ЭКСПО-2017 • 10 Шілде, 2017

Көпшіліктің көңілінен шыққан кеш

168 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылып, елорда жұртшылығы күн сайын әлемдік деңгейдегі әртістер концерттерінің, театрландырылған шоулардың, басқа да қызықты шаралардың куәсі болуда десек артық айтпаймыз. Көпшілікке сондай көңілді кештердің бірін елімізге белгілі «МузАрт» тобы сыйлады.

Көпшіліктің көңілінен шыққан кеш

Музарттықтар ең алдымен елордадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында болып, онкологиялық аурулармен ауыратын балалармен кездесті. Олармен бірге естелікке суретке түсіп, бірге ән шырқады. 
Ал содан кейін елордадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында екі бірдей қайырым­ды­лық концертін өткізді. Концерт жанды дауыс­та «МузАрт» ансамблінің сүйемелдеуімен өтті. Со­нымен қатар, кешке «МузАрт LIVE» мегажоба­сының жеңімпаздары, топ мүшелерінің ізбасар­лары қатысты. Концертте «МузАрт» ел арасына кең таралып, халықтың сүйікті әндерінің қатарына қосыл­ған хит шығармаларына қоса, бірнеше жаңа әннің де тұсауын кесті. Мысалы, Бағлан Омаров­тың «Туған жер», Ұшқын Жамалбектің «Ерке қыз», Арман Бексұлтанның «Аңсау», сондай-ақ, «Дариға-ай» әндері осы жолы тұңғыш рет шырқалды.
Біз концерт арасындағы үзілістердің бі­рін­де топтың әншісі Сәкен Майғазиевпен тілдес­кені­мізде ол өздерінің  қайырымдылық концерт­терін  жиі өткізетіндерін жеткізді. «Астанадағы кон­церттерімізді ЭКСПО аясында өткізіп жатырмыз. Ана мен бала орталығында болдық. «Баламның табанына кірген тікен маңдайыма қадалсын» дейтін қазақ емеспіз бе? Алла балалардың ата-аналарына күш-қуат, сабыр берсін дегім келеді. Біз балаларға қуаныш сыйлауға бардық. Онсыз да тағдыр тауқыметін көріп жүрген олардың көңілдерін көтеріп, ертеңдеріне үміт сыйлағымыз келді. Ал енді мына концерттерге келетін болсақ, ұйымдастыру жағына қалалық әкімдік көп көмегін тигізді. Біз бір ай көлемінде дайындалып, көрермен алдына шығып отырмыз», деді Сәкен Майғазиев. 


Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар