Аймақтар • 10 Шілде, 2017

Баланың бабын тапқан ауыл

261 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан біраз уақыт бұрын Қара­ғанды облысының Бұқар жырау ауданы­н­дағы Волковское ауылында Матвеюк­тер отбасы өз қаражаттарына балалар алаңын салып берген бола­тын. Бүгінде қажетті құралдармен жаңартылған алаң балалардың жазғы демалыс­тарын өткізетін үлкен кешенге айналып отыр.

Баланың бабын тапқан ауыл

Алаңда әткеншек, сырғанақ, құммен ойнау аймағы мен спорттық снарядтар бар. Бұл – шаруа қожалығының басшысы Александр Матвеюктің сыйы. Құрылыс жұмыстарына оған туыстары мен ауылдастары көмектескен.

«Бұған дейін балалардың ойнайтын жері болмаған. Әрине, барлығы қатты қуанды. Матвеюктер отбасының бар­лық мүшесі қатысты, тіпті аталарының өзі. Александрдың зайыбы Надежда Матвеюк та кәсіпкер. Оның дүкені бар. Ауылдастары қолдан келгенше көмек көрсетті, олар әткеншектер мен спорт жабдықтарын орнатып, оларды бояды. Бұл күн Волковское ауылы үшін үлкен мереке болды», дейді Қаражал ауылдық округінің әкімі Сымбат Кенжекеев.

Волковское ауылында 188 адам тұрады, олардың 50-ден астамы балалар.

«Біздің ауылдық округке мұндай сыйлықтар алғаш рет жасалып отырған жоқ. Өткен жылы Қаражал ауылында екі балалар алаңы ашылды. Оларды да кәсіпкерлер Бақытжан Жұмабекова мен Саламатин және Кеплинг отба­сылары сыйлады. Біз осындай ауыл­дастарымыздың барына қуанамыз және оларға алғыс білдіреміз. Біз оларға Алғыс хат табыстадық. Мұндай істер осымен тоқтамай, әрі қарай жалғасын табады деген үміттеміз», дейді ауыл әкімі.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,
Бұқар жырау ауданы