Қазақстан • 10 Шілде, 2017

«Шанхай апталығы» көрмесі ашылды

258 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада «Radisson Blu Astana» қонақүйінде Шанхайды таныстыратын ірі Қытай компаниясының көрмесі ашылды.

«Шанхай апталығы» көрмесі ашылды

«Шанхай апталығы» деп аталатын шара Шанхай халықаралық саудаға жәрдемдесу жөніндегі комитеттің бастамасымен ұйымдастырылған. Үш күнге жалғасатын мұндай жиын Қазақстанда алғаш рет өтуде. Салтанатты рәсімге Қазақстан-Қытай тараптарының құзырлы өкілдері қатысты.

Көрменің басты мақсаты – Шанхай мен Қазақстан арасындағы іскерлік қатынасты нығайту және кеңейту, қазақстандық компаниялар мен елорда тұрғындарының назарына жаңа құрылғылар мен өнеркәсіп саласындағы керек-жарақтарды таныстыру. Қытай компанияларының Қазақстан нарығына деген қызығушылығы Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық шарасымен де, елдің энергетика, баламалы энергетика, машина жасау, құрылыс, химия өнеркәсібі сияқты экономика салаларын дамытумен де байланысты.

Бұл көрме қазақстандық компаниялардың Қытайда жасалған ең соңғы технологиялармен танысуына және Аспан асты елінен іскерлік серіктестерін табуына мүмкіндік береді. Оған Шанхайдың мынадай корпорациялары қатысуда: «Shanghai Electric Group CO», «Ltd», «Shenergy Group Co Ltd», «Shanghai GCL New Energy Investment Co», «CEFC China Energy Company Limited», «SAIC MOTOR CORPORATION LIMITED PASSENGER VEHICLE CO», «Bright Food (Group) Co», «Shangtex Holding Co», «Shanghai Building Materials (Group) Co», «SHANGHAI HUAYI (GROUP) COMPANY».