Қазақстан • 10 Шілде, 2017

Палестина Астанадағы ИЫҰ саммитіне қатысатынын растады

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

7-8 шілде күндері Қазақстан Республикасы Президентінің Ислам ынтымақтастық ұйымы жөніндегі Арнайы өкілі, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов Таяу Шығыс аймағына жасаған турнесі шеңберінде Рамалла қаласына сапар шекті. Оның барысында Палестина басшылығымен екіжақты келіссөздер және Қазақстан-Палестина арасындағы саяси консультациялар өтті, деп хабарлайдыСІМ-нің баспасөз қызметі.

Палестина Астанадағы ИЫҰ саммитіне қатысатынын растады

Қазақстан дипломаты Палестина Премьер-министрі Рами Хамдалламен кездесуінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Палестина Президенті Махмуд Аббасқа арналған 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астана қаласында өтетін Ислам ынтымақтастық ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі алғашқы саммитіне қатысу жөніндегі шақыру хатын табыстады. Палестина Премьер-министрі өз кезегінде М. Аббастың атынан ҚР Президенті Н. Назарбаевтың бұл шақыру хатына алғыс білдірді.

Палестина тарапы Астанада өтетін ИЫҰ саммитіне ең жоғары деңгейде қатысатындығын қуаттады. А. Камалдинов өз кезегінде аталған саммит ИЫҰ мүше-елдер арасында ғылым және иновация саласындағы байланыстардың нығаюына, сондай-ақ ислам әлеміндегі экономикалық даму саласындағы жобалардың жүзеге асуына және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында ғылым мен технология рөлінің күшеюіне жаңа серпін беретінін жеткізді.

Сұхбат барысында Р.Хамдалла ҚР Мемлекет басшысының бітімгерлік саясатын жоғары бағалады және Президент Н.Назарбаевтың ғаламдық және аймақтық шиеленістерді, оның ішінде Сирия дағдарысын, Палестина мәселесін және т.б. проблемаларды шешуге бағытталған үлесін айрықша атап өтті. Палестина тарапы еліміздің Палестинаға түрлі халықаралық сахналарда қолдау көрсеткеніне алғысын білдіріп, халықаралық және аймақтық ұйымдар аясында ынтымақтастық одан әрі жемісті жалғасатынына  үміт артты.

Сол күні ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары екіжақты қарым-қатынастар тарихында алғаш рет Палестина Сыртқы істер министрінің орынбасары Мазен Шамиямен саяси консультациялар өткізді. Іс-шара барысында саяси, экономикалық, инвестициялық және әлеуметтік-мәдени салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ халықаралық және аймақтық ұйымдар, олардың ішінде ИЫҰ, Еуразия экономикалық одағы және т.б. ұйымдардың аясында екі ел арасындағы өзара ықпалдастықтың келешегін талқылады. Саяси консультациялар шеңберінде тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде ішінде Палестина-Израиль ахуалын бейбіт реттеу  процесі, Сирия және Ирактағы жағдай және өзге тақырыптар бойынша пікір алмасты.