Аймақтар • 10 Шілде, 2017

Солтүстік Қазақстан экономикасына қытайлық қаржыгерлер тартылады

154 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанадағы Қазақстан-Қытай форумы аясында Солтүстік Қазақстан облысы мен «Ишэбэй» ғылыми-техникалық корпорация  арасында  ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Солтүстік Қазақстан экономикасына қытайлық қаржыгерлер тартылады

 «Өңір экономикасын тұрлаулы дамыту мақсатымен аспан асты елінен 40-қа жуық ірі кәсіпорындарды тартуды көздеп отырмыз. Осылайша бұған дейінгі әріптестік  байланысты одан әрі тереңдете түсетін боламыз», дейді облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек.

Инвесторлар қатарында  өңдеу, ауыр машина жасау салаларының өкілдері де бар. Қосымша қаржы құю арқылы екі тарап арасында тауар айналымы ұлғаюмен қатар жаңа жұмыс орындары да ашылатын болады.

«Луань» компаниясының атқарушы директоры Лю Цзюнь Қызылжар өңірі өкілдерімен сындарлы әңгіме қозғалғанын, өз технологияларымен, жабдықтарымен келуге ниетті екендіктерін жеткізді. Бұл екі жаққа да тиімді болмақ. Оның айтуынша, «ЭКСПО-2017» халықақаралық мамандырылған көрме ұсынып отырған өміршең жаңалықтар мен озық технологиялардың  мүмкіндіктерін  тиімді пайдаланудың маңызы зор.

«Ишэбэй»  ғылыми-техникалық корпорациясы өздерінің өндірістік қуаттылығын бейнероликтер  арқылы дәйектеп, айналысатын салалар бойынша түсініктер берді.

«Луань» тау-кен компаниясы –  Шаньси провинциясындағы бес ірі көмір корпорацияларының бірі. Жылдық қаржы айналымы 20 миллиард юаньды құрайды.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.