ЭКСПО-2017 • 10 Шілде, 2017

Көрмеде Қытайдың ұлттық күні аталып өтті

141 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қытай ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу арқылы Қазақстанмен достық қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуге, екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті жаңа биікке көтеруге мүдделі екенін білдірді. Бұл туралы Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінде Қытай Халық Республикасының ұлттық күніне арналған салтанатты шара барысында ҚХР Бүкілқытайлық xалық өкілдері жиналысының тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Шэнь Юэюэ ханым мәлім етті.

Көрмеде Қытайдың ұлттық күні аталып өтті

Халықаралық көрмедегі Қытай ұлттық күніне арналған мере­келік шараға Парламент Мәжі­лісінің Төрағасы Нұрлан Нығ­матулин бастаған бір топ де­путат қатысты. Мәжіліс төр­ағасы аспанасты елінің көрме тақырыбын ашуға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.   
«Қытай елінің «Болашақтың энергиясы: жасыл Жібек жолы» экспозициясы – осы көрмедегі ең ірі және ең үлкен жұмыстардың бірі. Қытай Халық Республикасы жаңартылатын энергия саласында әлем бойынша алдыңғы қатар­­да екенін жақсы білеміз. Сон­дық­тан, елдеріңіздің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы жаңа тех­но­логиялардың дамуына әрі елдеріміз арасындағы байла­ныс­ты одан әрі тереңдетуге жол аша­тыны сөзсіз», деді ол.
Мәжіліс Төрағасы екі ел арасын­дағы дипломатиялық байла­ныстарға 25 жыл толып отыр­ғанын еске салып, мемле­кет­­тердің достық қарым-қаты­настарын тереңдетуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпинь мырзаның еңбегі зор екенін жеткізді. 
Бұдан кейін сөз алған ҚХР Бүкіл­қытайлық xалық өкілдері жиналысының тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Шэнь Юэюэ ханым ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесін жоғары баға­лап, қолдау көрсетіп отырған Қазақстан Үкіметіне алғысын білдірді.
«Әлемдік ЭКСПО халық­ара­лық қатынастар үшін қажетті тасымалдаушы болып келе­ді. «Болашақ энергиясы» тақы­ры­бындағы «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі әлемдік экономикалық бағытқа сәйкес, жасыл, таза және тұрақты дамуды көздейді. Көрмеге әлемнің 115 елі және 22 халықаралық ұйым қатысуда. Энергетика сала­сын­дағы идеялар мен жетістік­терді көрсететін бұл шара страте­гия­лық энергетикалық ынтымақ­тас­тықты іздеп, тұрақты дамудың маңызды алаңына айналады», – деді Шэнь Юэюэ ханым.
Сондай-ақ, ол Қытай билігінің аталған көрмеге үлкен мән беріп отырғанын жеткізді. 
«ҚХР үкіметі Қытайдың «Астана ЭКСПО-2017» көр­ме­сіне қатысуына үлкен мән беріп, ұлттық павильонды әзір­леуге үлкен күш жұмсады. Қытай павильоны «Болашақтың энер­гиясы: жасыл Жібек жолы» тақырыбы аясында «Өткен, қазіргі және болашақ» хро­но­логиясымен дәстүрлі энергия­ны трансформациялауды, эко­ло­гиялық қауіпсіз дамуға қол жеткізуді, жасыл және орнықты дамуды ынталандыруда Қытай­дың жетістіктерін және дағды­ларын көрсетуді көздейді, – деді Бүкілқытайлық xалық өкілдері жиналысының тұрақ­ты комитеті төрағасының орынбасары. – Ежелгі Жібек жолындағы екі ма­ңызды мемлекет ретінде Қытай мен Қазақстанның мәдени байланыстары тығыз. 25 жыл бұрын дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері Қытай мен Қазақстан арасындағы байланыс интеграциялық және жедел даму жолына түсіп, ор­тақ қызығушылық пен ортақ тағдырға бөлінген. Өткен айда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинь Астанаға келіп, «Жібек жолы» экономикалық белдеуін салуды ұсынды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылу салтанатына қатысып, осы шараға қолдауын білдірді». 
Қорыта келе Шэнь Юэюэ ханым көрме арқылы Қытай мен Қазақстанның достық қарым-қатынастары тереңдей түсетініне сенім білдірді. 
«Астана ЭКСПО-2017» көр­месіне қатысу арқылы біз Қытай мен Қазақстанның дос­тық қарым-қатынастары одан әрі тереңдей түсіп, екі ел ара­сын­дағы жан-жақты страте­гия­лық әріптестік жаңа биік­ке көтеріледі деп үміттенеміз. Сондай-ақ, Қытай әлем елдері­мен ынтымақтастықты кеңейтуге, «Бір белдеу – бір жол» страте­гия­сын дамытуға дайын», – деді ол.
Бұдан кейін «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің Энер­­­гия холында ауқымды мәде­­ни бағдарлама өткізілді. Қонақ­­тардың назарына қазақ және қытай мәдениеттері­нің эле­менттері қамтылған қойы­лымдар ұсынылды.
Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасының ұлттық күні шеңберінде «Бейжің сара­йы» қонақүйінде Қытай мен Қазақстан әріптестігінің форумы болып өтті. «Жібек жолы» және «Энергетиканың болашағы» тақырыбында өт­кен шараға ҚХР Энергетика ми­нистрінің орынбасары, Қазақстан Энер­гетика министрлігінің өкілдері, «Сарыарқа» қорының басшысы, CCPIT төрағасы және екі тарап­­тан 300-ге жуық түр­лі сала өкілі қатысты. Форум­да Қазақстанның жаңа инвес­ти­ция­лық саясаты мен Қытай кәсіп­орындарының мүмкін­діктері қызу талқыланды.

Айдар Өрісбаев,
«Егемен Қазақстан»