Қазақстан • 05 Шілде, 2017

Мереке қарсаңында партия қатарына қабылданды

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Астана күніне орай азаматтарды партия қатарына қабылдады. Салтанатты шарада 18 та­лантты жас қазақстандық «Нұр Отан» мүшесі атан­ды. Олардың әрқайсысы өз ісінің шебері. Жастарды Пре­зи­дент партиясының қатарына өтулерімен құттықтаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед мұндай айтулы сәттің Астана күнімен тұспа-тұс келуі тегін емес екеніне назар аударды.

Мереке қарсаңында партия қатарына қабылданды

«Бүгін Елбасымыз Астана төрінде бәріміз үшін қасиетті құндылық саналатын Көк туымызды көтеріп, үлкен мерекенің басталғанын паш етті. Биылғы Астана күні бұ­рын­ғылар­дан ерекше. Ол, әрине,  бүкіл әлем­нің назарын аударған ЭКСПО халық­аралық көрмесімен тікелей байланысты. Қалыптасқан дәстүрге сай осынау керемет мереке қарсаңында біз партия­мыздың қатарына елге, Елбасына қызмет етуді қалайтын жастарымызды қабылдаймыз. Өмірлеріңіздегі айтулы сәттің Астана күнімен тұспа-тұс келуі − ерекше мақтанарлық жайт. Өйт­кені, Астана – бүкіл қазақ­стан­дықтың мақтанышы, әлем көз тіккен еліміздің жақұт-жауһары. Бүгінде Астанамыз ешқандай әсіре­леусіз әлемдегі ең әсем әрі ең ірі қалалардың біріне айналды. Бұл – Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі. Сондықтан, осынау күн­мен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Партиялық билеттерін алғандар сапында «Үздік мемлекеттік қыз­метші» республикалық байқауы­ның жеңімпаздары ақтөбелік Нұр­гүл Бертілеуова мен астаналық Назгүл Бажаева, «Нұр Сұңқар» жүлде­сінің иегері, журналист Анар Каринтаева, Қазақстан Рес­пуб­­ли­ка­сының еңбек сіңірген қайрат­кері, эстрада әншісі Алтынай Жора­баева, жас кәсіпкер Айжани Нұр­ланова, дәрігер-нейрохирург Ерлан Аяғанов, докторант Жангелді Ша­йым­бетов, асыл тұқым­ды жыл­қы малын өсірумен айна­лы­сатын жас шаруа Төлеби Жақы­баев, құрылысшы-инженер Конс­тан­тин Оразаев, «Қазфосфат» ЖШС пеш бөлімінің бастығы Ер­лан Мыңжасаров, ғалым, мал дәрі­гері Мұрат Кәкішев, металлург Таң­жарық Төлеу, пауэрлифтингтен Қазақ­стан чемпионы, Қазақстан паралимпиадалық құрамасының мүшесі Кирилл Остапенко, ЭКСПО-2017 көрмесіндегі ерікті­лер бапкері Сабыржан Кеңшілік, дзюдо және самбодан Азия мен Қазақ­стан чемпионы Сұңғат Жұбат­қан, «Ұлттық еріктілер желісі­нің» төрайымы Вера Ким, экономи­ка ғылы­мдарының докторы, петро­павл­дық Евгений Кендюх және ден­сау­лық сақтау саласының үздігі, шымкент­тік Жанат Тоғайбеков болды.
Шара соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед барша қазақстан­дық­ты тағы да Астана күнімен құттықтап, партияның жаңа мүше­леріне Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын жүзеге асыруда табыс тіледі.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, 
«Егемен Қазақстан»