Бокс • 10 Шілде, 2017

Қазақстандық боксшылар Азия біріншілігінде жеті медаль иеленді

428 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таиланд астанасы Бангкок қаласында 1-7 шілде аралағында бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатты өтті. Азияның 23 елінен келген 120-ға жуық жас боксшылар өзара сынға түсіп, сарықұрлықтың мықтысын анықтады.

Қазақстандық боксшылар Азия біріншілігінде жеті медаль иеленді

Ғалым Кенжебеков баптайтын Қазақстан жастар Ұлттық құрамасы Азия біріншілігіне толық құрамда қатысты. 10 салмақ дәрежесінде бәсекеге түскен қазақстандық боксшылар чемпионат қорытындысы бойынша, жалпы саны жеті медаль иеленді. Ағайынды Саматәлі мен Санатәлі Төлтаевтер өз салмақтарында Азияның теңсіз боксшысы деп танылды. 60 килодағы Саматәлі финалда жергілікті тай боксшысы Сакда Руамтамды ұтса, Санатәлі (64 кг) өзбекстандық былғары қолғап шебері Билолбек Мирзараҳимовті жеңді. Сөйтіп, ағалы-інілі Төлтаевтер Азия чемпионатының алтын жүлдесін иеленді. Айта кетейік, қазақ боксшылары тарихында ағайынды боксшылардың бір чемпионатта тұңғыш рет топ жаруы.

Ал финалдық бәсекеде өзбекстандық қарсыластарынан ұтылған Данила Семенов (91 кг) пен Нұрдәулет Ұланұлы (+91 кг) Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Айбек Досанов (52 кг), Елдияр Қамшыбеков (81 кг), Бақтияр Смағұлов (56 кг) және Аят Маржықпаев (75 кг) қола жүлдегер атанды.

Тоғыз медаль иеленген өзбекстандық боксшылар жалпы есепте бірінші орын иеленді. Қазақстандық боксшылар жеті медальмен екінші орынды місе тұтты. Ала тақиялы ағайынның сегіз боксшысы финалға шығып, бесеуі чемпион атанды. Үш боксшысы финалда ұтылып, күміс жүлде иеленсе, бір боксшылары қола қол жеткізді. Айта кетейік, ересектер арасындағы Азия чемпионатында да өзбекстандық былғары қолғап шеберлі отандастарымыздың алдын орап кеткен болатын.

Еске сала  кетсек, жастар арасындағы Азия чемпионаты Бангкокта осымен екінші рет өткізіліп отыр. Таи елінде сарықұрлық біріншілігі ең алғаш 2014 жылы өткен болатын. Сол жылғы бәсекеге Азияның 16 елінен 96 боксшы қатысқан. Байқағандарыңыздай, биылғы бәсекеге қатысушы ел мен боксшы саны едәуір өскен. Сондай-ақ, биылғы чемпионаттың тағы бір ерекшелігі, Йемен мен Қатар елінің жас боксшылары Азия біріншілігіне тұңғыш рет қатысты.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»