Аймақтар • 08 Шілде, 2017

Шығыс Қазақстанда муниципалды жағажай ашылды

149 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана күні мерекесіне орай Ұлан ауданындағы үшінші Сібе көлінде «Sibiny» family resort» деп аталатын муниципалды жағажай ашылды. Мұнда демалушыларға барлық жағдай жасалған.

Шығыс Қазақстанда муниципалды жағажай ашылды

Балалар алаңы, ересектерге арналған спорттық алаң, волейбол алаңы, дәмхана, автотұрақ, киініп-шешінетін орындар дейсіз бе, барлығы да қарастырылған. Жағалау қалың қамыстан тазартылып, құм төгіліп, келушілер үшін бірнеше киіз үй тігіліпті.

«Аз уақыттың ішінде бұл жерде ауқымды жұмыс жүргізілгені байқалады. Аудан әкімінің аз еңбектенбегені көрініп тұр. Он күннің ішінде мұнда облыс тұрғындары күткендей жұмыс жасалған. Жол жөнделген. Баршаларыңызды Астана күні мерекесімен құттықтаймын. Демалыс орталығының ашылуы Елорда күніне жасалған тамаша тарту болды ғой деп ойлаймын. Енді облыстың ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінің тұрғындары осы жерге келіп, тынығады деп сенеміз», - деді көлдің жағалауындағы абаттандыру жұмыстарымен танысқан облыс әкімі Даниал Ахметов.

Негізінде көл жағасын абаттандыру жұмыстары 2016 жылы басталып, биыл суға түсу маусымы басталғанға дейін аяқталуға тиіс болатын. Осыдан екі апта бұрын аймақ басшысы жағалаудың жағдайымен танысуға келіп, мұндағы жасалған жұмыстарға көңілі толмай: «Палаткаға қонсаң да жағажайды ретке келтір» деп Ұлан ауданының әкімі Дәулет Батырбаевқа 10 күн уақыт берген-ді.

Бір жарым жылдың ішінде жасалмаған жұмыстың он күнде жүзеге асқанына көңілі толатынын жеткізген облыс әкімі өңірдегі демалыс орындарын абаттандыру жұмыстары одан әрі жалғасатынын, жақын арада Алакөл жағалауы салтанатты түрде ашылатынын айтты.

Ерекше атап өтерлігі, бұл - Сібе көлдеріндегі заман талабына сай жарақталып, абаттандырылған алғашқы жағажай. Алтыншы шілде, яғни дәл Астана күні мерекесінде үшінші Сібе көліне Өскеменнен қатынайтын автобус бағыты іске қосылған болатын.

Азамат Қасым,

 «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы