Аймақтар • 10 Шілде, 2017

Куәлік үш сағатта дайын болады

179 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Әділет министрлігі бірлесіп, жаңа қанатқақты жобаны іске қосты. Бұл жүйе бойынша, азаматтар баланың туу туралы куәлігін үш сағаттың ішінде ала алады.

Куәлік үш сағатта дайын болады

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырып, азаматтық хал актілерін тіркеуді оңтайландыру мақсатында енгізіліп отырған жоба «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады. Алғашқы болып Астана қаласы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Есіл аудандық №1 бөлімшесі осы жобамен жұмысын бастады. 
Қанатқақты жоба шеңберінде туу туралы куәлік пен қайтыс болғаны жөніндегі анықтама үш сағаттың ішінде беріледі. Бұрын осы құжатты алу үшін екі күн күтуге тура келетін.
Биылғы 5 шілдедегі жағдай бойынша жоба аясында 223 туу туралы куәлік пен 14 тұлғаға қайтыс болғаны туралы құжат берілген. 
Егер қолға алынған жоба сәтімен жүзеге асырылса, онда 15 тамыздан бастап, Астананың барлық бөлімшесінде қолданысқа енетін болады. 
Мемлекеттік қызмет көрсету деңгейін көтеріп, азаматтардың уақытын үнемдеуді мақсат еткен ведомство өкілдері жергілікті атқарушы органдарына қарасты азаматтық хал-ахуал актілерін тіркеу мекемелерінде бірыңғай қызмет құрылымы жоқтығы қызмет көрсету сапасына да кері әсер етіп отырғанын алға тартып, бұл жоба сол кемшіліктің орнын толтыратынын айтады.
Енді министрліктер халыққа қызмет көрсетудің бірыңғай орталығы қағидатымен екінші қанатқақты жобаны іске қоспақшы. Бұл жобаға Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімшелерінің бәрі тартылады. Бұған жергілікті атқарушы органдар да мүдделілік танытып отыр. Сондықтан биылғы шілде айының екінші онкүндігінде еліміздегі барлық ХҚО жаңа жоба бойынша құжаттарды қабылдай бастамақ.


Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»