Парламент • 10 Шілде, 2017

Мәжіліс депутаттары Батыс Қазақстан облысында

181 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов, Қанат Мусин және Павел Казанцев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Олар өңірде 10 күн болмақ. Мәжіліс депутаттарын облыс басшысы Алтай Көлгінов қабылдап, өңірдің өзекті мәселелері мен оларды шешу мәселелері төңірегінде ой бөлісті.

Мәжіліс депутаттары Батыс Қазақстан облысында

Батыс Қазақстан облысын төрт жыл басқарған Бақтықожа Ізмұхамбетовке бұл өңірдің мәселелері өте таныс. Депутат облыстың аудан-ауылдарындағы жағдайды жақсы түсініп отыр:

– Елбасы саясатымен жүргізіліп отырған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында барлық жерде оң өзгеріс байқалуда. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысында да бірнеше ірі жобалар жүзеге асты. Бұрын 12 ауданның тең жарымына қатқыл табанды жол жоқ еді, қазір жағдай әжептәуір жақсарған. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларының арқасында инфрақұрылымдар одан әрі дамып, тұрғынүй құрылысы қауырт жүруде. Біз өңірде жоспарланған жаңа жобалар туралы хабардармыз, оларды қолдауға әзірміз, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов депутаттарға ақ жол тілеп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мен коммуналдық мәселелерін жақсартуға әрдайым назар аударатыны үшін алғыс айтты.

– Парламент депутаттарының өңірімізге келіп, біздің нысандармен танысуы – жергілікті мәселелерді шешу үшін жасалған үлкен демеу. Елбасы тапсырмалары Ақ Жайық өңірінде жоспарлы түрде жүзеге асуда. «Нұрлы жол» бағдарламасы үшін қаражат бөлінді, әсіресе инфрақұрылымды дамытуға көп көңіл бөлінуде. Соның ішінде жол мәселесін басты орынға шығарып отырмыз. Президент тапсырмасына орай биыл облыста 500 шақырым жол жөнделеді, оның 200 шақырымы – республикалық маңызы бар күре жолдар. Бірқатар жобамыз келесі жылы тәмамдалады. «Нұрлы жер» бағдарламасы үшін 12 миллиард теңге бөлінді, қазір жалпы саны 1600 пәтерлік көп қабатты 11 үй салынуда. Бұған қоса 8 ауданда да тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Осының бәрі пәтер кезегінде тұрған жерлестеріміздің баспана жағдайын шешіп, өңірдің экономикасын да көтеріп жатыр. Өйткені, үй құрылы комбинаттары, кірпіш зауыттары, темірбетон шығаратын өнеркәсіп орындары, жиһаз шығаратын зауыттар, полиэтилен құбырлар зауыты тапсырыс алып, қомақты табыс тауып жатыр, – деді өңір басшысы Алтай Көлгінов аймақта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде.

Кездесу кезінде облыста спорт инфрақұрылымын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, тағы басқа тақырыптар да көтерілді.

– Біз Батыс Қазақстан өңірінде 10 күн боламыз. Тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен кездесеміз, кәсіпорындарды аралап, қоғамдық ұйымдар жұмысымен танысамыз. Заң шығарушы депутат бір өңірмен тұйықталып қалуына болмайды, ол Қазақстанның барлық қиырындағы ахуалмен жақсы таныс болуы тиіс. Облыс басшысымен жүрекжарды әңгімелестік, өңір үшін өзекті мәселелерге қанықтық. Мәжілістің келесі сессиясында көтерілетін тақырыптар тізбегі осылайша жасалады, – деп атап өтті депутат Павел Казанцев.

Осыдан кейін Мәжіліс депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Абай Тасболатов облыс басшысымен бірге Оралдағы теннис орталығы мен оқушылар және жастар сарайында болып, аталған нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Қазбек Құттымұратұлы,

"Егемен Қазақстан"

Суретті түсірген

Темірболат Тоқмәмбетов