лардың тағы бір міндеті – Конституция кепілдік берген міндеттемелерді жүзеге асыруға өз үлесін қосу. Ал Ата Заңда халық – би­ліктің қайнар көзі деп көрсетілген. Бұдан көретініміз, ҮЕҰ – қоғам дамуына қажетті кез келген мәселені шешуде белсенділік танытып, шешуші рөл атқарады. ҮЕҰ – билік пен бизнес арасындағы байланыстырушы, дәнекер қызметін де атқарып келеді. Ол мемлекеттік ұйым да емес, бизнес құрылым да емес. Сондықтан да ол әлеуметтік жаңғырулардың тиімді тасымалдаушысы. Билік сол себептен де ҮЕҰ-ға көбірек сенім артып, олар­дың белсенділігін халық игілігіне жа­рат­қаны абзал. Кей жағдайда мемле­кеттің назарынан тыс қалып жататын түйіндерді ҮЕҰ-лар атқара алады. Және оны міндетім деп санағаны жөн. Өйткені, жергілікті жерлерде оны олар өздері сезініп, түйсініп отыр. Мә­се­лен, шетелдерде ҮЕҰ ІЖӨ-нің 10 пайызға дейін артуына үлес қоса­ды екен, ал біз әлі оны санай алмай жатырмыз. Оны санау тетіктері де жоқ. Қазіргі таңда Парламентке «Статистика туралы» жаңа заң жобасы келді. Соған біз ҮЕҰ-лардың жоғары­да­ғыдай үлесін санайтындай тетікті енгізуіміз қажет», – деді А Соловьева. Спикерлер осыдан кейін залдан түскен сауалдарға жауап берді. Олар­дың дені жастарды ҮЕҰ-лар жұмы­сына, ерікті волонтерлер қатарына жастармен бірге тәжірибелері мол қарттарды тарту және ҮЕҰ-лар бел­сенділігінің кейбір салалардағы төмендеуі төңірегінде болды. Мәселен, ҮЕҰ-лар қызметінің бел­сенділігі неге төмендеді деген сау­ал­ға жауап берген шешендер, бұл мә­селені белсенділіктің төмендігімен емес, олардың қызметінің дұрыс насихатталмай жатқандығымен, бұқара­лық ақпарат құралдары ҮЕҰ-лар қыз­метін көрсетуде онша ықылас таныт­пайтындығымен байланыстырды. Сол себептен ҮЕҰ-лардың өздері БАҚ-пен байланыстарын күшейте түсуі тиіс. Олардың ой-пайымы: «Көбіне олар, атқарған жұмысын көрсетуден қаш­қақ­тап, жасаған қызметімізге алғысты азаматтар айтқаны жеткілікті деп ойлайды. Осындай «сыпайылықтың» салдарынан атқарылған игілікті іс көзге көрінбей қалады. Қоғам жақсы істерді көріп қана қоймай, оған баға да беріп отыруға тиісті. Сонда бар­лы­ғы да түгенделеді», дегенге сайды. Осы отырыстан кейін конференция жұмысы түрлі секцияларда жал­ғасты. Мәселен, «Бизнестің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі және өңірлердің дамуы», «ҮЕҰ-лар­дың есеп беру тетіктері: верификация­лау және этика кодексі», «ТМД дағы филантропия мәдениетінің дамуы: үр­дістер және болжамдар», «ҮЕҰ-лар мен биліктің өзара әріптестігі», «Аза­мат­тық белсенділік: даму мүмкін­дік­тері және қоғамдағы өзгерістер», «Қазақстандағы ҮЕҰ секторы жөнін­де­гі зерттеулердің нәтижелері» сынды тақырыптарда конференцияға қатысу­шы­лар жан-жақты пікір алмасты. Мәселен, «ҮЕҰ-лар мен биліктің өзара әріптестігі» деген тақырыпта өткен секцияда сөйлеген Орталық Азия мен Қырғызстандағы азаматтық қоғамның дамуын зерттеп жүрген Чарльз Бакстонның, филантропия мә­селесі бойынша әңгіме өрбіткен Қайы­рымдылық ұйымдар ассоциа­ция­сының директоры Асқар Қалиевтің, верификациялау жайында сөз қозғаған Үндістандағы «Samhita» үкіметтік емес ұйымының құқықтық менеджері Сиддхарт В.Раоның ой-пайымдары жиналғандардың қызығушылығын туғызды. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.