![Астанада арманыма жеттім – Айман Мұсақожаева](/article_photo/1499314988_article_b.jpeg)
– Айман Қожабекқызы, бүгінде өзіңіз басқарып отырған оқу ордасының ашылуына Елбасы тікелей қолдау көрсеткені белгілі. Тарих қайталауды қалайтындықтан соны тағы бір рет есіңізге түсіріп көріңізші, қалай болып еді?
– Менің өмірімнен ойып орын алған осы оқиға ойыма жиі оралады. Бәрі есімде. 1997 жылы Республика сарайында үлкен шабыт үстінде шығармашылық кешімді өткіздім. Соған арнайы қатысқан ардақты Президентіміз концерттен кейінгі дастарқан үстінде алда қандай жоспарларым бар екендігін сұрады. Алғашқыда аңтарылып қалдым да, артынша бойымды жылдам жинап алдым. Орайлы сәтті пайдаланып, көптен көкейімде жүрген ойымды жайып салдым. Гастрольдік сапармен шетелдерге барғанымда талантты жастарды тәрбиелейтін талай оқу орындарында болғанымды, соларға қызығатынымды алға тарта отырып, Алматыда өнер академиясын ашқым келетінін айттым. «Ашасың, − деді Нұрсұлтан Әбішұлы бірден қолдау білдіріп. – Бірақ, сен жоспарлағандай Алматыда емес, Ақмолада!». Сөйтіп, санамды сан саққа жүгірткен күрмеуі көп күрделі мәселе осылайша күтпеген жерде шешімін тапты. Егемендіктің елең-алаңынан елімізді өркениет өріне сүйреп келе жатқан Елбасымыз халқына қажет игі идеяларды іліп әкетер іскерлігін көрсетіп, ірі мінез танытқанына іштей қатты сүйсіндім.
Астана ауыстыру оңай ма? Жаңалық атаулыға жатырқай қарайтын қашанғы әдетімізбен әу баста кежегеміздің кейін тартқанын жасырып қайтеміз. Майда самалы маңдайынан сипаған мамыражай Алатау баурайын сақылдаған аязы сай-сүйегіңнен өтетін Сарыарқа төсіне айырбастауға ешқайсымыз құлықты емеспіз. Есіл жағасында жайнаған елорда орнайтынына онша сеніңкіремейтін секілдіміз. Әйтсе де, әртүрлі алып-қашпа әңгімелердің әсеріне берілмей, әрі-сәрі күйден ада-күде арылып, тәуекелге бел будым. Оның үстіне Отанымыз тарихындағы орасан іргелі іске араласқым келді. Қараша айында қалың көштің алды Арқаға аттанды.
– Солардың соңын ала Сіз де жаңа елордамыз жаққа ат басын бұрдыңыз ғой...
– Иә, қарлатып-борандатып, қыстың көзі қырауда Ақмолаға жеттім. Қала әкімі Әділбек Жақсыбековтің қабылдауында болып, мәселенің мән-жайын түсіндірдім. Ол кісі менің қадамымды құптап, бас шаһарда мәйекті мәдени-рухани орта қалыптастыруға аянбай атсалысатыныма сенім артты. Әкімнің идеология жөніндегі орынбасары Төлеген Мұхамеджанов та қуана қарсы алып, бұйымтайымды бұлжытпай орындайтынын жеткізді. Ескі таныстар емеспіз бе, тез тіл табыстық. Аз-кем пікір алмасудан кейін алдағы атқарылар ауқымды шаруаларды айқындап алдық. Содан көп кешікпей қала әкімінің Ақмола музыка училищесінің негізінде академия ашу туралы шешімі шықты. Іле-шала Үкімет қаулы қабылдап, республикалық бюджеттен қажетті мөлшерде қаржы бөлді.
Академияның ашылу салтанатына қатысқан Елбасы қазіргі күнге дейін бізге қамқорлық көрсетіп келеді. Осы орайда, Мемлекет басшысының қазақ өнерінің қарыштап дамуына өлшеусіз үлес қосқанын атап өткеніміз абзал. Анау «Астана Опера» театрының ғажайып ғимараты ішкі-сыртқы көркемдігімен көздің жауын алады. «Қазақстан» орталық концерт залының сахнасына шықпаған әйгілі әртістер кемде-кем. Былтыр ғана шаңырақ көтерген Хореография академиясының қабырғасынан талай балет жұлдыздары түлеп ұшары талассыз.
– Қайсыбір жылы орган залын салуға және аталған аспапты сатып алуға қажет қаржы сұрап Парламент депутаттарының алдына барғаныңызды білеміз.
– Кезінде журналистер жеңіл юмормен жазған бұл жайында... Академиямыздың атына лайық кең концерт залы керек болды. Болса да зәулім сарай салдырған соң оның ішіне неге орган орнатпасқа деген ой келді өзінен өзі. Мәскеудің Чайковский атындағы консерваториясында оқып жүргенімде көргем. Біз де сондай мүмкіндікке ие болып жатсақ, жаман емес қой. Ендеше, не тұрыс? Үмітімді үкілеп Үкімет үйінің табалдырығынан аттадым. Ондағылар мақсатымды мақұлдағандарымен, қаражат жағын қарастыру Парламент құзырына кіретінін, депутаттар демеп жіберсе ғана дегенім болатынын айтып, сыпайы шығарып салды.
Көздеген көмбенің кілті қайда екенін біліп алған соң қарап отырамын ба, қатталған-шотталған қағаздарымды көтеріп, Парламентке тарттым. Сондағы сұрайтыным – 300 миллион теңге. Ол кезде бұл әжептәуір ақша. Экономикалық-әлеуметтік саланы көтеруге күш салып жатқанда менің мына келісім кейбіреулерге күлкілілеу көрінгенін қайтерсің. Бір депутат тіпті, «Осы уақытқа дейін органсыз-ақ өмір сүрдім, ендігі қалған ғұмырымда да сол шіркіннің қажеті бола қоймас» деп залдағылардың ішек-сілесін қатырғаны бар. Мен оны, әрине, түсіндім. Жомарттың қолын жоқ байлағандай жетімсіздік жетегіндегі кезіміз еді ғой. Дегенмен, депутаттарымыз біраз бұлталақтағанмен түсіністік білдіріп, беттерін бері бұрды.
– Ұстаздар ұжымын қалыптастыруда қандай принциптерді ұстандыңыз?
– Бұл мәселеде біраз қиындықтар туындағанын мойындауға тиіспіз. Өйткені, бұл арада жоғары дәрежелі мамандар жоқтың қасы-тұғын. Сондықтан, сырттан «сырттандарды» шақыруға тура келді. Достық қарым-қатынасымды бетке ұстап, біраз әріптестеріме қолқа салдым. Өтінішімді жерге тастамаған сыйлас азаматтарға әрдайым ризамын. Алматыдан аттай қалап алдырған Нұрлан Измайлов, Алтай Құсайынов, Светлана Әлиакпарқызы, Дина Мәмбетова, Сәуле Омарова, Қанат Омарбаев және басқалар алғашында жатақханада тұрды. Жайлы пәтерлерін тастап келгендердің жағдайы мұнда жетісе қоймағаны анық. Алайда, олар өнердің кемесі өрге жүзуі үшін барлық қиындықтарға шыдап бақты. Академия университетке айналуына байланысты керегеміз кеңейіп, профессорлар мен оқытушылар қатары толыға түсті.
– Айтпақшы, сіздердің университеттеріңіз Құрманғазы атындағы консерваториядан немесе Темірбек Жүргеновтің есімін иеленген өнер академиясынан несімен ерекшеленеді?
– Біздің университетте жоғарыда аты аталған екі оқу орнында тіркелген мамандықтардың бәріне баулимыз. Әртістерді де, музыканттарды да, опера әншілерін де, драма актерлерін де, киногерлерді де, мүсіншілерді де даярлаймыз. Астын сызып тұрып, атап көрсетерлік жайт, университетімізде білім берудің үш буынды біртұтас кешенді жүйесі қалыптасқан. Қарапайым тілмен қайырсақ, аталмыш оқу ордасының табалдырығын аттаған қаршадай өнерпаз жоғары дәрежелі дипломын алып бір-ақ шығады. Мақсатымыз – кәсіби шеберліктері әлемдік талаптарға сай мамандар әзірлеу.
– Жағымды жаңалықтарды жерде жатқызбайтын ақпарат құралдары арқылы халықаралық байқауларда жүлдегер атанып жүрген өнерпаз өрендеріңіз туралы жиі естиміз.
– Оныңыз рас. Дүниежүзілік додаларда топ жарған лауреаттарымыздың саны 500-ден асты. Қазақ өнерінің ертеңін жарқын қылатын қабілетті жастардың көптігіне шүкіршілік етеміз. Тай күнінен танылған жүйріктердей Айша Досымова, Оразбек Дүйсен, Владимир Де тәрізді талантты ұл-қыздарымыз көрермендердің көзайымына айналып үлгерді. Ал опера аспанында жарқыраған Сүндет Байғожин, Салтанат Ахметова, Айгүл Ниязова сынды жұлдыздарымызды атасақ атақ-даңқымыздың алыстарға жетіп, мәртебеміздің асқақтары сөзсіз.
– «Сегіз ұлым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе» дегендей дауысы көкте дамылдаған Димаш Құдайбергеннің жөні бөлек, әрине...
– Дүлдүл Димаш алғаш рет «Жас қанат» бәйгесінде көзімізге түсті. Дара дарын иесін өзімізге оқуға шақырдық. Әке-шешесі Қанат және Света Айтбаевтар келісімін берді. Содан эстрада кафедрасындағы Майра Дәулетбақованың класына қабылданды. Бірінші курста Белоруссияда өткен «Славян базары» халықаралық байқауында Гран-приге ие болып, абыройға бөленді. Биылғы Қытайды әнмен «қырған» жеңісін өздеріңіз теледидардан көрдіңіздер. Үлкен құрметке бөленді. Президент қабылдап, ақ батасын берді.
Димаш – дарқан дарын иесі. Ата-әжесінің тәрбиесін алған көргенді жеткіншек. Өзін өте қарапайым ұстайды. Үнемі ізденіс үстінде. Шеберлігін шыңдаудан жалықпайды. Өрелі өнерпазға тән осы қасиетінен ажырамаса оның алар асулары әлі алда. Келешекте оқуын шетелдердің бірінде жалғастыруы мүмкін.
– Сіз тек ректор ғана емес, сахнадан қол үзбеген саңлақ скрипкашысыз. Қалай, қыруар қиындыққа толы қызметіңіз жеке шығармашылығыңызға кедергі келтірмей ме?
– Өзіңіз айтпақшы, ректорлықтың шаш етектен шаруасына қарамастан, жеке шығармашылығымды назардан тыс қалдырмауға тырысамын. Құстың қос қанатындай қызметімді де, әртістігімді де қатар алып келе жатырмын. Жақында ғана өз шәкірттеріммен бірге ЭКСПО қонақтары алдында өнер көрсеттім. Ректорлық – міндетім, скрипка – жан серігім.
– Елбасы қолынан Еңбек Ерінің алтын жұлдызын алғанда қандай көңіл-күйде болғаныңыз есіңізде ме?
– О, ондай сәулелі сәтті ұмытуға бола ма? Ең алдымен, мұны мен қазақ өнеріне көрсетілген құрмет белгісі ретінде қабылдадым. Еңбегімізді елеп-ескерген Елбасына рахметімді айттым. Ең бастысы, иығыма артылған жауапкершілік жүгін сезіндім.
– Бүгін туған күні тойланып жатқан Астана жөнінде не айтасыз?
– Астанада мен өзімнің арманыма жеттім. Жиырма жылдай уақытта елордамыз еңсесін тіктеп, шартарапқа нұрлы шуағын шашқан шамшырақ шаһарға айналды.
Әңгімелескен
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»