Қазақстан • 11 Шілде, 2017

Жібек жолы альянсы ауыл шаруашылығындағы ғылыми әріптестікті дамытады

198 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада Жібек жолы ауыл шаруашылығы білім беру және ғылыми инновациялар альянсының басқосуы өтті. Былтыр қараша айында құрылған бұл альянс 13 елдің 69 жетекші ауыл шаруашылығы университеттері мен ғылыми орталықтарын біріктіреді.

Жібек жолы альянсы ауыл шаруашылығындағы ғылыми әріптестікті дамытады

Аталған ауқымды форум елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Жиынға ҚХР, ТМД, Еуропалық одақ және Таяу Шығыс елдерінің 50-ден астам университеттің ректорлары мен ғылыми орталықтардың жетекші ғалымдары қатысты. Форум меймандары 2018-2020 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ортақ технологиялық міндеттерді бірлесе шешудің жұмыс жоспары және аграрлық сектордағы қуат үнемдеу технологиясы мен баламалы қуат көздерінің келешегін талқылады.

Ауыл шаруашылығы минис­трі­нің бірінші орынбасары Қ.Айтуғанов С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық уни­вер­ситеті ұйымдастырған жиын­ның аграрлық ғылым мен білім саласындағы маңызы зор екен­дігін айтса, Парламент Мәжі­лісі Аграрлық мәселелер жөнін­дегі комитетінің төрағасы, Мәжі­ліс депутаты С.Омарханов басқо­судың халықаралық ЭКСПО көр­месіне сәйкес келгеніне тоқта­лып, университет базасында Сол­түстік және Орталық Қазақстан­ның интеллектуалдық, инфрақұ­рылымдық әлеуетін біріктіру нақты технологиялық жетістіктерге қол жеткізетіндігін атап өтті. Ал С.Сей­фуллин атындағы ҚазАТУ ректоры А.Күрішбаев аграрлық ғылымның даму бағыттары жөнінде баяндама жасады. Ректор аталған альянстың технология трансферті мен біліми және ғылыми тәжірибелер алмасудың таптырмас бірегей алаңы екенін, әріптестіктің өзге тетіктерін қоса есептегенде, альянс мүшелерінің бірлесе жұмыс істеуі Жер шарының үштен бір бөлігіне өзара ауыл шаруашылығы инновацияларымен алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қытайдың Солтүстік-Батыс Ауыл және орман шаруашылығы университетінің ректоры Суи Чи­шин қазақстандық жоғары оқу орындарымен әріптестіктің өзектілігі туралы айтты. «Ауа райы мен жер жағдайының ұқсас­тығы ауыл шаруашылығы ғылы­мының барлық саласында байла­ныста болуға жол ашады. Күш біріктіріп, бірлесе жұмыс істеу агроөндірістік секторда техно­логиялық трансфертке қол жеткі­зуге, аймақтың азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді», деді қытайлық жоғары оқу орнының ректоры.

Мәжіліс барысында альянс құрамына Қазақстан, Қытай, Ресей елдерінен тағы 10 жоғары оқу орнын қабылдау туралы меморандумға қол қойылды. Олардың арасында Гуанси ауыл шаруашылығы ғы­лымдары академиясы, Шыңжан экология және география инсти­туты (ҚХР), Тимирязев атын­дағы Ресей мемлекеттік аграрлық уни­верситеті, Приморье мемлекеттік ауыл шаруашылығы акаде­миясы, Оңтүстік Орал мемлекет­тік университеті (РФ), Ш.Уәли­ханов атындағы Көкшетау мем­лекеттік университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемле­кеттік университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақ­стан аграрлық-техникалық универ­ситеті, Қозыбаев атындағы Солтүс­тік Қазақстан мемлекеттік универ­ситеті және Кастоману универ­ситеті (Түркия) бар.

Басқосу барысында шетелдік делегация өкілдері Қазақстан-Қытай агроинженерлік орталығында болып, университеттің ет-сүт өнімдерін өндіретін цех жұмысына жоғары баға берді. ҚазАТУ ректоры қонақтарға университеттің аг­роөнеркәсіп кешені бойынша ба­тыстық үлгідегі ғылыми-зерттеу ор­талығына айналатындығын жет­кізді. Ректордың айтуынша, Ка­лифорниядағы Дэвис университетінің ұсынысы негізінде дайындалған ҚазАТУ даму бағдар­ламасы трансформациялауға қа­жетті барлық өзгерістерді қам­тиды. Сондай-ақ, қонақтар Қытай, Ресей, Беларусь, Германия елде­ріндегі әріптестердің қатысуымен құрылған ғылыми-зерттеу кампусы мен бірлескен орталықтардың және қытайлық серіктестердің қолдауымен жақында ашылатын ветеринарлық зертхананың жұмысымен танысты. Зертхана Қытайға экспортталатын ет өнім­дерінің сапасын бағалауға жағдай жасайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамы бойынша, Қытайға шығарылатын ет экспортының көлемі жыл сайын 30 мың тонна сиыр, 360 мың тонна қой етін құрамақ. Сонымен бір­ге, келесі жылы Астанада түрлі ауыл шаруашылығы өнімдерін өсі­ру үшін елімізде қандай агротех­нологияны қолдануға болатынын бірлесе зерттеуге мүмкіндік беретін органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін сертификаттауға арналған зертхана ашу жоспарланып отыр. Екі жобаға да Қытай тарапы қаржы бөледі.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»