Аймақтар • 10 Шілде, 2017

Жетісудың төрінен Арқаның төсіне

242 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана күні қарсаңында ақындар сәлем жолдады

Жетісудың төрінен Арқаның төсіне

Еліміздің басты ордасы – Астана күні әр өңірде, әр аймақта өзінше аталып өтіп жатыр. Әркім өзінше қуанады, өзінше үлес қосады. Жетісу өңірінің бірқатар жас ақындары Арқа төсіндегі алып шаһарға жырмен сәлем жолдады, құттықтау айтты.

Мүшәйра түрінде өткен әдеби-сазды кештің тақырыбы – «Астана – Бейбітшілік бесігі». Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығының ұйымдастыруымен өткен кештің мақсаты айқын – Астана күні мейрамына үн қосу. Астана қаласының ел тарихындағы алатын орны, бүгінгі келбеті мен жеткен жетістігін өлеңмен өру, жырмен кестелемек мақсатта өлеңін баптап бәйгеге қосқан он бес ақын кезек-кезегімен өлең оқыды. Жетісу өлкесіндегі жас таланттардың шығармашылығына қолдау көрсетуді көздеген ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақ тілін жетік меңгерген этнос өкілдерінің қоғамдағы, шығармашылықтағы белсенділігін арттырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жастардың бойында еліміздің, Астананың тарихын сезінуге деген құштарлығын ояту, көркем әдебиетке деген қызығушылық пен құрметті қалыптастырмақ басты міндет.

Отыз үміткердің ішінен тең жартысы іріктелген ақындар үш номинация бойынша сынға түсті: «Астана», «Астана-ЭКСПО», «Ұлы дала перзентімін». Үміткерлер қазылар алқасының жабық шешімі бойынша анықталды. Жангелді Немеребаев, Мұхтар Күмісбек, Мағрипа Сандуғаш аталған тақырыптар бойынша топ жарса, Гүлбақыт Қасен, Қажет Андас, Сымбат Сағындық, Баян Дүйсенқожа бастаған өзге қатысушылар қосымша номинациялар бойынша жеңімпаз атанды.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, «Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Нүсіпбай Әбдірахым сөз сөйлеп, жеңімпаздарға диплом және арнайы сыйлықтар табыс етті.

Жиын соңы концерттік бағдарлама мен мүшайраға қатысушылар мен өзге де қаламгерлерге арналған рухани басқосуға ұласты.

Алмас Нүсіп,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы